ӨШПЕЙТІН ӨНЕГЕ

Қай заманда болмасын, әр елдің, әрбір өңірдің арқа тұтар атпал азаматы, туабітті кесек бітімді тұлғасы, қаймана жұрты қадірлеген қайраткер ұлдары болған ғой. Атырау өңірінің ардақтыларының бірі -  аудан және ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту  және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері Мұхит Мұхтаров аға осындай жан еді.

Бұл кісінің кезінде Исатай (бұрынғы Новобогат), Теңіз және Қызылқоға аудандарында, кейін Гурьев облаткомында, одан кейін ұзақ жылдар бойы Жылыой өңірінде басшылық қызметтерде болғанын қазіргі уақытта біреу білсе, біреу білмес. Әсіресе, бүгінгі жаңа толқын, кейінгі ізашарлар аға ұрпақ дәстүріне адалдық танытып, солардың ғибратты ғұмырнамасынан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алып жатса игі.

Жылыой өңірінде «Тағылымды өмір – ұрпаққа аманат» тақырыбымен Мұхит Мұхтарұлының туғанына 100 жыл толуына арналған бір тамаша мәдени-көпшілік шара өтті. 

 Ата жолын ардақтап…

Бір қызығы, осы айтулы оқиғаға ерте көктемнен дайындалып, Мұхиттай маңғаз тұлғаның ізі, іргелі істерінің қолтаңбасы қалған Қызылқоға, Исатай, Теңіз аудандарына ат ізін салып, Жылыойда М.Мұхтарұлын жақсы білетіндерден дерек-дәйектер, фотошежірелер жинап, алыс-жақын ағайын-туыстарды құлақтандырып, «Ол – менің атам» деп баспасөз бетіне суретті материалдар жариялап, ақыр соңында аудан басшысынан қолдау тауып, ардақты атасының рухын риза еткен осынау іргелі шараны ойға-қырға шапқылап жүріп, ұйымдастырушы үлкен келіні, өмірден ерте кеткен Болат зайыбы Балтөре Нәрікқызының бір өзі екенін естіген ел әрі сүйсінді, әрі қайран қалысты. 

Есімі көшеге берілді

Елі үшін туғанерді еске түсіруге арналған  осынау айтулы шараға алыс-жақыннан келген тума-туыстары мен ет жақындарының бәрінің басы қосылған сәтте  Құлсары қаласындағы Мұхит Мұхтаров атындағы көшені ресми ашу рәсімі болып, онда Жылыой және Қызылқоға аудандарының әкімдері М.Ізбасов пен М.Мұқанов құттықтау сөз сөйледі. «Ұрпақтар сабақтастығы осы көшенің бойымен де жалғасып, ол үлкен Өмір даңғылына арна тартып жататындығы, қайраткер ағамыздың есімі, өнегелі істері бүгінгі және келер ұрпақтардың санасында жаңғырып, өшпейтіндігі, артында қалған ұл-қыз, келіндері мен немере-жиендерін, ағайын-тума мен оның көзін көргендерді риза сезімге бөлеп отыр», – деді туыстарының атынан сөз сөйлеген Құлшарап Шомаев. 

Қара шаңырақта қасиет бар

Бұдан кейін аудандық «Атамұра» мұражайына жиналған, елге тұлға болған ардагерді жақсы білетіндер мен туыс-жекжаттары, алыс-жақыннан – Атырау қаласынан, Нарын, Тайсойған, Индер өңірінен ат арытып келген қонақтар Мұхит Мұхтарұлының ғұмырнамасы мен қызметтік өсу, өрлеу кезеңдерін бейнелейтін көрме, фотостенді және бейнероликті тамашалады.

Айналаға шуақ, бойға қуат құйып, әуелеп ән, шалқып күй төгілді.

Өзі өмір сүрген қоғамы тудырған қайраткер тұлғаны еске түсіру жиынын кіріспе сөзбен ашып, жүргізген әдебиетші, ақын Бүркіт Базарбаев әуелгі сөз кезегін ел ағаларына бағыштады.

«Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз болашақ жоқ», «Атадан – өсиет, анадан – қасиет». Өз лебіздерін осындай өмірлік қағидалармен өрген Жылыой  және Қызылқоға аудандарының басшылары Мақсым Ізбасов пен Мақсот Мұқанов жұртқа сыйлы, қадірлі болған Мұхит Мұхтарұлының өрісті, келісті өмір жолы, қаймана қазағына  қалтқысыз қызметі кейінгі ұрпаққа керемет үлгі-өнеге мектебіндей әсер қалдыратынын айтып, қара шаңырақтан қасиет, қара шалдан өсиет дарыған ұрпақтары, немере-шөберелері де баянды ғұмыр кешетініне бек сенім білдірді.

Нарын құмында туып, нар жігітке тән іс атқарса, болар бала болмыс-бітімімен тәнті еткені ғой. Бір кездердегі қазақтың зиялы тұлғалары сияқты, ол да қолына ұстаздық диплом алған тұста Исатай батыр арманда кеткен Нарын құмындағы ауылда балаларды оқытып, алыс аймақта ағарту саласына сәуле түсіруге бет бұрған. Құмдағы ауылдардың бастауыш мектептерінің басын біріктіріп, бірегей білім ордасына айналдырғанда, оның тұңғыш директоры да өзі болған еді. Сонда жиырма бес жаста екен-ау.

Ойлы жастың өркенді істері өрісіндегі өсу, өрлеу кезеңдері осылай басталды. Қызылқоға ауданын өз қолымен, ата-баба жолымен алғаш ұйымдастырып, аупарткомның бірінші хатшылығына өзі тағайындалғанда, орда бұзар отызға енді ғана иек артқан еді. Ел басына күн туған ауыр кезеңнің зардаптарынан әлі арылып болмай, халық шаруашылығын қалпына келтіруге жұмылған тұста шаңырақ көтерген ауданды шатқаяқтатпай, оған шырай-өң беріп, өн бойына қан жүгіртіп, шаруашылығын шалқыту оңай боп па?! Жастық жігері жанып түсті жаңа басшының. Ізденді, ілгері ұмтылды. Өңірге өң беретін, жұртына дем беретін үлкен істерге ұйытқы болды, ұйымдастырды. Ел-жұрты да  уәдесіне ісі сай ірі тұлғаны танып, білген еді.

Мұхит Мұхтарұлының Алматы жоғары партия мектебінде теориялық білімін жетілдіріп, саяси-танымдық жағынан шыңдалып келгеннен кейін бес-алты жыл Гурьев облыстық Кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасарлығы қызметін атқарады.

Елуінші жылдардың орта шенінде ауыл шаруашылығын жедел дамыту, өрге бастыру турасында Үкімет қаулысы шықты да, білікті кадрлардың сапында М.Мұхтаров та Жылыой өңіріндегі әуелі «XX партсъезд», одан кейін «Қазақстан» ұжымшарына бағытталды. Бұл ұжымшардың соңыра миллионер шаруашылық атанғанын өңір жұртшылығы жақсы біледі.

Осының бәрі, түйіндей келгенде, абзал ағаның өнегелі өмір жолы, ерен ерлікке тән еңбек шежіресі ұрпақтар жадында әлсін-әлсін жаңғырып, мәңгі өшпейтін сипатқа ие болатынына кәміл сендіреді.

Мұқаң Нәзира жеңгеймен өздерінің бауырынан өрген ұрпақтары – Болат, Талғат, Мәлік, Марат есімді ұлдары мен кенжесі Ләйланың да бұйырған несібе-қызығын, үлкен өмірге игі қадамдарын көріп қалды.

Мұхит Мұхтарұлының қара шаңырағын ұстап, немере-шөберелеріне өріс, өмірлік тыныс беріп отырған, атаның бұл жалғаннан ауғанша қолынан дәм татып өткен  Балтөре келініне Мақсым Шафихұлы баспадан жаңадан шыққан «Киелі мекен – Кең Жылыой», Мақсот Сайполлаұлы «Қызылқоға энциклопедиясы» кітаптарын тәбәрік ретінде сыйға тартты. 

Жақсы  сөз – жарым ырыс

Аталмыш шара ауқымында Жылыой аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Кәдіров бір жағы Құлшан ата, бір жағы Ақмешіт, анау Молотов ұжымшары жұртында Мұхит аға отбасымен жеркепеде тату көрші тұрғандығын, ағаның тұсында мектеп, сауда нүктелері салынғанын айтса, ауыл ақсақалы Нұрмұхамед Есенәлиев қайраткер тұлға туралы естелік-жинақ жазып шыққанын, оларының бірсыпырасы «Атырау», «Прикаспийская коммуна», «Мұнайлы астана» және Қызылқоға, Жылыой аудандық газеттерінде жарияланғанын тілге тиек қылды.

Ал, Индерден, Өрлік деген жерден келген туысы Мұрат Тілегенов сән-салтанаты жарасқан сағым жылдардан сыр тартса, журналист Болат Дәулетов мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың естелік кітабында Мұхит аға Мұхтаровтың іскерлігі мен адами қасиет қырлары тамаша ашып көрсетілгендігінен үзінділер келтірді. Алқалы жиын үстінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуановтың,  Исатай ауданының әкімі Тұрарбек Сұлтанбековтің  жеделхаттары оқылды.

Соңында Мұхит Мұхтарұлының қара шаңырағы атынан сөз алған келіні Балтөре Нәрікқызы атаның рухын қастерлеп, осынау шараның өтуіне демеу, сүйеу болған ел ағаларына, ауданның атқамінер азаматтарына, мәдениет мекемелерінің ұжымдарына, алыс-жақыннан келген қонақтарға шексіз ризашылығы мен алғысын арнады.

 

Қаржау Оразбаев,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз