ӨМІРІН ӨРГЕН ӨНЕРМЕН

Талантымен тамсандырған талай алып тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті  Нарын жұрты  тағы бір айтулы азаматынан айырылды.  Мамандығы мал дәрігері болғанымен, қолына домбыра ұстағанда Рысбай, Әзидолла, Нариман секілді өнер саңлақтарымен қатар тұра алатын дүлдүл домбырашы, сезімтал сазгер Ғатау Ибішев ағамыздың енді ортамызда жоқтығы жанға қатты батады.

Нарын құмының күнгей бетіндегі Манаш ауылында кіндігі кесілген нәресте Ұлы Отан соғысы басталғанда үш айлық шарана екен. 

Таң бойы сұлы басын талып түйген,

Танысқам тумай жатып ғаріп күймен.

Өксікті ұрпақтың мен өкілімін,

Жиғанша ақыл-есін шарық киген,- деп ақберен ақын Нұралы айтқандай, балалық бал дәурені терезенің орнына қарын керген шеген үйде өткен Ғатау ағамыз әкеден екі жасында,  ал анасынан төрт жасында жетім қалады. Ошағының отын сөндірмеу үшін «Жаратқан иесінен» жалғыз немересінің амандығын күндіз-түні жалбарынып  сұраған Бәтіш әжесі оны  қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп өсіріп, қатарынан қалдырмай оқытып, тоқытады. Онжылдықты бітірген соң ол Алматыдағы зооветеринарлық институтты аяқтап, еңбек жолын туған ауылы «Забурын» кеңшарында бастайды. Еңбек тәжірибесін жинақтаған білікті маман Балықшы ауданында, одан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бас мал дәрігері қызметтерінде болды. Облыстық малдәрігерлік зертхана директоры, ауыл шаруашылығы министрлігінің аумақтық басқарма бастығы, облыстың бас мемлекеттік инспекторы жұмыстарын мінсіз атқарған Ғ.Ибішев еңбек демалысына шыққан соң Алланың құдіреті, әкенің қаны, ананың сүтімен берілген өнер жолы – күй өнеріне бет бұрады.

Күйшілік өнер – қазақ халқына ғана тән болмысы бар ұлттық өнеріміздің мәйегі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табар асыл мұрасы. Күй небір тамаша пәлсафалық ойлардың көрінісі болып келеді. Қазақтың күйлерін тыңдап отырғанда көңіл көкжиегіңіз кеңіп, сезім қанатында самғайсыз. Өйткені, оларды орындайтын күйшінің өн бойында халықтық ұғым, ұят пен ар, имандылық пен тазалық ұйып тұрар еді. Осындай өнерді мінсіз меңгерген Ғатау ағамыз өз тыңдарманының жүрегіне жол таба білген жан болатын. Консерваторияда немесе өнер ордасында музыкалық білім алмаса да кәсіби мамандардың көпшілігінен көш ілгері тұра білген ол ел таныған күйші еді. Жастайынан домбыраның құлағында ойнаған оның орындау шеберлігі аса жоғары болғандықтан, Атырау аймағының рухани өсуіне, мәдени дамуына үлкен үлесін қосты десек, асыра айтқандық болмас. Атырау, Орал, Ақтөбе аймақтарын қамтитын батыстың төкпе күй өнерінің өзіндік өрнегі бар өкілі Ғатау Нәсіпқалиұлының жарқын бейнесі жүрегімізден өшпейді. Күйлерді дыбыстық тыңдау арқылы үйреніп, нотасыз тартатын ол халық композиторларының дәстүрін шебер жалғастырушы бола алды.

Төкпе күй мұраларын қазіргі кезеңге жеткізуде және оларды орындау үлгісінде күйшінің шыққан биігі жоғары. Ол негізінде жеке орындаушы ретінде Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің күйлерін шебер орындаушы еді. Бес жасында қолына домбырасын ұстаған күйші қалған өмірінде көңілі қалаған өнерін үнемі жетілдірумен өтті. 1957 жылы Москвада өткен студенттер мен жастардың Бүкілдүниежүзілік алтыншы фестиваліне қатысты. 1960 жылы Қазақ ССР –інің құрылуының  40 жылдығына арналып Алматыда өткен домбырашылар сайысынан студенттер арасында бірінші орынды, ал 1998 жылы Құрманғазының 175 жылдығына орай өткен домбырашылар конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. Өмірінің соңғы кезеңдеріне дейін түрлі өнер додаларына қатысып, алдына жан салмады. Алматыда өткен Орта Азия халықтарының дәстүрлі музыкалық мәдениеті халықаралық фестивалінде өнер көрсетті, республикалық «Алтын домбыра» сайысында да бас жүлдені иеленді. Шын жүйрікті де, шынайы талантты да халық қапысыз таниды. Таныған шеберіне қалтқысыз құрмет көрсетіп, үнемі табыс тілеп отырады. Бұл тұрғыдан алғанда Ғатау ағамыздың мәртебесі биік болды.

Ол сазгер ретінде жиырманың үстінде күй, он шақты ән шығарды. Ғ. Нәсіпқалиұлының күйлерінде қазіргі заманның тыныс тіршілігі, қоғамымызда болып жатқан өзгерістер мен жетістіктер тақырып өзегі болып танылады, яғни сазгер бәрін де жүрек сүзгісінен өткізіп отырады. Оның «Сөнбесін, әже, ошағың», «Қаршыға» атты күй толғаулары, «Ғибатолла Ақжелең», «Ғұлама», «Қыз ғұмыр» сияқты арнаулары, «Шалқыма», «Нарыным» тақырыптық күйлері көркемдік өрнегі айшықты, тегеуріні қатты, үндестігі үйлесімді кербез күйлер болып келеді. Ал,  жаныңды баурайтын әдемі иірімдерге толы сұлу сазды әндері – «Өмір өзен», «Сағыныш», «Жан аға», «Аққыстауым», «Бөбегім» өз орындаушыларын тауып, тыңдаушыларының жүректеріне жол тарта білген шығармалар.

Туған жеріне арнайы шақыртулармен жиі келіп тұратын өнер иесі қолына қара домбырасын ұстай жарқырап сахна төріне шыға келгенде жерлестері риза көңілмен қуана қарсы алып, көпке дейін жібермейтін еді. Ғатекең өз замандастарының ортасында өнерімен ғана емес, адамгершілігімен, адалдығымен, кісілігімен, кішілігімен де сыйлы бола білді.

«Күні кеше ғана қасиетті Нарын өлкесінің атағын алты алашқа аспандатып, өнерін өрге тартқан абыз ақын Хамаңның, поэзия патшайымы Фаризаның, наркескен ақын Нұралының, күй қағаны Әзидолланың, салқам сері Нариманның, күй падишасы Айгүлдің ізін басып, жарқын жолын жалғастырар жас ұрпақ болса», – деген жақсы тілекті үнемі айтып отырушы еді Ғатау ағамыз. Иә, өнерді өлердей сүйіп өткен өнерпаз жанның туған елі мен жерінің жасампаздығын ойлаған бұл арманының жүзеге асарына үмітіміз мол.

Тұрарбек  Сұлтанбеков,

Исатай ауданының әкімі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз