ӨЛМЕЙТҰҒЫН АРТЫНА СӨЗ ҚАЛДЫРДЫ…

Ол – біздің жүрегімізде

Қазақ әдебиеті мен қазақ руханияты қара жамылды. Қолдарына қалам ұстаған зиялы қауыммен бірге күллі қабырғалы қазақ жұрты қайсар рухты ақын қыздары Фаризасынан айырылып, күңірене күрсініп отыр.

 

Фариза Оңғарсынова – қайталанбас өзіндік қолтаңбасымен, өршіл рухымен, қайсар да қайтпас мінезімен қасиетті қара өлеңге құбылыс болып келген талант. Тұңғыш жарық көрген «Сандуғаш», «Маңғыстау маржандары» жыр жинақтарынан бастап, күні кешегі көп томдық таңдамалысына дейінгі аралықта Фариза ақын  ұлтының жігерін жанып, намысын қайраған жалынды жырлар жазды. Атырау мен өр Алтайдың арасындағы қасиетті қазақ жұртының сан ұрпағын ерлік пен өрлікке, парасат пен адалдыққа, махаббат пен шапағатқа баулыды.

Көк аспанды селт еткізе тілгілеген найзағайдың жарқылындай, арғымақтың дүбіріндей, қайнар бұлақтың сыңғырындай ақынның өлеңбаяны мен өмірбаяны ел-жұртының көз алдында қатар өрілді.

«Дара күндерімнің,

Нала түндерімнің

Сенімі болғаның үшін,

Серігі болғаның үшін

Мен сені аялаймын», –

деп оқырманына алғаусыз сыр айтып, өлеңге келген Фариза ақын қасиетті қаламының алдында сол адалдығынан айнымай кетті.

Ақынмен қатар қызмет еткен, тәрбиесін алған, еркелеген, еркелеткен күндер ойға оралып тұр.

Тәуелсіз еліміздің ұлты мінбесінен  елдіктің, ерліктің, бірліктің бүтін сөзін айтқан санаулыларымыздың бірі еді. Ол біздің көз алдымызда сол қайсар рухымен, қайраткер тұлғасымен қол береді. «Мен сенің жүрегіңдемін» деп өзі айтқандай, Фариза ел-жұртының мәңгілік жүрегінде.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

 сенатор,  Қазақстан Жазушылар Одағы

басқармасының төрағасы. 

Айтқаны  аманатқа

айналғандай

Мәңгі жасайтын адам жоқ. Талайлар келіп кеткен бұл дүниеден Фариза апамыз да өтті. Қаумалаған ағайын, тілектес, тілеулес замандастары, сыйлас інілері мен сіңлілерінің «әлі де болса ортамызда жүрер» деген үміттері үзілді.

Менің замандастарым Фариза ақынның атын естіп өсті. Атақты жерлесімізді алғашқы рет өткен ғасырдың сексенін-ші жылдарының аяғында көріп, кездесіп едім. Атырау (бұрынғы Гурьев) қаласында комсомол ұйымының құрылғанына 70 жыл толуына байланысты кең көлемді іс-шаралар өткізілді. Соның ішінде республикалық деңгейде ұйымдастырылған ақындар айтысы көпшіліктің есінде шығар. Махамбет Өтемісов атындағы театрда өткен ақындар айтысына республиканың әр аймағынан белгілі айтыскерлермен бірге талантты жас ақындар да қатысты. Олардың арасында Мұхамеджан Тазабеков бастаған өрімдей жастар да болды. Бұл 1988 жыл еді.

Фариза апай әділқазылар алқасын басқарды. Мен осы шараның қасында жүрген соң апаймен жақын танысуыма мүмкіндік туды. Ол кісінің ақындардың жақсы, ұтымды сөздеріне сүйсініп қуанғанын, кейбір жөнсіз қылықтарына ренішін көрдім. Айтысты ұйымдастыру кезінде кеткен кемшілікке байланысты өзім көп естіген «мінезінің» куәсі де болдым. Бірақ, осының бәрі жарасымды еді, бәрі шынайы болатын.

Кейін қызмет бабында, әртүрлі ресми шараларда, жиындарда жиі кездесіп, әңгімесін тыңдап, ойларымен бөлісіп, жақсы сыйластық қарым-қатынаста болдым. Кездескен жерде берген сәлемімді жылы алып, апа-анаңдай бауырына тартып, бетіңнен сүйіп, жанұя мен елдің амандығын сұрап жататын.

Күні кеше шығарып салған 2013 жылдың 27 желтоқсан күні апайдың Астанадағы үйінде болып, бірге отырып аз уақыт болса да ел, жер жайында әңгіме айтып едік. Ол кісінің дүниеге келген күні 25 желтоқсан күні Алматыда болып, құттықтауға бара алмағанмын. Астанаға келгесін елдің азаматы Бақыт Иманғалиевке хабарласып, екеуміз жұмыс аяғында сәлем бере бардық. Ауырыңқырап жүрсе де жылы қабылдады. Елдің жаңалығын сұрап, әңгімесін айтты.

Менің Жұмекен Нәжімеденовке туған ауылына ескерткішін орнатқанымыз туралы хабарыма қуанып қалды. Ел азаматтарына рахметін айтып, Жұмекен ағамыздың балалары, Нәсіп апай туралы сұрады.

Жақында іссапармен Атырауға барған кезде, Нарын құмындағы Ниетбай ауылында, Айбаста болғанымды айтқанда көңілі бір көтеріліп қалды. Өмірзақ Қажымғалиев ағамыздың Сәт ата басына алып барғанын, сол жердегі Құрас атаға және басқа да жерленген адамдарға дұға оқып қайтқанымызды естігенде үлкен ризашылығын білдірді.

Сол сапарда Өмірзақ ағамыз Нарын құмаршығының диірменнен өткізілген екі банкісін беріп еді. Соның бір банкісін алып, Фариза апамның қолына бердім. Толқып кетті, балалық шағында балдай үйірілген құмаршықтың дәмі аузына келді ме, әлде туған жерге деген сағынышы ма екен. Аса бір құнды дүниедей қолына алып, қайта-қайта қарап, дәмін татты. Құмаршық біздің өңір қазақтары үшін қасиетті тағам екенін айтып, «әлі де бар екен ғой» деп балаша қуанды.

Кетер алдында таңдамалы өлеңдері енген «Дауа» жинағына қолтаңбасын қалдырып, тілегін жазып берді. Апамыздың шешіліп әңгіме айтқысы келіп отырғанын сезсек те, «шаршатып алмайық» деген оймен қайтуға жиналдық. Мен шыға берісте киініп жатып, құмаршық жөніндегі әңгімені жалғастырып, қасымдағы Бақыт Иманғалиевке «тарыққан халыққа ас болған, қазір ұмытыла бастаған осы бір бағалы шөпке Атырауда ескерткіш қойса» деген ойымды айтып едім. Апай естіп қалса керек, «Сәрсенбай» деп дауыстады. Мен қасына бардым, ол кісі «айналайын, ойың дұрыс, егер құмаршыққа ескерткіш қойып жатсаңдар, астыңғы жағына ауылдың шағылын бейнелеп салуды ұмытпаңдар. Толқындалып жатқан ақ шағылдың болуы қажет деп ойлаймын» деді.

Иә, өкінішке орай, бұл ардақты апамыз, қазақтың аяулы ақын қызы Фаризаның аузынан мен естіген соңғы сөзі мен ойы болды. Айтылғанына бір ай болған осы сөз алдағы уақытқа арнал-ған аманат сияқты.

«Бауырларыма» атты өлеңінде Фариза ақын:

«…Сендер барда жырым бар, қаным да бар,

желбірейтін туым бар, тағым да бар.

Жүдеп жүрсем, жігер бер, жалынға мал!

Арқа тірер, жалғанда сендер барда

өзім кетсем, мұңдылау әнім қалар», – деген.

Артында арқа тірер, есінде сақтар елі мен халқы қалды. Сәті түскен кезде ақын апамыздың айтқан ойы да іске асар.

Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,

Парламент Сенатының депутаты. 

Жүрегі  толған  ізгі

маржан  жырдан

Фариза, Фариза қыз, Фариза апа,

Шашушы ең шуағыңды әр үйге, апа.

Оқыса алтын қанат жырларыңды,

Сәби де түсінетін жаныңды, апа.

Алдыңнан қолын бұлғап арман асқан.

Жыр жазып әр күніңнің таңдары атқан.

Өлең-сөздің патшасы Мұқағали,

Сізді, апа, еркелетіп әнге қосқан.

Өтсе де содан бері жылдар асқақ,

Айтылса, Фариза әні, көңіл босап.

Мұқағали-Фариза егіз ақын,

Келеді  халқыменен бірге жасап.

Талайды шешендікпен таңдандырған,

Жүрегі толған ізгі маржан жырдан.

Мұқағали әулие ғой білгендерге,

Өмірде ақындарға  баға беріп,

Фариза үшін қайталанбас ән қалдырған.

Жандардың жадыратып жанына күн,

Жыр жазып өтті өмірден Фариза ақын.

Қия алмай сұм ажалға тұр егіліп,

Дүйім ел аттандырып Фаризасын.

Фархат Мусаұлы,

тәуелсіз «Жайық толқыны» газетінің бас редакторы.

 

баламасы  жоқ  Биіктік

Қадірлі Оңғарсыновтар әулеті!

Қадірменді атыраулықтар!

Қаһарлы қыстың 23 қаңтары күні Астанадан қабырғамызды қайыстырған суық хабар жетті. Туған жердің табиғаты осы бір қаралы хабарды естігісі келмегендей күй танытып, бет қарытар аяз, ақтүтек боранмен қарсы алды. Қайран туған жер де ақын қызымен қоштасқысы келмегенін сездіргендей…

Әдебиет айдынында өзінің жеке желкенін құрып, өрге жүзген күнінен жырқұмар қауымды жалықтырмай, өз оқырманын тапқан Фариза ақынның қазасы, сөз жоқ, барша Атырау халқына ауыр тиді. Амал не? Мынау қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырдан кімдер ағып өтпеді десеңізші… Тек, солардың санатында көркем сөздің құдіретін аша түсіп, талант қиялын қияға самғатқан осы бір заңғар алып тұлғаның қазақ әдебиетінің шоқтығы биік саңлағына айналуы – біздіңше, табиғи заңдылық.

Туған елі қашанда жазу азабына жан-тәнімен беріліп, қаламгерліктің қиын тағдырын қалап алған жаратылысы қағылез Фариза ақынның қайсарлығына, гүлдей нәзік, тастай берік шыдамдылығының мықтылығына іштей риза болып, амандығын тілеумен жүретін.

Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, республиканың мәдени-ағарту ісіне еңбегі сіңген қызметкер, көрнекті қоғам қайраткері, белгілі ақын,  Халық жазушысы, Атырау облысы және қаланың Құрметті азаматы атанған Фариза ақынның өмірден озуы – қазақ әдебиеті үшін қаралы оқиға, күллі Қазақ еліне ортақ қаза.

Осындай ірі тұлға, ірі ақынынан айырылған барша халыққа,  Оңғарсыновтар әулетіне, ақынмен қаламдас, сырлас болған азаматтарға қала халқының атынан қайғыра көңіл айтамыз… «Орнында бар оңалар» дейді қазақта, ақынның ізін жалғар ұрпақтары, шәкірттері аман болсын деп тілек айтамыз. Сіздер болған іске болаттай берік болып, ақын шаңырағы мен шығармашылығының шырағын өшірмеуге тиіссіздер.

Ақын апамыздың қабірінің басындағы ескерткіш тақтаға жазылатын дүниеге келгені мен кеткенін белгілейтін екі датаның арасындағы сызықша – қазақ әдебиетінің ұлттық есейіп жаңғыруының айрықша бір мағынаға ие кезеңін тұтасымен қамтиды.

«Поэзия – ақын сыры, ақын сыйы. Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, поэзия алқабында Фариза ақын мен оқырманның жүрегі әлі талай табысып, әлі талай сыр шертісері хақ. Өйткені, Фариза ақынның мәңгілік ғұмыры енді ғана басталды.

Топырағыңыз торқа болып, жаныңыз жәннаттан мәңгілік мекенін тапқай!

Қош, қазақ жырының Фаризасы!

Атырау қалалық әкімдігі,

қалалық ардагерлер кеңесі,

қалалық мәслихат

депутаттары. 

Атыраудың  жанарынан

жас  тамды

Жел ышқынып, ішін тартып, солқ еткізді аспанды,

Алай-дүлей боран тұрып, бір бұрқасын басталды…

Кәрі Каспий тебіреніп, толқындары тулады,

Атыраудың жанарынан ағыл-тегіл жас тамды…

Сәлден кейін ақ қар жауды, қыс бойына жаумаған,

Аппақ дүние, Фариза ақын жырларынан аумаған…

Ақ Жайықтың мұз құшағын қақ айырды ағын кеп,

Бұлтты аспанды мен қайтейін, жүрегімде аунаған?!

Шыңым еді, қиын шақта тірейтұғын маңдайды,

Шыным енді бұл қазақта ондай Ақын болмайды!

Алла өзі берген ақын, бірегей қып таңдайды,

Мыңымыз кеп жыласақ та, орны ешқашан толмайды!

Жырың өлмес, болашаққа қазағыңмен бір барар,

Соны айтады жаңа жауған мынау әппақ, ұлпа қар!

Туған жердің кең төсінде Фариза деп жыр оқып,

Тұрар бәрі. 

Туған жерге сағынышпен оралғанда тырналар…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз