ӨНБЕС ДАУДЫ ҚУМАС БОЛАР

Исатай батырға кесене тұрғызу – ұрпақ парызы

Біз «Егемен Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 31 қаң-тардағы санында жарияланған батысқазақстандық Ғаділше Өтебәлінің «Исатай қайда жерленген?» атты мақаласын оқып, өз ой-пікірімізді білдіруді жөн санадық. Бұл тарихты бұрмаламау, тарихи тұлғаның қадірін кетірмеу жөніндегі нақты ұстанымымыз екенін айтқымыз келеді.

 1836-1838 жылдардағы  Бөкей (Ішкі)  Ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде болған ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлының сүйегінің жерленген жері туралы  бір пікір Шолақмолда деген молада, екінші пікір Шейітсай деген сайдың бойында (екеуі де Қобда жерінде) дегенге сайып, осы уақытқа дейін бір тоқтам жасалмай келеді. Халқының еркіндігі мен азаттығы, жерінің бүтіндігі жолында күрескен, «қара қазан, сары бала қамы үшін» қылыш сермеген батырдың әлі күнге басының қарайтылмауына да осындай пікір қайшылықтарының салқыны тиіп келгендігі түсінікті.

Әйтпесе, Қазақ елі егемендік алғаннан кейін батырларымыз бен асылдарымызды ардақтау қолға алынған кезде республика бойынша алғашқылардың қатарында Исатай Тайманұлының 200 жылдығы  1991 жылы қыркүйек айында  өткізілген еді. ҚР Үкіметінің қаулысымен мерейтойды өткізу жөнінде мемлекеттік комиссия (төрағасы сол тұста Премьер- министрдің орынбасары М.Жолдасбеков) құрылды. Осы кезде Қобда жеріндегі Шейітсай қорымында  «Исатайдың сүйегі осы жер» деп батырға құйма темір шарбақпен қоршалып, ескерткіш-белгі қойылды.

Әрине,  батырдың сүйегінің қай жерге жерленгені – ғалымдардың зерттеуімен, ғылыми қазба жұмыстарының қорытындыларымен дәлелденетін шаруа. Бірақ, бізге түсініксіз жайт – Ғаділше Өтебәлінің қайта-қайта Халел Досмұхамедұлы мен Қажым Жұмалиевтың бір кездегі пікірлеріне сүйеніп, «Исатай Тайманұлының сүйегі Шейітсайға емес, Шолақмолдаға жерленген» деген үйреншікті әңгімесін қайталай беретіндігі.

Біздің аудан бұрын Новобогат ауданы деп аталса, 1990 жылы қайта құрылған кезде Исатай ауданы болып өзгертілген еді. Өйткені, Исатай старшын болғандағы қарауындағы жері мен елі аудан аумағында, әкесі Тайман Бегәліұлының бейіті де осында, Исатай-Махамбеттің алғаш қол жинап,  көтерілісті бастаған жері де – аудан аумағындағы Манаш аталатын аймақ. Батырдың 200 жылдығына арналған республикалық негізгі іс-шаралар да осы Манашта  өткізілді.

Исатай батырдың ұрпақта-рының да көпшілігі Исатай ауданында тұрады.

Содан бері Ақтөбе облысының Қобда ауданымен байланыстамыз. Батырдың жорық жолдарын білу, ескерткіш-белгісі басына құрмет жасау үшін біздің ауданнан делегациялар барып қайтты. «Толқынды толқын қуады» дегендей, Исатай Тайманұлының сүйегінің жерленген жеріне қатысты пікірлердің анық-қанығына жетуге біз де ізденіп, біздің де ой-пікіріміз қалыптаса бастады. Оның түйінін білдірер болсақ:

Біріншіден, Ғ.Өтебәлінің негізгі аргумент етіп алып жүрген ғалым Х.Досмұхамедұлының   шығармалар жинағында айтылған (Алматы, «Ана тілі» баспасы, 1998 жыл)  «Сүйегі  темір уезіндегі Қиыл деген өзеннің бойындағы Шолақмолда деген молада» деген тұжырымды екінші жағынан да қарауға болады. Қобда ауданының көнекөз қарияларының сөзіне қарағанда Шейітсай да ертеректе Шолақмолда деген қорымдар аумағына кіріпті. Ал, Шолақмолда мен Шейітсайдың аралығы 15 шақырым шамасы. Жер бедері бірдей, тек екі аралықты Ақтөбе – Орал тас жолы бөледі.

Исатайдың ескерткіш-белгісінен 4-5 шақырым жерде тереңдігі түйелі адам көрінбейтін терең сай жатыр. Осы сайдың басқа жерлері ондай жарқабақты терең емес. Сарбаздардың бой тасалап, ұрысқа дайындалған жері осы деуге толық негіз бар.

Екіншіден, антрополог Н.Шаяхметов 1960 жылдардың аяғында Ақбұлақтың бойынан батырдың сүйегін іздеді. Қазба жұмыстарына жергілікті адамдар тартылды. Осы ретте Шаяхметовтің қасында болып, қазу жұмыстарына араласқан тірілей куәлердің  пікірімен де санаспауға болмайды. Жасы 80-ге таяған Жұмағалиев Жауғашты  2013 жылдың қараша айында біздің ауданға келгенде және Атырау мемлекеттік университетінде өткен ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеп, 1968 жылы Н.Шаяхметов Исатайдың келбетін жасау үшін бас сүйегін іздеп келгенде сол кезде 80-нен асқан Құбашев Мұқаш деген ақсақалдың айтуымен Шейітсай деген жерде бір топ ауыл жігіттерімен қазу жұмыстарына қатысқанын, жағалай төмпешіктерді қазғанда белден асқан тереңдікте қабірлерге тап болып, ішінен екі-үш адамның, кейбіреуінен  төрт-бес адамның сүйегі шыққанын көргенін әңгімеледі.

«Ең соңында кеудеге дейін қазылған бір қабірден үлкен екі дене сүйегі шығып, оны Ноэль өзі алды. Осы қабірдің басына «Исатай мен оның баласы Оспан» деп тақтайға сырмен жазып, белгі қойып кеттік» дейді Ж.Жұмағалиев.

Ал, Мұқаш ақсақал: «Мен бала кезімде ауқатты Оңғарбай Сеңгіртасов деген үлкен кісінің малдарын қайыруға жәрдемдесіп тұратынмын. Сол кісі «ана төмпешіктің үстімен мал айдамаңдар, себебі ол жерде Исатай деген батыр мен оның көтеріліс кезінде шейіт болған сарбаздарының мәйіті жатыр, обал болады, деп отыратын»  дейді Жауғашты «Қобда» газетіндегі (28.ХІ.2013)  «Исатайдың қабірі қалай табылды?» атты мақаласында.

Үшіншіден, Исатайдың сүйегінің осы жерге жерленгенін мына тарихи дерек   арқылы да болжауға болады. Орынбор әскери губернаторы  В.А.Перовскийге жазалаушы әскер бастығы полковник Геккенің Ақбұлақ шайқасында Исатайдың мерт болғаны туралы рапортында 1838 жылы 12 шілде күні Баймағамбет тобы мен орыс отрядымен болған шайқаста қарсы жақтан 70- 80 адам өлді деп шамалауға болатынын, ішінде Исатайдың өзі барын айтады. Сол күні кешінде екі жүздік казакпен, екі жеңіл зеңбірекпен  Баймағамбетсұлтан майданда өлгендердің сүйегін алып кетуге туысқандары келеді деген үмітпен соғыс болған жерге қайта келген.  Бірақ, осы аралықта өлгендерді алып кетіп үлгерген, өздері де көрінбеген. (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайы, 4-қор, 1-тізімдеме, 1966-іс, 50-52 п.)

Демек, тірі қалған сарбаздар мен айналадағы тұрғындар қаза тапқандардың, Исатай мен баласы Оспанның сүйегін түнгі қарауыл жеткенше жасырып үлгерген. Бұған қоса, сүйектерді 15 шақырым қашықтықтағы Шолақмолдаға тасып әбігерленбей, 4-5 шақырымдағы Шейітсайға жерлеуі әбден мүмкін.

Қобда елі арасындағы мына әңгіме де шамаға келетіндей. Исатайдың сүйегін жерлерде : «Басына темірден не ағаштан белгі қойсақ, уақыт өте келе шіріп, жоқ болып кетеді. Сондықтан, жерді қазып, ақ бор құяйық. Бор жаңбыр жауған сайын қатайып, орнын жоғалтпайды. Күндердің күнінде батырды іздеушілер  осы белгі арқылы тауып алсын» деген тоқтам жасаған екен. 2013 жылы қазан айында Исатай ауданынан барған делегация ескерткіш-белгі басындағы топырақта бордың әлі күнге дейін сақталғанын өз көзімізбен көріп, таң-тамаша қалдық.

Төртіншіден, Атырау облысының Тайсойған жерінде туған, Жәңгір ханның беделді старшындарының бірі ретінде жастайынан бір рулы елді басқарған, ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Исатай Тайманұлы жайлы Атырау ғалымдары да айналысып келеді. Талай зерттеу еңбектері жазылды. 2013 жылғы 29 қараша күні ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық  конференцияда Исатай батырдың сүйегі Шейітсайда жерленгені жөнінде қаулы қабылданды.

Біз батысқазақстандық өлкетанушы, ауыл шаруашылығының маманы Ғаділше Өтебәлінің өз бетінше ізденіп, көптеген зерттеу жүргізіп келгенін, Исатай мен Махамбеттің ерлікпен құрбан болған өмірін одан әрі нақтылауға тырысқан  «Жемқор хандықтың құрбаны» атты  («Ағартушы» баспасы, 2010 ж., Орал қаласы) кітап жазғанын, бұл орайда шындықты анықтаудағы шынайы ниетін құптаймыз. Алайда, бұл жерде жоғарыда Шолақмолда туралы пікір айтқан Х.Досмұхамедовтің өзі Исатай қайтыс болғаннан 45 жыл кейін өмірге келгендігін, нақты шындықты жергілікті көнекөз қарттардан артық ешкімнің білмейтіндігін де ескеруіміз қажет. Сондай-ақ, Ғ.Өтебәлінің аталған кітабының 110, 112-беттерінде  Исатайдың Шейітсайда жерленгенін автордың өзі  де атап көрсетеді.

Түйінді пікіріміз – енді қанша жер қазылып, зерттелсе де мынау Исатайдың сүйегі деп дәлелдеудің  қиын екені, дұрысы жергілікті халықтың нақты дәлелі мен тілегін ескеріп, қазіргі белгі үстінен кесене тұрғызу болары сөзсіз. Мәселені сан-саққа жүгірту  бітер іске кедергі жасау деп есептейміз.

2015 жылы батырдың 225 жылдығы тойланады деп күтілуде. Соның алдында  сәулеттік өнердің талаптарына да, ұлттық ерекшелігімізге де сәйкес келмейтін қазіргі ескерткіш-белгісінің орнына күмбезді кесене тұрғызу – елдігіміз бен кеңдігіміз болар еді.

Бұл бағытта Исатай ауданы мен Қобда ауданы ынтымақтастық жұмыстарды қолға алуда. Ендеше, негізсіз бұра тартқанша, игі бастамаға қолдау көрсетейік, ағайын!

Жанай Беркалиев, Исатай, Махамбет, Индер аудандарының Құрметті азаматы, биология ғылымының кандидаты, Рахымжан ОТАРБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Өнербек Жанбала, Атырау облыстық мәслихатының депутаты, Еркін Құрманбеков, «Исатай Тайманұлы» қоғамдық қорының төрағасы, Исатай Балмағамбетов, облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы, Жұмажан Қадимов, Исатай аудандық мәслихатының хатшысы, Аманғали Құрманов, Исатай батырдың алтыншы ұрпағы, темір жол саласының ардагері, Жайдарбек Зайдуллин, облыстық өнер мұражайының директоры,  Атырау қалалық мәслихатының депутаты, Ләззат Шамақова, Исатай батырдың алтыншы ұрпағы, тарих пәнінің мұғалімі, Мәди Өтеғалиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ұлболсын Хайруллина,  Исатай орта мектебінің директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Мұрат Бектенов, өлкетанушы, Ізғали Ғұмаров, кәсіпкер, Гүлмира Алагөзова,  И.Тайманұлы атындағы аудандық тарихи мұражайдың директоры. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз