ОТАН ТАРИХЫ ТУРАЛЫ ОЙ

«ОҚУЛЫҒЫ ЖҰП-ЖҰҚА…»

Мың өліп, мың тірілген қазақ ұлты¬ның төл тарихы да басынан көп қиын¬шылықтарды өткізді. Кеңес дәуіріндегі алғашқы буын тарихшылар С.Асфендияров, Т.Рысқұлов және тағы басқалары буржуазия¬шыл ұлтшыл делініп, 30-жылдары қуғын-сүргінге ұшырап атылды. Екінші буын – Б.Сүлейменов, Е.Беꬬмахано1в бастаған топ 1948 жылдың аяғы мен 1953 жылдың басында Кенесары Қасымов көтерілісіне байланысты сотталып, Сібірге айдалды. Тек «Хрущев жылымығы» ғана көп ұзамай олардың елге қайтуына мүмкіндік берді. Сол кезден бастап, орта мектепте Қазақстан тарихы Кеңес Одағы тарихының бір бөлігі ретінде, аз ғана сағат көлемінде оқытыла бастады. Шағын оқулық та жазылды. Дана ақынымыз Қадырдың: «біздің тарих бұл да бір қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы», - деп жазатыны сол тұста. Мектепте негізінен Ресей мен әлем тарихы оқытылды. Тәуелсіздік жағдайында орта және жоғары мектептерде Қазақстан тарихы кеңінен оқытыла бастады. Дегенмен, кейінгі кезде жағдай өзгеріп, төл тарихымызды оқытуда технократтық бағыт қалыптаса бастаған-ды.

Жақында Астанада Қазақстан Рес¬публи¬касының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұ¬мыс тобының кеңейтілген отырысы өтті. Ол отырыстың Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясындағы «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» деген тұжырымына орай ұйымдастырылғаны белгілі. Мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің жасаған баяндамасында Отан тарихын әрі қарай зерттеу мен оқытудың өзекті мәселелеріне басты назар аударылды. Бұл отырыс еліміз тарихының қордаланып қалған мәселелерін шешуге оң әсер етеді деп сенеміз. Себебі, Отан тарихын жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі күрделі, түрлі бағыттағы өзгерістерге ұшырап, бұл саладағы жағдай шиеленісе бастаған еді. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы кафедралары не жабылып, не азайған-ды, сағаттары қысқарып, тарих пәнінен мемлекеттік емтихандар алынып тастау қаупі төнген-ді. Тарихшы мамандар: оқытушылар мен ғылыми қызметкерлерді дайындау да жыл сайын төмендеп келген-ді. Диссертациялық кеңестер жабылған соң, доктор-кандидаттарды даярлау да тоқтап, олардың елдегі саны табиғи түрде кеми бастады. Ал, шетелдерде қорғауға рұқсат берілмеді.
Отан тарихы бойынша жазылған оқулық¬тардың да кемшіліктері жеткілікті болды. Осы мәселелердің көбі тарихшылар арасында түсінбестік тудырып, дүрліктіріп келген-ді. Сонымен бірге, орта мектепте тапсыратын Бірыңғай ұлттық тест оқушыларды білімді саналы түрде меңгеруден алшақтатып, жаттауға үйретіп келеді. Осы жерде айтатын нәрсе – өркениетті саналатын Батыс елдері, әсіресе Фран¬¬ция мен АҚШ та осындай тестілеудің зарда¬бын бастан кешіп, одан әлдеқашан үзілді-кесіл¬ді бас тартқан-ды. Қазақстан тарихы ғылы¬мында да шешілмей жатқан проблемалар, дау-дамай туғызып отырған мәселелер жет¬кілікті. Әсіресе, тарих ғылымына сырттай арала¬сып, көп мәселелер жөнінде қисынсыз ой-пікір айтып, соны дәріптеп жүргендер аз емес. Отан тарихын ұлттық мүдде негізінен, жаңа көзқараспен талдап, объективті, шынайы зерделеу жетіспей келеді. Міне, Отан тарихын оқыту мен зерделеудің осындай кемшіліктер мен қиыншылықтарға кездес¬кен кезінде өткізілген бұл отырыстың өте маңызды да, уақтылы да екені Мемлекеттік хатшы баяндамасынан белгілі болды.
Баяндамада Қазақстан тарихын жоғары оқу орындарында оқыту және зерделеудің жаңа бағыттары мен жолдары отырысқа қатысқан тарихшылардың кең қолдауын тапты десек орынды болады. Әсіресе, енді бұдан былай әрбір жоғары оқу орнында Қазақстан тарихы кафедрасы ашылатын болды, тарихшы-студенттерге арнайы орын (грант) бөлінеді, профессор, доцент, оқытушылардың оқу жүктеме сағаттары қысқартылады. Та¬рихи сананы қалыптастыру шаралары кеңі¬нен іске асырылады, Отан тарихы қоғам¬дық және гуманитарлық ғылымдардың көш¬бас¬¬шы¬сына айналады. Міне, оң өзгерістер деген осы.
Осы жиынға қатысқандықтан, біз де жо¬ғарыда айтылған мәселелер жөнінде өз ұста¬нымымызды білдіріп, ортаға салғанды жөн көрдік.

ҒЫЛЫМДЫ ҒАЛЫМДАР
БАСҚАРСЫН

Қазақстан ғылымы тәуелсіздік жағда¬йын¬¬да, жаңа ұлттық негіз- бен бағытта өркен¬деп, дамуы керек еді. Дегенмен, ірі-ірі та¬быстарға жеткенімен, көлемді қаражат бө¬лінгенімен, бұрынғымен салыстырғанда адымдап өсіп келеді деп айта алмаймыз. Оған объективтік себептер де (одақтың ыдырап, ғылыми байланыстың күйреуі, экономикалық дағдарыс, нарық қатынасына өтудің қиын¬¬¬шылықтары және т.б.), субъективтік кемші¬ліктер де әсер етті. Дегенмен, қазіргі жағдайда ғылымның дамуына кері әсер ететін басты жағдай, біздің ойымызша, тиімді басқару жүйесі қалыптаспағанында деп ойлаймыз. Бұрынғы қара шаңырақ – Ұлттық ғылым академиясы ғылымнан шет қалды. Оны министр¬ліктің Астанадағы Ғылым комитеті басқарса, жергілікті жерлерде ғылыми орталықтар қа¬да¬ғалайды, ғылыми-зерттеулер жоғары оқу орындарына көбірек тапсырылады. Ми¬нис¬тр¬ліктің балабақшадан, орта мектептен, кәсіби лицейлер мен колледждерден, әсіресе жоғары оқу орындарынан қолы тимейді, ғы¬лымға назар аударуға уақыты да жете бер¬мей¬ді, оны шенеуніктер басқарады. Осыдан шы¬ғатын ұсынысымыз – ғылымды бас¬қаруды ғалымдарға берген жөн. Бұл мәселе Түркі¬менстандағы секілді орнына келетін кез болады, бірақ біз оған неғұрлым тез, төрт көзіміз түгелде жетсек, соғұрлым жақсы болар еді. Тіпті олай болмағанда, Қоғамдық және гу¬мବнитарлық ғылымдар академия¬сын құрып, ғы¬¬лымдардың осы саласын тікелей Үкімет¬ке бବғындырса да, не өз алдына тікелей Прези¬дент¬¬ке бағынатын үкімет органын құрса да болар еді.
Ғылыми зерттеулердің басым көпшілігін арнайы ғылыми институттарға тапсырған жөн. Батыстың моделі бізге дұрыс келе бермейді, оларда дәстүрлі түрде ғылым университеттерде дамыған, ал бізде арнайы зерттеу институттарында өркендеген. Жоғары оқу орындарында істейтін аға мұғалім, доцент және профессорлардың мың сағатқа дейін міндетті дәрісінен кейін, ғылыммен айналысуға, ішінде аз ғана дарындылары болмаса, мүмкіндіктері де жоқ.
Қазіргі тарих ғылымы салалары негізінде зерттеулер бұрынғы Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясындағы үш институтта және Астанадағы Мемлекет тарихы институтында жүргізіліп келе жатыр. 1980 жылдың аяғынан бастап, әсіресе тәуелсіздік кезеңінде Отан тарихы салаларында көптеген проблемалар жаңа көзқараспен қайта қаралып, жаңа тұжырымдар жасалды. Жаңа тарихи ұлттық сана қалыптаса бастады. Солардың бастылары: Қазақ мемлекетінің негізі тереңнен, ежелгі түркілерден, әсіресе Алтын Орда ыдырағаннан бастау алатыны: Қазақ хандарының, батыр, билерінің ел тәуелсіздігі үшін күресінің мәні мен мазмұны; Ресейге бодан болудың әртүрлі жақтары мен зардаптары; ұлт-азаттық қозғалысының басталуы, барысы мен нәтижелері; әсіресе Кенесары көтерілісінің маңызы; Алаш қайраткерлерінің іс-әрекеттері мен тағылымы; кеңестік дәуірдегі қазақ көрген зорлық-зомбылық, жаппай ашаршылық, қуғын-сүргін; Кеңес өкіметіне қарсылық; өз отанында қазақтардың аз ұлтқа айналуы; Семей, Арал сияқты ел қасіреті және т.б. Қазір біздің институт басқа институттармен біріге отырып, 10 томдық, 20 кітаптан тұратын «Қазақстан тарихы» атты көлемді зерттеу ісін қолға алып, ірі де, жауапты да іске кірісті. Отан тарихында қол жеткен жетістіктердің бәрі бұл еңбекте өзінің тиісті орнын алады деп ойлаймыз. Дегенмен, әлі де Отан тарихында шешілмеген, әртүрлі дау-дамай, пікірталас-айтыс тудырып жүрген мәселелер де жеткілікті. Солардың басты-бастыларын атап қана өтейін.

ОТАРЛЫҚ ДӘУІРГЕ «ОДА»

Ресейдегі үш тарихи институт басшылары мен ат төбеліндей аз ғана тарихшылар: Ресей мемлекеті құрамында болған әртүрлі халықтар мен аймақтар үшін, Ресей отарлық империя да болған жоқ, сондықтан, олардың тарихында «отарлық дәуір» де болған жоқ деп уағыздап келеді. Бұл мәселе патшалық дәуірде де, кеңестік дәуірде де еш талас тудырмаған еді. Қазір Ресейдің геосаясатына байланысты, бұрынғы Ресей империясы мен Кеңес Одағы құрамында болған, қазіргі тәуелсіз ұлттық мемлекет¬тер мен аймақтарды Ресей төңірегіне жинау мақсатында осындай ғылыми жалған тұжырым орын алуда.
Кеңес дәуіріндегі мына мәселелерді анықтап алуымыз қажет сияқты: қବ¬¬¬зақ коммунистері мен Алаш пар-ти¬ясы арасындағы жергілікті кү¬рес, оның себептері, зардаптары мен нәти¬желері; 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтың себептері, нәтижелері мен салдары; 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы әскери тұтқынға түскен қазақтардың тағдыры; тың және тыңайған жерлерді игерудің нәтижесі мен салдары; Қазақстан экономикасында тоқырау болды ма, болса нәтижесі мен салдары; Қазақстан халқының демографиялық дамуы, жергілікті ұлттың даму ерекшеліктері, өзінің табиғи территориясында (1959 ж. – 29,8%-ға) азшылыққа айналуы; Кеңес өкіметінің көші-қон саясатының салдары, Қазақстанға жер аударылған көптеген халықтың жағдайы, лагерьлер құрылуы, қоныс аударушылардың жұмыс күші ретінде көптеп келуі және т.б. жетерлік. Осы көптеген мәселелерге біз дұрыс тұжырым жасауымыз, оны он томдықта көрсете отырып, бұл оның ішінде жергілікті коммунис¬тер мен «Алаш» қозғалысының қайраткерлері арасындағы күресті анықтап алуды тағы да қажет етеді. Тарих ғылымы төңірегіндегі кейбір адамдар Әліби Жангелдинді, Сәкен Сейфуллинді, Бақытжан Қаратаевты, Тұрар Рысқұловты, Мұхамедияр Тұнғаншинді және де басқа кеңес билігінде болған қайраткерлерді «әшкерелейді». 1917-1930 жылдардағы қарқынды саяси қарама-қайшылықтар арасындағы жағдайды тың тұрғыдан қарастырмай, тарихымызды игере алмаймыз. Ұлт коммунистері де, «Алаш» қайраткерлері де, олардың барлығы өздерінше қазақ халқының әлеуметтік-мәдени және саяси дамуы үшін, жарқын болашағы үшін еңбек етті және күресті. Бұл мәселеде РКФСР Халкомның төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов пен Қоқан автономия үкіметінің төрағасы, Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссары М.Тынышбаевтың Түркістан-Сібір темір жолын салудағы бірлесіп атқарған қызметі жарқын үлгі бола алады. Қазақ элитасының осы екі тобының қасіретті тағдыры тек бірін-бірі жойғанында ғана емес, «бөліп ал да, билей бер» деген орталық саясаттың іске асуында да жатыр. Жоғарыдағы жайт – орталықтың ұлттық республикаларды басқарудағы сынақтан өткен әдісі, әр 5-10 жыл сайын қазақтың ұлттық қаймағы – қазақ интеллигенциясы өкілдерін жойып отыруы. Дәл осы жағдай Кеңес Одағының басқа ұлттық респуб¬ликаларында да, облыстары мен округтерінде де орын алған еді. Көп томдық «Қазақстан тарихында» бұл мәселелер өзінің объективті бағасын табуы қажет. Осы еңбекте М.Шоқай да лайықты орнын алуы керек. Бізге Кеңес кезінде Мұса Жәлилді ардақтай алған татар тарихшыларының қызметі үлгі болуы керек. Жалпы соғыста жау қолына тұтқынға түскен өз азаматтарына көрсеткен қуғын-сүргіні бойынша Кеңес өкіметі шектен шыққан қатыгездік көрсеткенін арнайы зерттеген де жөн. 1931-1933 жылдары жаппай ашаршылық жылдарында қазақ халқы жартысынан айырылды. Бұл орасан зор қайғылы оқиға, бірақ оны арнайы ұйымдастырылды, жерді орыстарға босату үшін қазақты жоюды көздеді деу¬ге болмайды. Аштық алдында, оның кезінде және кейін де үкіметтің төтенше шаралар қолданып, халықты аман алып қалу жөніндегі әрекеттері туралы деректер жеткілікті. Бір мысал келтіре кетейін: 1928 жылдың өзінде Жетісу облысында халыққа азық-түлік жетіспеу сезіле бастады, миллиондаған сом Қытайдан астық әкелуге бөлінді, ал жергілікті биліктің қылмысы – сол астықты уақтылы сатып алуды ұйымдастыра алмауында, ақшаны игере алмауында еді.

КӨЗҚАРАС ӨЗГЕРУГЕ ТИІС

Отан тарихы – тәуелсіз Қазақстан халқын, әсіресе жастарды патриоттық рухта, өз Отанын, туған ұлты мен жерін, оның өткені мен қазіргісін сүйіп, болашағына адал еңбек етіп, үлкен сеніммен қарауға тәрбиелеп, баулитын ең бір күшті құрал мен ғылым. Міне, сондықтан Отан тарихына деген көзқарас біздің қоғамда әлі де өз деңгейінде емес десек қателеспейміз. Қазір жоғары оқу орындарындағы Қазақстан тарихын оқыту күрделі, түсініксіз бағыттағы өзгерістерге ұшырауда. Бұрынғы оқылатын 75 сағаттан 30 сағатқа дейін (оның 15-і ғана лекция) қысқарып, мемлекеттік емтихан жойылды. Бұл оқиғаны өз қолымызбен жасалған, орны толмас теріс іс, ұлттық намысқа, ар-ожданға, ең негізгісі отансүйгіштікке, патриоттық тәрбие ісіне тікелей қарсы бағытталған әрекет деп санамасқа болмайды. «Ақын болу міндет емес, азамат болу – парызың», – деген еді Н.Некрасов. Тәуелсіздік жағдайында Отан тарихына, оның жоғары мектептерде оқылуына жасалған бұл бірінші шабуыл емес.
Осыдан 7-8 жыл бұрын да жоғары техни¬калық оқу орындары басшыларының осындай теріс пиғылдағы, технократиялық орашолақ әрекеті болған-ды. Сонда тарихшылар қоға쬬¬дағы гуманитарлық зиялы қауыммен одақ¬тасып, бұл әрекетке тойтарыс берген-ді. Ал қазір ше?! Тарихшылар конгресі бұл күрделі мәселеден неге тыс қалып отыр?! «Абылайдың асында шаппаған аттан» не үміт, не қайырдың кері келіп отырған жоқ па?! Билікке сөзі өтетін тарихшылар қауымы қайда?! Әлі де кеш емес, бұл мәселені оңды шешуге республикадағы тарихшылар жиыны өз үлесін қосады деп сенеміз. Сөз орайында жақында ғана болған өрескел бір оқиғаны айта кетейін: Мемлекеттік хатшының Астанадағы баяндамасынан кейін Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университетте күтпеген жағдай болды. Осы жоғары оқу орнындағы Қазақстан тарихы кафедрасы жабылып, әлем тарихы кафедрасына қосылды. Тарихшылардың наразылығына қарамастан университет басшылығы ұлттық мүддеге қарсы Отан тарихына зиян келтіретін өрескел іс-әрекетке барды. Мұны не деуге болады?
Осы жерде Мемлекет тарихы институты¬ның жауапкершілігі күшті. Біріншіден, бұл институт басшылары Қазақстан тарихын оқыту бағдарламалары мен оқу жоспарларын қарастыратын жұмысшы комиссияларын басқарған. Міне, сондықтан Қазақстан тарихын оқытудағы теріс өзгерістерге, әсіресе тек тәуел¬сіздік дәуірді ғана оқыту туралы шешімге осы институт басшыларының үзілді-кесілді қарсы тұруы керек еді. Өздерінің оң пікірін айтып, баспасөзде жариялау ғана дұрыс. Тәуел¬сіздіктен бұрынғы Отан тарихы – біздің елі¬міздің төл тарихы емес пе?! Тәуелсіздіктің өзі сол ғасырлар бойындағы күрестің нәтижесі еді ғой?!
Содан кейін Мемлекет тарихы институты қазіргі мемлекетіміздің табыстарын уағыздап, ғылым мен үгіт-насихат саласында, әрине, едәуір еңбек етіп келеді. Дегенмен, институт жұмысының бағытына бір жүйелілік, нақты бағыт жеткіліксіз сияқты көрінеді. Оның соңғы зерттеулері С.Әсіпов, Қ.Алдажұманов, С.Шілдебай және т.б. тарихшылар тарапынан әділ сынға ұшырауда. Мысалы: Отанын сатқан Резун (Суворов) сияқтыларға сүйеніп, Ұлы Отан соғысы тарихын талдау шындыққа жатпайды; Ахмет Байтұрсыновты ақтаймын деп, Әліби Жангелдинді қаралауға болмайды. Деректер мен мақалалар жинақтарына көп көңіл бөлгенше, қазіргі мемлекеттігіміздің күрделі мәселелерін шешуге үлес қосқан орынды болар еді деп санаймыз.
Тарихшы маман ғалымдарды даярлау мәселесі қазіргі жағдайда күйзеліске ұшы¬¬рауда десек те қателеспейміз. Болон про¬це¬сіне қосылу нәтижесінде, докторлық және кан¬дидаттық диссертациялар қорғататын ке¬ңестер жойылды. Доктор-кандидаттар қата¬ры азаюда, әсіресе докторлар қатары табиғи жағдайға байланысты сиреп келеді, кандидаттар қатары енді көбеймейді, жылдан-жылға азая түседі, олардың орнын басатын доктор PhD-дердің өсуі шамалы. Жалпы доктор PhD ғылыми дәрежеден академиялық атаққа жа¬қын екені де белгілі. Олардың көбінің деңгейі кандидаттан да төмен. Осыдан кейін 5-10 жыл ішінде жоғары оқу орындарында да, ғылыми-зерттеу институттарында да істейтін тарихшы мамандардың көбі магистрант, тіпті бакалавр болмасына кім кепіл бола алады?! Сондықтан, жоғары мамандығы бар тарихшы ғалымдарды даярлау ісін қазірден бастап, қайта қолға алу керек. Ол үшін, біріншіден, қорғауға ұсынылған докторлық-кандидаттық диссертациясы бар, бірақ үлгере алмағандарға мүмкіндік беру керек; республика бойынша Астана мен Алматыда арнаулы, уақытша екі кеңес ашып, қорғайтындарды анықтап, бір-екі жылдың ішінде мүмкіндік бергені жөн; екін¬шіден, ғылыми-зерттеу институттарына арнайы PhD-ге орындар бөліп, оған түсуші мін¬детті түрде, сол институт ұсынған адам алуы қажет; үшіншіден, сыртта қорғауға да рұқсат беру керек. Мұның бәрі – Болон жүйесі мен отандық жүйенің қатар жүре беруін ерте, қа¬жетсіз, тоқтатудан шыққан кемшіліктер екені енді белгілі болған жоқ па?! Астанадағы отырыста Мемлекеттік хатшының жасаған баян¬дамасындағы шешімдер мен шығып сөйлеген тарихшылардың ұсыныстары және Отан та¬ри¬хының қоғамымыздағы мәні мен маңызын жоғары көтеруге бағытталған күрделі шаралар оның ғылымы мен оқыту жүйесіндегі өскелең дамуына үлкен үлес қосады деп сенеміз.

Мәлік-Айдар АСЫЛБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
(«Егемен Қазақстан», 18 маусым, 2013 ж).

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз