ӨТКЕННЕН – ТАҒЫЛЫМ БОЛАШАҚҚА – СЕНІМ

Міне, Тәуелсіздігіміздің 23-ші таңы да атты. Буыны бекіп, қабырғасы қатты. Керегесі кеңіп, шаңырағы биіктеді.
Әлемге әйгіліміз, дүниежүзілік додада дүбірліміз.
Кеше Астанада Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік толғауын» жариялады. Осыған орай оқырмандарымыздың  жедел үн қосқан  ой-пікірлерін жариялап отырмыз. 
ӨРКЕНИЕТКЕ БАСТАР ӨРЕЛІ ҚАДАМ
asarsСәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты:
Бірден айтайын, мен Тәуелсіздік күнін еліміздегі барлық мерекелердің атасы санаймын. Үнемі солай деп айтып жүремін. Өйткені, біздегі барлық мерекелер тәуелсіздік нәтижесінде өмірге келді. Өзге мерекелерді мемлекеттік десек, Тәуелсіздік күнін ұлттық мейрам ретінде дәріптеймін.
Міне, Елбасы «Тәуелсіздік толғауын» жариялап отыр. Президент айтқанындай, сонау 1991 жылдың 16 желтоқсаны күн санап алыстап барады. Бірақ, оның тағылымын қалай ұмытуға болады? «Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдіретін жан-жүрегімізбен түсінеміз» дейді Мемлекет басшысы.
Одан әрі, Елбасының айтуынша, Тәуелсіздік – сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі.  Тәуелсіздік – кешегі батыр бабалар өсиет еткендей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі. Қазақтың байырғы тарихын парақтағанда да ата-бабаларымыз осы жолда жанын пида еткен жоқ па? Мынау кең-байтақ жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғағанда сол мақсатты көздеді емес пе? Бүгінде Елбасымыз ел шежіресін жаңғыртуды ұсынып отыр. Неге? Одан бүгінгі ұрпақ үлгі алуы тиіс. Тәуелсіздік аспаннан түсе салған тегін нәрсе емес. Ол – талай жылғы тар жол, тайғақ кешудің, сан соғыстың нәтижесі. 
Елбасы қазіргі қаржылық дағдарысты, оның зардаптары аса ауыр болуы ықтималдығын да жоққа шығарып отырған жоқ. Әлемдік экономикамен байланыста болғандықтан, оның салқыны бізге де тиеді. Бекітілген бюджеттің шығыс бөлігін біраз қысқартуға тура келеді. Әйтсе де, әлеуметтік саланың әлсіреуіне жол берілмейді. Халықтың әлсіз топтары сенімді қорғалады. Халық алдында айтылған барлық уәде мүлтіксіз орындалуы тиіс. 
 Дегенмен, әлемдік қаржы дағдарысы қаншама қыспаққа алғанымен, алға қойылған мақсат та биік, меже де айқын. Елбасы Жолдауында айтылғанындай, сапалы жолдармен коммуникациялар салу арқылы біз тек Елорданы республиканың барлық өңірімен байланыстырып қана қоймаймыз, сонымен қатар, 200 мың шамасында адамды қызметпен де қамтимыз. Сол арқылы халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарады емес пе?
Мемлекет басшысы шетелдік инвестиция тарту арқылы отандық өндірісті өрістете беруді ұсынды. Расында да, тәуелсіздік жылдары қаншама жаңа кәсіпорындар пайдалануға берілді. Еліміз тек шикізат өндіруші республикадан оны өңдеуші мемлекет атануға бет бұрды. Индустрияландыру бағдарламасы қолға алынды. Мәселен, Атырауда құрылысы басталған газ-химия кешені – республика бойынша осындай тұңғыш нысан. Ол қатарға қосылғанда жүздеген жаңа өндіріс ошағын күнделікті тұрмыстық бұйымдар шығаратын шикізатпен қамтамасыз етеді. Міне, бір ғана ірі жобаның төңірегінде нешеме ұсақ кәсіпорындар шоғырланғалы тұр.
Немесе Атырау мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы дер кезінде қолға алынды. Бүгінде біз жоғары октанды бензинді Ресейден тасымалдауға мәжбүрміз. Оның жетіспеушілігі де сезілді. Бағасы да өсті. Соның бәрі – өзімізде жанар-майдың жетіспеушілігінен. Бұл айтылған қос жоба да Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында көрініс тапты.
Мен алыста жүрсем де, мұнайлы мекен жаңалықтарымен жақсы таныспын. Жергілікті атқарушы биліктің бұрын-соңды өңірде болмаған істерді тындырып жатқандығынан хабардармын. Міне, соның бәрін бізге тәуелсіздіктің берген жемісі ретінде бағалауымыз керек. Ал, «Тәуелсіздік толғауы» мұнайлы мекенге тың серпіліс береді.
  
ҰЛТТЫҚ  ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ – ұрпаққа!
ailyaИлья ЖАҚАНОВ, композитор,  Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері:
Жаңа ғана теледидардан тыңдадым, Елбасы «Тәуелсіздік толғауын» жариялады. Осынау маңызды да мәнді мереке қарсаңында Мемлекет басшысы алдымыздан кездесер қиындықтарды да жасырып отырған жоқ. Әлемдік нарықта көмірсутегі шикізаты бағасының тым төмендеп кетуі  оны экспорттаушы елдердің экономикасына кері әсерін тигізері сөзсіз.
 Әйтсе де, тәуелсіздік елімізге не берді? Алдымен, кеңестік кезде тар қалыптан шыға алмаған ұлттық құндылықтарымыз жарқырап ашылды. Олар ұлтымызға қайтарылды. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейді, ол мемлекеттік мәртебеге ие болды. Бүгінде республикада жүздеген тіл үйрену курстары жұмыс жасайды. Оның үстіне, Мемлекет басшысы үштұғырлы тіл бастамасын көтерді. Қазір қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін жастарымыз өсіп келеді.
 Сыртта жүрген қандастарымыз тарихи отанына оралды. Олар кезінде туған жерінен өз еркімен кетпеген-ді. Қызыл империяның қанды шеңгелінен қашты. Ұрпағын сақтау үшін бас сауғалады. Егер бұрынғы одақ сақталғанда сол елдерінде қалар еді. Елге оралу мүмкіндігі болмайтын. Бұл да – тәуелсіздік жемісі.
Елбасы алдымыздағы жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетіндігімізді айтты. Бұл – сайып келгенде, ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің ең үлкен датасы. Бұдан асқан маңызды шара болмас, сірә. Ендеше, ол шығармашылық шабытты да оятады, патриоттық әндер де туғызады.
Нұрсұлтан Әбішұлындай Көшбасшысы бар ел ешқашан адаспайды. Биылғы жарияланған Қазақстан халқына Жолдаудың өзі «Нұрлы Жол» атануы болашағымыздың бекемдігін көрсеткендей. Келешегіміз келбетті, еліміз бақытты болады. Соған бәріміз сенеміз. Мен Елбасымен бірнеше мәрте кездескен, жүзбе-жүз отырып әңгімелескен кісімін. Соның барлығында оған деген сеніміме селкеу түсіп көрген жоқ. Солай бола бермек. «Тәуелсіздік толғауы» да – ел өміріндегі ерекше құжат. 
 
ЫНТЫМАҚТЫ ЕЛГЕ ЫРЫС КЕЛЕДІ
aeskarАманжол ЕСҚАРАЕВ,  «Бірінші мамыр» ЖШС директоры, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері:
Егемен ел, тәуелсіз мемлекет ретінде танылғанымызға, міне, жиырма үш жыл толды. Еліміздің ең басты мерекесіне орай Елбасы «Тәуелсіздік толғауын» жариялап, өзіне тіреу болған халқына тағы да бір тағылымға толы жылы лебізін арнады. Тәу етер, ту етіп көтерер Тәуелсіздіктің бізге қалай келгендігі, оның арқасында қандай асуларды бағындырып, қандай биік белестерге қол жеткізгеніміз туралы тағы бір мәрте толғанып, айтпағын үлкен тебіреніспен, әрқайсымызға әсер ететіндей етіп жеткізді. Онысы жөнсіз де емес-ті.
Ұлт Көшбасшысының жанымызға жақын, көңілімізге қонымды сөздері барша қазақстандықтар тәрізді ұлан-байтақ еліміздің бір бөлшегі саналатын ауылдағы ағайынды да бейжай қалдырмады. Жаңа көкжиектерге жетелеп, тың істер мен игі бастамаларға жігерлендіргендей әсерде қалдырғаны ақиқат. Егемен ел болып, етек-жеңімізді жиып, мықтылармен тайталасып, тереземіз теңелген тұста Мемлекет басшысының биік мінберден туған халқына жолдаған бұл толғауын еліміздің ертеңгі күнгі иесі болар өскелең ұрпаққа бағышталған аға буынның аманатындай тәбәрік ретінде қабылдадық.
Ең басты мұратымыз – еркіндік деп бағаласақ, кешегі күні, тәуелсіздіктің елең-алаңында мемлекет мүлкі жекешелендіріліп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен сонау бір алмағайып шақта еркіндіктің дәмін сезінгенімен, әу бастағы береке-бірлігінен, тату тірлігінен ажырамаған, іргесі сөгілмеген ауылымыз, қала берді сол ауылдың арқасүйеріне айналған ұжымымыз да сол күйінде сақталып қалды. Өз алдына еншісін алғанымен бөлініп, тарап кетпеді. Осылайша, нарықтық қатынастар мен өтпелі кезеңнің күрмеуі көп күрделі сәттерін де өткерді. Кездескен қиындық-кедергілерге мойымады, жігері жасымады, қарсы тұрып күресті. Нәтижесінде, жеңді, осы күнге жетті.
Қазіргі уақытта шаруашылығымыз «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аталса, ауылымыз Бейбарыс бабамыздың есімін еншіледі. Шаруашылығымыздың өзі сан салалы болса, береке-бірлігі жарасқан ауылымызда ондаған ұлттың өкілі бір үйдің баласындай бірімен бірі бауырласып, тату тірлік кешуде. Олар шаруашылықта, өндірісте, бюджеттік мекемелерде, кәсіпкерлік құрылымдарында жемісті еңбек етуде. Оны өзгелеріне мақтан етеміз, өзіміз мақтан тұтамыз. «Ынтымақ ырысқа бастайды» демей ме дана халқымыз. Лайым да сонымыздан ажырамайық. Ағайындай араласып, туыстасып кеткен ауылымыздың іргесі сетінемесін, бірлігі берік болсын!
 
 
БАҒЫТЫМЫЗ ТҮЗУ, БАҒДАРЫМЫЗ АЙҚЫН
ayraЮрий КУСТАДИНЧЕВ, «Возрождение» этномәдени орталығының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты:
Бодандықтың бұғауынан босанып, бостандық, басымызға билік алып, енші тіккенімізге де аттай жиырма үш жыл өтіпті.  Қас қағым сәт, аз уақыт. Десек те, бүгінде ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Мұндай биікке әлемнің бірде-бір мемлекеті, бірде-бір ұлты қысқа мерзімде көтеріле алған жоқ.
Айналаға көз жүгіртсек, өзге мемлекеттерде адамның жаны түршігерліктей оқиғалар орын алуда. Ал, біздің тәуелсіз Қазақстанымызда бейбіт заман, ынтымақ, бірлік орнап тұр. Өйткені, елдің бағыты – түзу, бағдары – айқын.
Жылдан-жылға халықтың күн көру деңгейін өсіру, өмір сүру сапасын жақсарту жолындағы мақсат-мүдделер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Ұлт Көшбасшысының бүгінгі «Тәуелсіздік толғауын» теледидардан ерекше ұйып тыңдадым. Бұл  еліміздің тұтастығын, татулығын паш етіп, халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту, тілді дамыту, білім деңгейін жетілдіру мәселелері әрбір жүрекке  жақын, әр азаматты ойландыруы тиіс  келелі істердің бастауы болды.
Қазақ жері – менің Отаным. Бұл қасиетті жердің жомарт халқы жүзі басқа ұлт өкілдеріне пана бола білді. Қазақстан – менің тағдырым.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз