Он жеті жылғы азап олардың сағын сындыра алмады

audarma kitap Қоғам

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды» деп атап көрсеткені белгілі. Сол қасірет тартқандардың арасында Индер ауданының Бөдене ауылынан шыққан Тасжан қажы мен оның ұлы Қазалы да бар болатын.

аударма-китап

Жиырма жылдың үстінде осы мәселені зерттеп жүрсем де, маған бұл есімдер бейтаныс еді. Жақында осы әулеттің тағдырымен танысудың сәті түсті. Алматы қаласында тұратын дәрігер Тұрар Шәкіліков 1998 жылы Жолдас Жанқуаттың авторлығымен жарық көрген «Өлмеген адам» атты шағын кітапты беріп жіберіпті. Кітапты тез оқып шығып, оның кейіпкерлерінің ауыр тағдыры туралы өз ойымды оқушы қауымға жеткізуді жөн көрдім.

Бұл кітап саяси қуғын-сүргіннің қанды қармағына ілініп, өмірінің 17 жылын жат жерде өткізген жерлесіміз Қазалы Тасжанов және оның жары Динаш жөнінде екен. Қазалы аға текті тұқымнан шыққан. Оның әкесі Тасжан кезінде араб елінің діни орталықтары Мекке, Мәдина қалаларында оқып, мұсылмандық жоғары білім алған көрінеді. Жайық бойының тумасы, 1870 жылы дүниеге келген Қазалы Араб жерінде алған мұсылманша білімін ел  жастарына беру мақсатында туған жері Бөдене ауылында өз қаражатына мешіт салдыртады. Сонда 1938 жылы Кеңес үкіметінің қауіпсіздік органдары ұстап әкеткенше ұстаздық қызметте болады.

Сол жылдары өлкеміздегі барлық діни ошақтар, мешіттер жаппай талқандалып, олардың иелері қуғынға ұшырады. Бұл кітаптан біз Бөденеде Тасжан қажының мешіті талқандалып, өзінің 1938 жылы ұсталып кеткенін, одан еліне қайтып оралмағанын біліп отырмыз. Ең сорақысы – Кеңес үкіметі Тасжанның өзін құртып қана қоймай, оның ұлы Қазалы мен келіні Динашты да жантүршігерлік азапқа салғандығы.

Неге бұлар Қазалыға осыншама шүйлікті? Бұған екі себеп бар. Біріншісі – Қазалының молданың, яғни қауіпсіздік органдары 1937 ж. соттаған Тасжан қажының баласы болуы. Екіншісі, Қазалы сияқты жазығы жоқтардың сотталуына сол кездегі кейбір адамдардың надандығы мен қорқақтығы себеп болды.

1939 жылы 25 наурызда Гурьев облыстық соты Қазалы Тасжановты РСФСР ҚК 58-10 бабымен 6 жыл жазасын еңбекпен түзеу лагерінде, 3 жылға сайлау құқығынан айыруға үкім шығарған. Лагерьге аттанғанға дейін Кулагино түрмесінде бір жарым жыл отырған кезде Қазалының анасы Алтыншаш, әйелі Зида, баласы Қайролла қайтыс болған. Өкініштісі, Қазалы оларды жерлеуге де қатыса алмайды.

Одан кейін тағдырдың жазғанына орай Қазалы Жәміш пен Қапашты туыс-қандарына аманат етіп қалдырып, сол жылы Жезқазған лагеріне аттанады. Кейін жазасын атышулы Карлагта өтеп, небір азапты күндерді бастан кешіреді. Бірнеше жыл бойы Қарағанды шахталарынан көмір өндіру, оны жүк вагондарына тиеу сынды ауыр жұмыстарды атқарған. Табиғат берген зор денсаулығының арқасында Қазекең 6 жыл лагерьде, одан кейін тағы бір-екі жыл еркін тұру режимінде өткізеді. Елге аман-есен оралып, Жәміш пен Қанатты өз қам-қорлығына алады.

«Жалғыздық Құдайға ғана жарасады» дегендей, сөнген ошағын қайта жағу ниетімен 1947 жылы күйеуі соғыста опат болған Динаш есімді келіншекке үйленіп, екеуі үш баласын бірге тәрбиелеп өсіруге уәде байласады. Сөйтіп, «екі жарты бір бүтін» болып тату-тәтті өмір сүре бастауы сол екен, отбасына тағы да бір пәлекет келіп жабысады. Бұған бірге жүрген адамдардың қайырымсыздығы, имансыздығы себеп болады. Олар енді елден ала бөлек Динашқа жала жауып, кінәсіз адамды соттап, елден аластатуға үкім шығарады.

Сібірде дүниеге келген ұл-қыздарын Динаш құрылыстағы ауыр жұмыс кезін-де етегіне салып жүріп тәрбиелеп жет-кізген. Нағыз ерлік деп осыны айтқан жөн. Динаш екеуі Сібірден оралғаннан кейін өздерінің туған жері Бөденеге бармай, Қызылқоға өңіріне қоныс аударады.

Өзінің туған ауылынан жат жерде 17 жыл бойы азапты күндерді басынан өткізсе де, Қазекең «Өлмейтін адам» атына ие болып, өзінің биік адамгершілік қасиеттерін сақтап қала алды. Динаш екеуі сегіз бала өсірді, олардан немере, шөбере көрді. Жас өмірлері өксіп өтсе де, егде тартқан шақтарында өмірдің рахатына бөленді. Динаш 1988 жылы 71 жасында, Қазалы 1990 жылы 86 жасында дүние салды. Қызы Айманның  түрлі органдарға жолдаған арыздарының нәтижесінде 1989 жылы Есжанов Тасжан, 1993 жылы Тасжанов Қазалы толықтай ақталды.

Шахман НАҒЫМҰЛЫ,

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз