«ӨТКЕНДІ БАҒАЛАП, КЕЛЕШЕКТІ САРАЛАУ ҚАЖЕТ»

 

Биыл – ерекше жыл. Себебі, еліміз тәуелсіздіктің ширек ғасырлық кезеңіне келіп тұр. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан бері төртінші дағдарысты бастан кешіріп отырған еліміз талай сындардан өтті. Дербес мемлекет ретінде қалыптасып, ішкі және сыртқы саясаттағы өз ұстанымын айқындады.

Тәуелсіздік тақырыбы – өз алдына үлкен толғау. Жетістіктерімізді де, кемшіліктерімізді де саралайтын кезең осы. Атаулы датаға орай ашылып отырған арнайы айдарымыз мемлекет және қоғам қайраткері Алдан Смайылмен әңгімемен басталып отыр. Жаңа айдар үлкен талқылау алаңына айналады деп сенеміз.

– Тәуелсіздік жылдарындағы еліміздің басты жетістігі ретінде нені атар едіңіз?

– Ең үлкен жеңісіміз, ол – тыныштық, еліміздегі бейбіт тіршілік. Себебі, тоқсаныншы жылдардың басында еліміз ұлтаралық қақтығыстар қаупінің алдында тұрған еді. Қазақстанның Ресейден бөлініп шығуын қолдамағандар өз ішімізден де табылды. Бірақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай сындарлы кезеңде қақтығыстар қаупінен елімізді сақтап қала алды.

Нендей мәселелерді ескеру қажет деп ойлайсыз?

– Өкініштісі, біз тәуелсіздік жылдарында мұнайға тікелей тәуелді экономиканы ғана жасап алдық. Рухани саясатымызда әлі де  атқарылатын дүние көп. Осыдан бірер уақыт бұрын қабылданған «Қазақстанның мәдени саясаты жөніндегі» ұзақ мерзімді тұжырымдамасы да негізінен қазақ мәдениетін дамытуға арналуы керек еді. Қазақтың төл мәдениетін мультикультурализм баспауы қажет. Сондықтан, қазақтың киносы, қазақтың театрлары көбейе түсу керек.

– Ендігі жерде еліміз нендей мақсатқа ұмтылуы керек?

– Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, табыстарын ешкім жоққа шығара алмайды. Ол бар және тарихта қалатын ақиқат дүние. Ендігі жерде біз «Нені істедік? Нені тиісті деңгейде атқара алмадық?» деген мәселелерге назар аударып, жетістіктерімізді бағалап, кемшіліктерімізді саралап, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Және де еліміздегі барша этностарды қазақ халқының маңайына  топтастыру жөніндегі саясат одан әрі жалғаса беруі тиіс. Ақпараттық саланы қарқынды, мазмұнды етіп дамыту да маңызды. Тұтастай алғанда, рухани салаға түбегейлі реформалар жүргізетін де кез келді. Осы дүниелер өз деңгейінде жүзеге асқан жағдайда ғана біз ұлттық мемлекетті түбегейлі қалыптастыратын боламыз.

P.S. «Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік саладағы жетістіктерін 91-ші жылғы кезеңмен салыстыру белең алып барады. Тоқырау кезеңін мысалға алу жаттандылығынан арылу керек. Себебі, біз тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның жаңа тарихын жасап жатырмыз» деп түйіндеді бізбен әңгімесін Алдан Смайыл. Жаны бар сөз. Себебі, қай додада да алға ұмтылған елдің ғана арғымағы оза шабатыны белгілі.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз