Өмір күйін шерткен жүрек

photo 2018 12 11 10 58 40 Қоғам

«Жаны  нәзік  адамның  ары  да  таза болады»

 Төлеген АЙБЕРГЕНОВ

«Адамның жер бетіндегі ғұмыры кірпікке ілініп тұрған бір тамшы жас секілді. Кірпікке ілінген жас көзге қайта кірмейді, жерге тамады. Ерте ме, кеш пе, күндіз бе, түнде ме – сол жастың кірпіктен қашан үзіліп түсерін пенде пақыр болжай алмайды. Ол тек бір Аллаға ғана аян»

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ

photo_2018-12-11_10-11-15

Қазір есіме алсам, бар ғұмырын медицина саласына арнаған, соның ішінде өз мамандығына деген ерекше берілгендігімен жадымда қалған Әлия Орынғалиқызы Қарасаеваны алғаш рет көргеніме тұп-тура отыз бес жыл болған екен. 1983 жылдың күзінде ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп,  облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газеті редакциясына қызметке жаңадан орналасқан кезім. Кезекті тапсырмамен облыстық балалар ауруханасына бара қалдым. Мақсат – жаңа жылдық нөмірге ақ халатты абзал жандардың бірінің мерекелік лебізін дайындау.

Бас дәрігер бірден-ақ лып ете түсіп:

– Қазір, қазір, інішек, – деді де, ішкі телефонмен шұғыл нұсқау берді. – Маған Әлияны шақыра қойшы…

Сәлден кейін менің қарсы алдымда аққұба жүзі албыраған ибалы жан тұрды. Өзімнен жас жағынан оншақты жастай үлкен екенін санамен шамалап үлгерсем де, маған оның алғашқы сәттегі тым биязылығы мен қарадай қысылып-қымтырылғаны қызық көрінді. Дегенмен де, мінезі ашық екен, демде әңгімеміз жарасып жүре берді. Жарты сағаттық осы бір жүздесу менің көз алдымда күні бүгінге дейін сол күйі жатталып қалғандай. Одан кейін де  жиналыстарда, әлдебір шаруалармен ауруханаға барғанда, облыстық денсаулық сақтау департаментінде қызмет бабындағы нақты мәселелермен жолығып жүрдік. Соның бәрінде де, неге екенін қайдам, оны өзіме жақын тұтып, әр көрген сайын тал бойынан бір жаңа қасиет, тың ерекшелік тапқандай етене бола түстім. Тіпті, іштей әр қадамына тілекші болғанымды да жасыра алмаймын.

Оның себебі де бар еді. Өйткені, Әлияның әкесі Орынғали ағаны (соғыс және еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы) өте жақсы білемін. Аудандық, облыстық деңгейдегі басшылық қызметтер атқарған Орекең маған ес білгеннен таныс-тұғын. Қаққан қазықтай тіп-тік жүретін, талғаммен киінетін (әлі күнге дейін осылай!)  аристократ қалпын әуелден үлгі тұтатынмын. Ондайда ойыма оралатыны – осындай әкеден өрбіген, тәрбие алған Әлияның да тектілігі. Жалпы, осы «тектілік» деген ұғымды өз басым «кішіпейілділік» деп түсінемін. Адам неғұрлым білімді, өз-өзіне сенімді, қолынан келетін шаруасы көп бола түскен сайын аспанға қарап шікірейе түссе, оның құны көк тиын. Ал, керісінше, мейлінше кішіпейіл болса, оның көргенділігі. Ал, көргенділік дегеніміз шыққан тегінен бастау алады.

«Адамға ақыл керек, ой керек, мінез керек» деген екен ұлы Абай. Әлия Орынғалиқызының өн бойында осы үш қасиеттің бәрі де тұнып тұратын. Оның әріптес құрбыларына туған сіңлісіне ұрысқандай етіп ақыл-кеңес айтып отырғанына да куә болған сәтім бар. Оның да парқын жүре бара пайымдағандаймын. Ежелден қалған енекемдей мақалдап «мораль» оқып отырғаны өмір тәжірибесі асып, ақылы тасып бара жатқандығынан емес, қатар жүрген сырлас құрбысына жаны ашығандық, «осы жақсы болсыншы» деген шынайы көңілі екен ғой. Ал, солай сөйлеудің өзіне қаншама ақылмен қоса, қас-қағымда үйіріп әкетер ой, сарабдал да, салиқалы кейіпке кірер бай мінез керек десеңізші. Анда-санда кездескен сәттердегі осындай көріністердің менің жадымда әлі күнге дейін сол күйінде жатталып қалғандығы да содан шығар…

Қазақта «тумысында тұмарлы туған тұйғын» деген мағынасы терең сөз бар. Яғни, бұл жердегі әңгіме – пенде атаулының парасат-парқында, оның көркем тынысында, өзгеге ұқсамайтын құдіретті қуатында. Жалпы, Қарасаевтар отбасы – аймақ жұртына өнегелі әулет. Күні бүгінге дейін азаматын аялап, оның абыройына қылау түсірмеген Дәметия анамыздың өзі – бір мектеп. Әлияның да салмақты да салиқалы, көркем мінезді, сөзіне берік, ізденгіш те іскер болуы ұшқан ұясында алған ғибратынан ғой. Өз басым алғаш көргенде қатардағы дәрігер болып жүрген ол ерен еңбек, маңдай терімен сол облыстық балалар ауруханасындағы барлық қызмет сатыларынан өтті: бүйрек аурулары бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары, бас дәрігер.

Турасын айту керек, Әлияның облыстық балалар ауруханасында шынайы дәрігерлік ізі қалды. Еңбек жолын неонатология бөлімінде шала туған шараналарды емдеуден бастаған ол кардиология, нефрология бөлімдерінің меңгерушісі болды. Нефрология мамандығы бойынша педиатрия ғылыми-зерттеу клиникалық ординатурасынан кейін арнайы мамандандырылған нефрологиялық бөлімнің жұмысын ұйымдастырды, озық емдеу әдістерін қолдану арқылы нефрологиялық сырқаттарды емдеу мен диагностика жасау жүйесін қалыптастырды. Көрсеткіш ай санап жақсарды. Картотека арқылы диспансерлеу жүйелі жолға қойылды. Соның арқасында сырқаттар жасөспірімдік жасқа дейін катамнезде тексеруден өткізіліп тұрды.

Мұндай күнделікті практикалық жұмыстармен қатар, Әлия ғылыми-зерттеу саласына да ұдайы атсалысып отырды. Ол 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ халықаралық қорының ұйымдастыруымен Алматыда өткен дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету халықаралық конференциясына, 1996 жылы Орталық Азия және Түркия педиатрларының III аймақтық конгресіне қатысып, өз тәжірибесімен бөлісті. Әлияның «Операциядан кейінгі циститтерді лазермен емдеу кезінде зәрдің фибринолиттік белсенділігі мен қан ұйығыштығына тәуелділігі» атты зерттеу мақаласы ҚР Педиатрия ғылыми-зерттеу институтының ғылыми еңбектер жинағында жарияланды. Осының нәтижесінде балаларға нефрологиялық көмекті ұйымдастырудың арнайы бағдарламасы жасақталды. Сонымен қатар, ол өзінің «Несеп жүйесі ауруларының даму факторлары эпидемиологиясы» тақырыбындағы ғылыми мақаласында облыстық балалар ауруханасының стационарлық мәліметтері бойынша несеп аурулары соңғы онжылдықта (1985-1995 жылдар аралығы) екі есе өсе түскенін атап көрсетеді. Яғни, сәбилер арасында жаңа диагностикалық әдістерді қолдану арқылы диспансерлеудің тиімділігін дәлелдеп шығады. Ақыры, Әлия Орынғалиқызы ауруханадан 60 орындық нефрология бөлімінің ашылуына қол жеткізген еді.

Осы балалар ауруханасында табан аудармай жиырма жеті жыл қызмет жасаған Әлия Орынғалиқызы іс-тәжірибесі толыққан, ұйымдастырушылық қабілеті әбден ұшталған әмбебап басшыға айналғанын да көзіміз көрді. Содан да болар, оның 2002 жылдың мамырында облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры болып тағайындалғанын естігенде әнебір таңырқай қойғанымыз жоқ.

– Әлия Қарасаева Атырау облыстық денсаулық сақтау департаментіне жұмысқа тұрғаннан бастап көрсеткіштер бойынша позитивті өзгерістер байқалды. Ол кадр нығайту мәселелерімен белсене айналысты, жас және перспективті мамандарды жұмысқа шақырды. Оған  кейде қатты кедергі жасау, өсек айту да болды, бірақ, ол облыстың денсаулық сақтау саласын дамыту және реформаларды іске асыру жолынан таймады. Ол жетекші-әйел болды, бірақ ештеңеден қаймықпай жұмыс істеді, – деп бағалаған еді сол кездегі Денсаулық сақтау вице-министрі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Диқанбаева.

Айтса айтқандай-ақ, Әлия Орынғалиқызы басшы болған жылдар  ауруханалар мен емханалар жұмысының өрлеу кезеңі болғаны хақ. Атап айтқанда, сол кезде материалдық-техникалық база айтарлықтай нығайды. Жылыой аудандық орталық ауруханасының қосымша құрылысы пайдалануға берілсе, барлық жабдықтары 315 млн. теңгені құрайтын облыстық туберкулезге қарсы диспансер ашылды. Сондай-ақ, 27 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жасалды. Қызылқоға, Мақат, Құрманғазы аудандарына санитарлық автокөліктер алынды. Жылыой, Махамбет, Исатай аудандарында жаңадан емханалар мен аурухана ғимараттары, 73 дәріханалық дүңгіршектер ашылды. Осы іргелі істердің басы-қасында Әлияның өзі күн демей, түн демей жүгіріп жүрді…

Ол өз мамандығын жанымен сүйді, адам баласына пәк жүрекпен, риясыз жүрекпен жан жылуын төкті, ажалға араша тұруға ұмтылды. Алайда, өзінің қанатымен су сепкен қарылғаш ғұмыры ерте қиылды, қапияда жол апатынан көз жұмды. Олай болмағанда, кейіннен қолына алған «Дина-медикал» ЖШС бас директоры және британиялық «Проспект Медикал Каспиан» клиникасының басшысы тұрғысында да науқас жандарға шапағат-шуағын шашып жүрер ме еді?!  «Әлияшымның көңілі бөлек еді ғой, сырқат жанды көрсе, тіпті өзін ұмытып кететін…» деп әкесі Орекең де күрсіне мұңаяды бүгінде. «Бұл дүниеде жиғаны, о дүниеде иманы бұйырсын» деген баталы сөз Әлиядай иманды адамдарға айтылған болар, сірә!..

Тек бір ойландыратыны – Әлия Орынғалиқызы Қарасаеваның есімін ел есінде қалдыратындай етіп ұлықтайтын шақтың жеткендігі. Ол бүкіл саналы ғұмырының 35 жылын медицинаға арнаса, соның 27 жылында облыстық балалар ауруханасының өсіп-өркендеуіне айтарлықтай еңбек сіңірді. Осы ауруханаға Әлияның есімін беру жөнінде Атырау облысының Құрметті азаматтары А.Айбаров, Х.Қалжігітов, медицина саласының ардагерлері Б.Харасов, Ж.Доспаева, Ш.Әміржанова, Ж.Өтемағамбетов, Ш.Қаженбаева қол қойған ұсыныс-хат құзырлы орындарға жолданған екен. Міне, күні ертең – 12  желтоқсанда аяулы Әлияның бақилық болғанына табаны күректей тоғыз жыл толатынын ойласақ, бұл ұсынысты ескеру керек-ақ.

«Құланның түзде көрдім шоқырағын, Қайыңның жаста көрдім жапырағын…» дегендей (Мұхиттың «Зәуреш» ән-реквиемінен), өзгенің қайғысы мен қуанышын өзінікіндей көріп өткен асыл жанның рухы өлмек емес. Ол ел-жұртының жадында сәт сайын жаңғырып, бұлт арасынан шыққан күндей жарқырайды да тұрады, жарқырайды да тұрады. Өйткені, ол өмір күйін шерткен жүрек еді ғой… 

 

Исатай  БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері,  Қазақстанның Құрметті  журналисі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз