«ӨМІРІМІҢ БӘРІ ІЗДЕНУДЕН ТҰРАДЫ»

Қаламы қарымды қаламгер. Балалар әдебиетін дамытушы. Қылқаламды серік қылған суретші. Тарихшы-шежіреші. Бір басына бірнеше өнер қонған ол алыс ауылда тұрса да, күллі жұртқа танымал. Балаларға арнап жазғандарының өзі бірнеше буын жасты тәрбиелесе, салған суреттері де үлкен сұранысқа ие. Таяуда Атырауда болған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі  Пернебай Дүйсенбинмен тілдесудің сәті түскен болатын.

– Алдымен, аға, Атырауға қош келдіңіз. Өңірімізге келу себебіңіз жайлы сұрамас бұрын, балалық шаққа саяхаттан бастасақ. Балалар әдебиетіне зор үлес қосқан жанның балалығы жайлы біле отырайық.

– Менің туып-өскен жерім – Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы бұрынғы Калинин атындағы колхоз. Осы күні Жайылма ауылы деп аталады. Әке-шешем ұзақ жылдар колхоздың қойын баққан қарапайым жандар. Ашаршылық, жоқшылық, соғыс салған ауыртпалықтардың барлығын бастан кешкен. Мен 10 жыл бойы кісі қолында жүріп оқыдым. Оқуым жақсы болды. Байқап отырғаныңдай, менің балалығымның әнебір айтарлықтай өзгешелігі болған жоқ.

– Бір сөзіңізде, мен әуелгі баста суретші болуды қалаған едім дегеніңізді оқып едім…

– Расында да, мектепте жүргенде сурет салумен көп әуестендім. Суретші болсам деп армандадым. Әуесқойлықпен салған суреттерімнің алды миллиондаған тиражбен Мәскеуден шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарық көрді. «Пионерская правдада» жарияланған «В отаре чабана» суретіне сол кездегі Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен оқушылар жазған сан мыңдаған хаттар алдым.

– Десек те, мектепте оқып жүргенде-ақ  ақындық қырыңызды байқатып үлгерген сияқтысыз…

– Иә, уақыт өте келе әдебиет ауылына бет бұрған жай бар. Алғашқы жазған өлеңдерім аудандық, облыстық  газеттерде жарияланды. Алғаш жазған тырнақалды дүниелердің басылып шыққанын көру дегеннің өзі жас талапкердің бойында үлкен мақтаныш сезім тудыратындығын, адамды қанаттандыратындығын сезінудің өзі де бір ғанибет қой.

– Содан соң… сіз – студентсіз.

– Сол кездегі екінің бірі қолы жете бермейтін айтулы оқу орны – Қазақ мемлекеттік университеті. Бағым жанып, оқуға түсіп, 1964 жылы үшінші курста оқып жүргенде әскерге алындым. Украинаның Хмельницкий қаласындағы танк бөлімінде үш жыл бойы әскери борышымды өтеп шыққан соң, оқуды қайта жалғап, журналистика факультетін 1969 жылы аяқтадым.

– Еңбек жолыңызды мектеп қабырғасында бастағаныңыздан да хабардармыз.

– Дипломымды алып келген соң, мамандық бойынша жұмыс жасауға отбасылық жағдай қолбайлау болды. Қартайған әке-шешемді тастап кете алмадым. Десек те, университетте оқыған жылдар ізсіз кеткен жоқ. Білімімізді ұштадық, әлемдік әдебиеттің озық үлгілерімен таныстық. Зейнолла Қабдолов, Мырзатай Жолдасбеков, Сұлтанғали Садырбаев, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосовтардың алдын көрдік. Ескі грек, рим әдебиеті бойынша дәріс жүргізетін Ирина Сагалович секілді ұстаздың Еврипид, Эсхил секілді классиктердің шығармаларының басты кейіпкерлерінің тағдыр-талайы туралы тамсана, тебірене, беріле айтатын әңгімелерін еріксіз елітіп тыңдадық. Өзім үшін университетте өткізген жылдар есте қалар елеулі жылдар болды.

Әдебиетке біржола бет бұруымның сәл кешеуілдеңкіреген жайлары бар. Оған ұстаздық жұмыс, мектепте басшылық, қосшылық қызметте болудың біраз салқыны тигені рас. Әрине, ұрпақ тәрбиесіне арналған жылдар жеміссіз кеткен жоқ. Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталдым. Алматыдағы «Мектеп» баспасынан менің ұстаздық тәжірибем туралы «Мектепте әдебиет сабағын оқытудың кейбір мәселелері» атты кітапша шығарылды.

– Ұстаз – шәкіртіне үлгі. Сізден дәріс алған жазушы Қали Сәрсенбай: «Менің Пернебай Дүйсенбин деген ұстазым болды. Үлкен жазушы, кезінде мықты журналист болды. Алпысыншы, жетпісінші жылдары «Лениншіл жастың» эстетикалық клубы Пернебай Дүйсенбинсіз шықпайтын. Студент кезінде Шерхан Мұртазаның тапсырмасымен сонау Ташкентке барып, суретші Орал Таңсықбаевты жазып келген азамат. Студент кезінде Арменияға барып, армянның әйгілі суретшісі Мартирос Сарьяннан сұхбат алып келген. Сарьян – тоқсанға келгенінде, көзінің тірісінде мұражай ашқан адам. Пернебай Дүйсенбин сол Сарьянмен сұхбаттасу үшін бір жыл бойы стипендиясын жинап жүріп барған. Үш күн бойы кіре алмаған. Ақыры, кіріп, сұхбаттасып, материал жазып келген. Бізге әдебиет пәнін осы Пернебай Дүйсенбин оқытты. Оқытқанда қалай оқытты деңіз! Мысалы, Ілияс Жансүгіровтың «Күй», «Құлагер» поэмаларын өтетін болса, өзінің ескі магнитофоны бар, соны қоса ала келеді. Күй тыңдатады. Ықыластың күйлерін, қобызбен ойналатын күйлерді тыңдатады. Сосын сол күйдің сарынымен, баяу қойып қояды да, «Құлагерді» оқытады. Балаға қанша бағытта білім беріп отыр?! Музыка, күй сарыны өз алдына, мәнерлеп оқуға машықтанасыз. Поэзияның құдіретін сезінесіз. Оның ішінде әртістік қабілет, шешендік те бар. Қазір мектепте осындай мұғалімдер бар ма?» деп сізге баға берген екен…

– Дұрыс, әр ұстаз өз шәкіртіне үлгі болуы тиіс. Мәселен, Зайсандағы қазақ мектебін бітірген соң, жоғары оқу орнында орыс тілі мен әдебиет факультетін үздік аяқтап, орыс әдебиеті пәнінің оқытушысы болған ұстазымыз Сауытбаевтың ғажап шешендігіне, білімінің молдығына қайран қалатынбыз. Орыс студенттер оны бір ауыздан «Наш кумир» деп ерекше сүюші еді. Лекцияға келгенде қолында бір жапырақ қағаз болмайтын. 

– Сонымен қатар, дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген әнші Ардақ Исатаева да бір сұхбатында «осы салаға келуіме мектеп директоры Пернебай ағаның ықпалы зор болды» деген-ді.

– Иә, Ардақ менің мектебімде оқушы болды. Оның әнге деген құмарлығын көрген соң, кабинетіме шақырып алып, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменовтердің күйтабақтарын тыңдатып қоятынмын. Содан кейін оның талабын байқаған соң, «консерваторияға оқуға түс» деп те айтқанмын.

Әңгімені сіздің тағы бір қырыңызға қарай бұрсақ. Сіз – өнер зерттеушісісіз…

– Сол жылдары бүгінгідей емес, республикада санаулы-ақ қазақ тілді газеттер шығатын. Ал солардың ішінде жастар үшін «Лениншіл жас» газетінің орны бөлек болды. Осы басылымның қойнауында қызмет еткен жастардың көбі кейін белгілі жазушы, ақын, әдебиетші, қоғам қайраткерлері болып шықты. Газетті Шерхан Мұртаза ағамыз басқарған жылдары мұнда белгілі қаламгерлер Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев, Қадірбек Сегізбаев, Ақселеу Сейдімбек, Серік Әбдірайым, Қалдарбек Найманбаевтар өнімді еңбек етті. Осы газеттің сол алпыс-жетпісінші жылдарда «Аққу» атты эстетикалық клубы болатын. Осы жылдары мұнда менің жалпы өнер туралы жазған дүниелерім өте жиі басылды. Әлемдік бейнелеу, мүсін өнерінің алыптары Леонардо да Винчи, Сикейрос, Левитан, Коненков, Сарьян, Таңсықбаев, т.б. туралы жазылған эсселерім оқушылардың үлкен қызығушылығын туғызды. Бұлардан басқа қазақ өнерінің бетке ұстар тұлғалары туралы дүниелерім де бір төбе. Жоғарыда айтылғандай, Өзбекстанда тұратын қазақ суретшісі Орал Таңсықбаев шығармашылығына бірнеше рет оралдым.

– Сексенінші жылдардың басы сіздің шығармашылық қырыңыздың шыңдала түскен тұсы секілді ғой. Сол кезде «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесіңіз жарияланса, бұдан кейін «Шуақ», «Алтын мүйізді киік» сынды шығармаларыңыз жарық көрді…

– Жетпісінші жылдары Қазақстан Жазушылар Одағы, Қазақ КСР баспа, кітап саудасы комитеті мен республикалық «Жалын» баспасы жастар және балалар әдебиетін дамыту мақсатында жыл сайын республикалық жабық конкурстар жариялайтын. 1979, 1980, 1981 және 1986 жылдары осы конкурстың төрт дүркін жүлделерін жеңіп алдым. 1994 жылы республикалық «Балауса» баспасының, 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» жабық бәйгелерінің лауреаты атандым. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Елгезек ертегілер елінде», «Ән салыңызшы, Әке!», «Шуақты белес», «Арайлы таң алауы», «Ертегім менің, ертегім» атты шығармалар жинақтарым республикалық баспалардан жарық көрді.

– Сіздің осынау еңбектеріңізге қарап, «ол – «Бала досы» атанған жазушы» деген баға берілген болатын.

– Мен бүлдіршіндерге арнап бірнеше кітаптар жаздым. Балаларды ізгілікке, тапқырлыққа, мейірімділікке тәрбиелейтін «Сары сөмке және оның достары», «Қайсар қара қарындаш туралы хикаят», «Ойынпаз ойыншықтар отауында» сияқты шығармаларым туды. Бұл бағыттағы менің ұстанымым – балаларға арнап жазылған шығармалар ұлттық тәрбиемен астасып жатуы керек.

– Қазіргідей интернет жүйесі дамыған заманда, сіздің шығармаларыңызды ғаламтор арқылы оқуға мүмкіндік бар ма?

– Жоғарыда атап өткен шығармалардың басым бөлігі интернеттегі қазақтілді әдеби порталдарға орналастырылған.

– Сіз соңғы уақытта тарих, шежіре саласына бет бұрып жүрсіз.

– Дұрыс айтасың, 1998 жылдан бастап көркем әдебиеттен сәл-пәл алыстап, деректі дүниелерге ықылас қойған жағдай бар.

– «Үркердей болып көшкен жұрт…» деген еңбегіңіз осы бағытта емес пе?

– Иә. Ашаршылық, нәубет жылдарда үдере көшкендер жайлы жазылған үлкен еңбегім 2007 жылы жарық көрді.  Оған сегіз жылдай уақыт жұмсалды.

– Ал, дәл қазіргі уақытта да шежіре жинаумен айналысудасыз ба?

– Қазір де тағы бір танымдық дүниемді аяқтап жатырмын. 2006 жылдың қоңыр күзінен басталған бұл еңбекке де сегіз жылдан астам уақыт жұмсалды. Атырауға, жалпы батыс аймаққа келуімнің себебі де осы – ізденіс жемісі. 

– Жалпы, «жеті атасын білмеген – жетесіз» дейтін қазақпыз ғой. Бұл еңбектерді жазудағы мақсатыңыз да осы шығар.

– Жеті аталық үрдісті қатаң сақтаған халқымыз қазіргі миграциялық үрдістің үдеп тұрған шағында да осы мәселеге сергек сезіммен қарауы керек деп ойлаймын. Ұлттық генофонды сақтаудың бір мықты тетігі де осы жеті аталық үрдіспен байланысты екендігін ұмытпаған жөн.

– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

Гүлжан ӘМІРОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз