Ой-сананы биіктеткен бағдарлама

c78061a77854173a08be4e5518c6d228 Қоғам

Күллі қоғамды биік нысаналы мақсатқа жұмылдырып, белсенді дамытуға таптырмайтын баспалдақ – ғылым мен білімнің озық үлгілерін қазақ тіліне аудару. Мұның өзі егемен еліміздің әлемдегі ең дамыған 30 мемлекетімен терезе теңестіру жолындағы көкейкесті мәселенің түйінін шешетіні кәміл. Ұлы дала елінің жаңа толқын жастарын жаһанданған әлемнің заманауи оқулықтарынан сусындатып, терең де тегеурінді білім алуға мүмкіндік беретін «100 жаңа оқулық» бағдарламасының аясында Ұлттық аударма бюросы жарыққа шығарған алғашқы 18 туындының Елбасы мен қоғам қайраткерлерінің алдында өткен таныстырылымын тікелей эфирден көріп, сол оқулықтармен танысуға асыққан едік.

c78061a77854173a08be4e5518c6d228

Қанатын қаққан 18 оқулық – сапалы, әрі ішкі мазмұны өте бай, нағыз қажетті туындылар. Оқулықтардың қазақша нұсқасында аударма жанрына қойылатын талаптардың барлығы дерлік сақталған. Әлемге әйгілі ғалымдар Джордж Рицер мен Джеффри Степаницкидің «Әлеуметтану теориясы» атты сүбелі дүниесінің 10-басылымынан тікелей аударылған нұсқасы сапалы да салиқалы. Сондай-ақ, халықаралық деңгейде танымал атақты ғалым Эллист Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспесі» 11-басылымнан аударылыпты. Бұл дегеніңіз – психологтарға ғана емес, бүгінгі таңда барлық адамға қажетті туынды. Оның себебі, жаһандану кезеңінде уақыт деген конвейер өңешіне жұтылып жатқан адамзат баласы стрессті жағдайларды бастан кешетіні шындық. Оның ішінде әртүрлі ақпарат толқыны да адамдардың жүйкесін жеп қояды. Осыдан келіп, келеңсіз жағдайлар туатыны анық. Ал, аталған шығарманы қазақ тіліне аудартып, бүкіл қазақтілді оқырман оқып, психологиялық жай-күйді сарапқа салуына жағдай жасап отырған бағдарламаға алғыс айтпағанда не айтамыз?!

Әлемге аттары әйгілі психологтар Дуайн Шульц пен Сидни Эллен Шульцтердің «Қазіргі психология тарихы» – сұранысқа ие кітап. Оларды аудару арқылы қазақ психологтарына  үлкен көмек беріліп отырғанын түсінуіміз керек. Аударылған 18 оқулықтың қай-қайсысы да – Елбасының ұзақ мерзімді стратегиялық нысаналарына еліміздің қолын жеткізетін практикалық тетік. Кез келген елдің қолы жете бермейтін бірегей құндылық. Дүниежүзілік білім көкжиегіндегі танымал тұлғалар жазған кітап тек жастардың ғана емес, барша қазақ баласының сүйіп оқитын шынайы досына, сырласына айналатыны анық.

Білім-ғылым саласы мен кітапханалар жүйесіне таратылатын, әрі электронды нұсқалары интернетке қойылатын, экономика, менеджменттен бастап, дінтану, медиа этикасы, антика дәуірі мен орта ғасыр философиясы секілді сан түрлі салаларды қамтып, әлемнің 42 елі мен 34 тілінде жалпы таралымы 47 миллион данамен жарық көрген таңдаулы туындылар енді біздің тілімізде де сайрап тұр. Осының өзі – түске ғана кіретін ғажап қамқорлық, Елбасының көрегендігі. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту арқылы ғана емес, әлемдік деңгейдегі білімнің озық үлгілерімен қазақ балаларын сусындату арқылы да сананы жаңғыртып, келер күн белесіне сеніммен қарап отырмыз. Бұл – түсіне білгенге бақыт, ештеңемен теңеспейтін бақыт. Кітап – байлық. Ешқандай материалдық дүниемен салыстыра алмайтын байлық. Сол үшін қуаныштымыз.

 

Илья  ЖАҚАНОВ,

композитор,

Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз