ОЛАРДЫҢ МАҚСАТЫ – БҮЛІК

«Ат-Тәкфір  уаль-Хижра»  ұйымы  экстремистік  деп  танылып,  Қазақстан  аумағында  тыйым  салынды

Исламдағы ең ауыр қылмыстардың бірі – фитна, яғни алауыздық, бүлік тарату болып саналады. Мұсылмандардың арасында іріткі салған адам, оларға жау болып табылады, себебі ол ағайынды ағайынға, діндарды діндарға қарсы қояды.

 

Фитна – мұсылман қауымының өміріндегі ең жаман кезең. Хадистерге сәйкес, кімде-кім бір дінді ұстанушыларды бір-біріне қарсы қойып, жалған айыптаулар істесе, сондай-ақ қылмыс істеуге дайын болса, оларды ауыр жаза күтіп тұрғаны бекер емес. Керісінше, кім ізгі ниет пен татулыққа шақырса, ол адам екі дүниенің бақытына кенеледі. Абу Дауд Мұхаммед пайғамбардың келесі сөздерін жеткізген: «Бүлік таратудан аулақ болғандар шын мәнінде бақытты».

Бүгінгі күні ислам іліміне еркін түрде түсінік беру ғаламдық геосаяси күрестің маңызды бөлігіне айналды. Фанатизм мен төзімсіздіктің жақтастары қоғамды ішінен бөлу және араб әлеміндегі зайырлы режимдерді бірінен кейін бірін жою арқылы мұсылмандардың сенімдерін алдап-арбайтын түрлі әрекеттерге барады. Діни радикализм ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыптарды жоққа шығару арқылы  исламның рухын және бейбітсүйгіштік пен  дінге еріктілік болмысын бұрмалайды.

Мұсылмандар арасында алауыздық тудыратын құралдардың бірі «Ат-Тәкфір уаль-Хижра» экстремисттік ұйымы болып табылады. Ағымдағы жылғы тамызда Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты аталған ұйымды экстремистік деп танып, Қазақстан Республикасы аумағында қызметіне тыйым салды.

Тәкфиризм идеологиясы нені көздейді, оның тәжірибесі қандай? Бірінші кезекте, ол ұйымның атауында көрсетілген екі элемент: тәкфір және хижра. «Тәкфір» –  кәпір деп айыптау немесе үкім шығару. Осы ұйымның жақтастары өздерінің мүддесіне сай келмеген кез келген мемлекетті «кәпір елі» деп айыптай салады. Тәкфір үкімі билік өкілдеріне, оның ішінде саяси лидерлерге, қарулы күштер мен құқық қорғау органдары өкілдеріне де қатысты шығарылады. Сондай-ақ осындай мемлекетті «тағұт» («пұтқа табынушылар») мемлекеті деп атайды және соңында оған қарсы жихад жарияланады.

Олардың қызметіндегі екінші элемент – «хижра». Классикалық исламда хижра – діни ілімін қорғау мақсатында жер аудару деп түсіндіріледі. Бірінші хижраны мұсылмандардың өмірін сақтап қалу үшін Меккеден Мединаға өзінің серіктестерімен Мұхаммед пайғамбар жасаған. Алайда радикализм идеологтары оны өзгеше түсіндіреді. Олар үшін хижра – ол қоғамнан тікелей немесе жанама бөлектену, басқа елдерге шығу.

Сонымен қатар, тәкфіршілік жолын қуушылар – әсіресе өздерінің қатарларына қосудың бастапқы кезеңдерінде жасырынды күңгірт хиджра-сезім арқылы оқшаулауды пайдаланады. Тәжірибеде бұл қоғаммен, сондай-ақ бұрынғы қоршаған ортасында дәстүрлі исламды ұстанушылармен барлық қатынастарды үзу болып табылады. Бұл – әдетті тұрмыс салтынан бас тарту, сыртқы келбетін және «кәфір» деп атауға болатын барлық нәрселерді өзгерту.

Қалыптасқан тұрмыс салттан бас тарту, сыртқы келбетін, киімін және «кәпірлік» деп атауға болатындардың барлығын өзгерту туралы айтылуда.

Тәкфіршілік алдымен, пайдакүнемдік мақсаттарға, мемлекеттік құрылымды әлсіретуге және қоғамды тұрақсыздандыруға бағытталған ислам ілімін бұрмалайтын саяси қозғалыс екенін  түсіну қажет. Радикалдық ұйымдар геосаяси күрестің сыналған құралы болып табылатыны мәлім және қаржыландыру арналары шетелден бастау алатыны кездейсоқтық емес. Тәкфіршілдік пен жихадизм идеялары арқылы санаулы айлар ішінде тұрақты мемлекетті азаматтық соғыстың алаңына айналдыру мүмкін екендігіне Ливия, Сирия, Египет сияқты мемлекеттердегі қайғылы жағдайлар дәлел. 

«Ат-Тәкфір уаль-Хижра» ұйымының Қазақстан аймағында тыйым салынған ұйымдар тізіміне енгізілуі баяндылықты, бейбітшілікті және татулықты сақтау жолында маңызды қадам болып табылады.  Дауға шақыратындар – біздің елімізді дұшпандық пен өшпенділік алаңына айналдырғысы келетіндер, ақша мен билік үшін бейбіт азаматтардың қандарын төгуге дайын, өзін заңнан және қоғамнан тыс санайтындар.

Есбосын СМАҒҰЛОВ,

Дін мәселелерін зерттеу орталығы директорының орынбасары, дінтанушы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз