Өткеннен – өнеге, болашаққа – аманат

Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және КСРО-ның еңбек сіңірген мұнайшысы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Жолдасқали Досмұхамбетовтің (cуретте) туғанына 100 жыл толуына арналған ғылыми конференция өтті.

Ресми жиын алдында колледждегі екі дәріс аудиториясының ашылу салтанаты өтті.

«Жалпы мұнай және мұнай кәсіпшілік геологиясы» оқу кабинеті жалпы білім беру стандарты негізінде мұнай-газ өнеркәсібіне орта буын мамандарын дайындау үшін жабдықталған. Мұнда жалпы геология пәні, мамандық бойынша арнайы пәндер және оқу тәжірибелері өткізіледі. Бұл кабинет Гурьев мұнай техникумының 1938 жылғы түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген геолог-мұнайшысы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Таумұш Жұмағалиевтің есімімен аталды. Ал, «Мұнай және газ скважиналарын пайдалану» оқу зертханасына Гурьев мұнай техникумының 1934 жылғы түлегі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы, Ленин атындағы сыйлықтың, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның құрметті мұнайшысы Жолдасқали Досмұхамбетовтің есімі берілді. Бұл оқу зертханасы жаңа инновациялық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оқу кабинеті мұнай саласы бойынша болашақ мамандарға теориялық білімдерін тәжірибелік бағытта жетілдіру үшін арналған.

Дәріс аудиторияларының тұсаукесерінен соң, мұнай-газ саласы бойынша мамандарды дайындаудың заманауи бағыттарына арналған ғылыми конференция басталды.

Конференция модераторы, колледж директоры Бағыт Шеркешбаева өз сөзінде аталмыш оқу орнының қысқаша тарихы, сондай-ақ, бүгінгі еңбек нарығындағы жас мамандарға қойылатын талаптар жөнінде әңгімеледі. Бұдан соң, еңбек ардагері Есен Тасқынбаев сөз алды. Ол бүгінгі мерейтой иегері Ж.Досмұхамбетовпен бірге еңбек еткен кездері туралы естеліктерімен бөлісті.

«Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова «Мұнай-газ өнеркәсібі: қазіргі жағдайы және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері» деген тақырыпта баяндама жасады. Сонымен қатар, «Жігермұнайсервис» ЖШС, «Сазанқұрақ» ЖШС және «Жылыоймұнайгаз» басқармасы өкілдерінің де дуальды оқыту жүйесі, кен орындарын игерудің бүгінгі жағдайы туралы мазмұнды мәліметтері тыңдалды.

Жиын соңында мерейгердің ұлы, «Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының ірі жобалар жөніндегі орынбасары Махамбет Досмұхамбетов сөз сөйлеп, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған колледж ұжымына өз ризашылығын білдірді.

 

Толығырақ газеттен оқи аласыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз