МЕШІН ЖЫЛЫН ӘБІШ АҒАСЫЗ ҚАРСЫ АЛУ

Ескі жыл есіркемеді...

Ұлт руханиятының терең тамырлы саялы Бәйтерегі құлады.

Адамзат өркениетіне алып тұлғаны сыйлаған желтоқсан айы кемеңгердің өзін кенеттен алып тынды да. Бұл – осы он екінші айдың оныншы жұлдызынан он біріне қараған түн ортасында болған азалы оқиға еді. Кемел шағы 76 жасқа толғаннан тура төрт күн өтті. Жалған дүние Әбіштей дария дарыннан, абыз ағадан айырылды! 

 Желтоқсанның  ызғарлы   күндері 

Қаралы хабар асығыс жолға шығарды. Тас төбемізден мұзды су құйғандай ес жия алмай, есеңгіреп қалдық. Төсек тартып жатып қалмаған. Жиі-жиі хабарласып отырдық. Фәни жүзіндегі ақтық жылында Әбіш ағаға сәлемдесуге жылдағыдан көп барған екенмін. Әр кездесуіміз бірнеше сағаттық сұхбаттарға созылатын. Кейде сырласумен аяқталатын. Соңғы рет қазан айында бірге болдық. Шөбересі, Абылдың баласы Әділдің сәби қылықтары мен тілін қызықтап мәз болып отыр еді. Клара жеңгеміз куә бәріне.

«Кенеттен» деген тек жай сөз ғана ғой. Әкесі екі жасында алапат соғысқа аттанып, оралмаған баланың жүрегі бүтін болар ма… Шығармашылық жұмыстардың бейнеті мен азабы өз алдында. Барлық шығармаларын мемлекеттік мәртебелі де, жауапты қызметтерде жүріп жазған. Екі кеменің құлағын ұстап, желкенін көтергендей мехнаты мол ғұмыр сүрді. Тәуелсіздік жылдары бірыңғай көсемсөзге көшті. «Үркер» мен «Елең-алаңнан» кейінгі жоспарланған үшінші кітап ішінде кетті. Ол Әбілхайыр ханның қазасынан кейінгі Ұлы даладағы оқиғалардан құралған кең құлашты эпопеяның соңы болуға тиіс-тін. Аяқтауға мұршасы болмады, уақыты жетпеді. Тәңірден тілеп алған Тәуелсіздіктің күйін күйттеді, қалыптасқан ахуалдарды талдады, елдің болашағын қамдады. Осы жолға көркем шығармашылығын құрбандық қылды. Елбасының кеңесшісі, кейіннен мемлекеттік кеңесші қызметтерін атқарды. Оның алдында еліміздің Бас газеті – «Егеменге» басшылық жасады. Он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің Төрағалығына сайланды. Ата Заңымызда тұңғыш көрініс алған Мемлекеттік хатшы лауазымын жеті жылға жуық уақыт атқарды. Ел өмірі мен еңбек жолының қиындықтары мен күйзелістерін бір кісідей бастан кешірді. Тоқсан сегізінші жылы дәптеріне түскен мына бір жыр жолдарына үңіліп көріңізші.

«Шалқыған кеше төре,

бүгін ғаріп,

Жүр дей ме мына заман

тілімді алып.

Сыртымнан сыпсыңдайды

сыншы ағайын,

Онсыз да тұр жүрегім

сығымдалып.

 

Барады сығымдалып

ет-жүрегім,

Бұл құлақ не сұмдықты

естімедің?

Таңертең жазық жатса

қас-қабағым,

Жабыңқы жауар

бұлттай  кешке реңім.

 

Күйініп күлдей болып

келем үйге,

Ұғатын бір пенде жоқ

мен не күйде.

Өкпені өсекке орап

бұрқыратып,

Өлеуреу де өнер ме,

япыр-ай, бұл не?».

Мемлекеттік қызмет пен қаламгерлік қарымын ұштастыра жүріп, қоғамнан абырой еншілеу – екінің бірінің пешенесіне бұйырмаған дүние. Әбіш аға – осынау биікті бағындыра білген тұлға! Онысы, әрине, Алла берген дарыны, даңғылдайын ақыл-ойы, адалдығы мен еңбекқорлығының арқасы.

Соңғы бес-алты жыл көлемінде жүрегіне салмақ түсірген жағдаяттарды жақсы білеміз. Жаңаөзендегі оқиғалар жанына қатты батты. Айлар бойы оңаша қалып түнеріп жүрді. Егіздің сыңарындай бірге өсіп, қатар өмір сүрген Фариза апаның қазасы да жеңіл тие қойған жоқ. Сәт-сағаты келген кезде оларды да сараптармыз, таразылармыз, талқылармыз. Тағдырдың соңғы ауыр соққысы «тар құрсағын жібіткен, тас көкірегін иіткен» тұңғыштары Әулеттің қапиядағы қазасы болды. Одан бері де екі жарым жыл өтті. Өткен жолғы бір әңгімеде «жүрегімнің қызметі елу бір пайыздың төңірегінде» деп еді. Дәрігерлер алдыңғы жылы алпыс төрт пайызға теңеген. Туа бітті Алладан бұйырған сабыр мен шыдамның, рухани қажыр-қайраттың, күш-жігердің қуатымен сыртқа сездірмей жүрді ғой. Қайран, ағатай!

Шардара – Шымкент – Астана арасы айшылық жолдай тым-тым алыстап кетті. Күтпеген хабар тосыннан болған ауыр соққыдан бетер… Қабырғаңды қаусатып, ой-санаңды сансыратып кетеді екен. Мән-жайға барып қанықтық.

Клара жеңгеміз ол күні ешқандай оқыс оқиға болмағанын айтты. Мұхтар Алтынбаевтың мерейтой салтанатынан өте көңілді оралыпты.

Қонақасы күні сәскеде сенатор Қуаныш Айтаханов көңіл айтуға келді. Ежелден таныс, сыйлас кісіміз. Әбіш ағаның «Нұрсаядағы» депутаттар үйінде бірнеше жыл көрші тұрған. Парламент залында қатар отырған. Ағаның қадір-қасиеттерін тереңнен сезінетін, айрықша құрметтейтін, әбден аралас-құралас, рухани інісіне айналған азамат. 10 желтоқсан күні әйгілі Халық қаһарманы, ұшқыш-генерал Мұхтар Алтынбаевтың Парламент қабырғасында өткен 70 жастық мерейтойына аса жайдары көңіл-күймен қатысыпты. Қошеметпен төрге отырғызылған. Барша депутаттардың атынан сөз берілген. «Мұхтар, сен аспанды жерге, жерді аспанға жақындатқан нағыз батырсың ғой!» – деп, көсіліп, шешіліп сөз сөйлеген. Шешеннен сөз артылған ба! Ағынан жарылып, ақ тілектерін жеткізген.

«Өй, айналайындар-ай!» деп бұрынғы әріптестерімен ақжарқын амандасыпты. Айқара құшақтап, бауырына басыпты. Мерейтойдың мерейін өсіріп кетіпті.

Қуаныш Айтаханұлы айтады: «Салтанат аяқталғанша, Әбекеңнің қасында жүрдім. Мерекелік дастарханға рахмет айтып, бәрімізбен жылы қоштасты. Құрметпен шығарып салдық. Жүзінен, жүріс-тұрысынан қиналыстың, сырқаттың табы сезілмеді. Екінші қабатқа екі рет көтерілгенде де тым жеңіл шықты. Әдетте қолтығынан демеп жүретінбіз. Жарқыраған жаймашуақ кейпімен көз алдымызда қалып қойды…».

Өзі сан жылдар қызметте
болған, талай-талай ой қазыналарын ақтарған, іргелі жиындардың бел ортасында жүрген, қайраткер болып қалыптасқан Парламент үйімен, өзіне ерекше сый-құрметпен қарайтын қызметтестерімен, әріптестерімен мәңгілікке қоштасуға барған екен ғой деп ойладық. Қазақтар мұны «бой жазу» дейді. Осы әңгімені соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін ертеңіне кешқұрым отбасында бас қосқан сенаторлар Қайрат Ищанов пен Бірғаным Әйтімова да қайталады.

Клара жеңгеміздің мамандығы – дәрігер. Көпті көрген, ел анасы атанған Айсәуле мамамызға қалтқысыз қызмет көрсетіп, бағып-күткен, батасын алған, жарты ғасырдан аса кезеңде бақытты жұбайлық ғұмырын бірге өткізген, жарының қасы мен қабағынан жан дүниесін де, көңіл-күйін де, бәрін-бәрін терең түсінетін кемел жан. «Жатар орынға жете бергенде демі қысылып, қинала бастады» дейді. «Жедел жәрдем» жеткенше кетіп қалыпты. Бір ауыз тілге келмеген. «Ажал айтып келмейді» деген осы да. 

         Абыз  ағаның Оңтүстіктегі  іздері 

Әбіш аға тұңғыш рет біздің Шардарадағы шаңырағымызға 1980 жылдың мамыр айында келіп еді. Қазақ әдебиетінің Шымкент облысындағы күндері өтіп жатқан. Асанбай Асқаровтың басшылық кезі. Орталық Комитеттің мәдениет бөлімінің сектор меңгерушісі жасанды теңіз жағасындағы төрт қақпалы шаһарды таңдапты.

Наурыз айында үйленіп, отау тіккенбіз. Тойға шақырылған. Қатыса алмаған. Енді, міне, құттықтау жеделхатымен ілесіп, асқар таудай ағамыздың өзі де келіп жетті. Атамыз Мұқан бабаға «сәлем беремін, немере келініне құтты болсын айтамын» деген ізгі тілектен туған ниеті екен. Жалғыз келмеген. Қасында айтулы ақындар Тұманбай Молдағалиев пен Сағи Жиенбаев, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Әмірсейіт Әлиев, аупарткомның бірінші хатшысы Лесбек Бекжанов, аудандық атқару комитетінің төрағасы, ол кезде уыздай жас жігіт, қазіргі сенатор Қуаныш Айтаханов, басқа да бірқатар марқасқа бар.

Аудандық «Өскен өңір» газетінде мәдениет және хаттар бөлімінің меңгерушісімін. Өлеңдеріммен таныла бастаған кезім. Күндіз болған жұртшылықпен кездесуде сөз сөйлеп, жыр оқыдым. Әбіш ағам «айналайын» деп қасынан тастамай, қайда барса да, ертіп жүрді. Басшылардың да, қосшылардың да маған мейірі түсіп, жақсы көздерімен қарай бастағанын байқап қаламын. Үлкен кісінің інісі болу үлкен бақыт екендігін бір-ақ күнде түсініп шыға келдім. Әрине, таудай жауапкершілігін кейінірек ұғына бастадым. Ертеңіне таң азанымен үйіміздің төріне шығып отыр… «Құтты болсын» айтылған, той тойға ұласқан шаттыққа толы күн болды. «Мұқан бабаның үйіне 6-7 «Волгамен» құрметті қонақтар келіп кетіпті» деген хабар айналаға тез тарады. Ауыл адамдары мұндай жаңалықты ұмыта қоймайды. Қазірге дейін еске алатындар баршылық.

Әбіш аға дастархан басында: «Күріш бірде өссе, бірде өспейтін шығар. Қой бірде төлдесе, бірде төлдемейтін болар. Үйленген жастар өсіп-өркендей берсін», – деп көсіліп тілек айтты. Үстіне қаракөк жолақтары бар ақсұр көйлек киген. Қап-қара толқынды шаштарының арт жағы қолмен бұйраланғандай, жылтырай желкілдеп желкесін жауып тұрады екен. Қылшылдаған қырық жастағы кезі екен-ау… Менің қайран жиырма бестің әнін шырқап, жырын жырлап жүрген кезім ғой…

Мұқан бабамыз Ақтөбенің Табын ауданында туылған. Сағи Жиенбаевтың аталарын тізіп тұрып айтып бергенде ақкөңіл ақын орнынан ұшып түрегеліп, атамыздың сақалынан шөпілдетіп сүйе берген. Бұл көрініске бәрі мәз. Бабамыз Кердері Әбубәкір мен Тіней Зәкарияның жырларын жатқа соғып, қонақтарды бір серпілтіп тастады. Жанарлары көзілдірігінің ар жағынан күлімдеп тұратын тым жайдары, сергек те сезімтал Тұманбай ағамыз үйден шыға берісте: «Әй, Әбішжан-ай, шалғайдағы Шардараға алып келіп, Сағидың ата-бабаларын тірілтіп бердің ғой… Осы бүгін бәрімізден бақытты бір адам бар. Ол – менің Сағи досым!», – деп рахаттанып күліп жатыр. Қонақтар көліктеріне отыра бергенде Мұқан бабамыз: «Әбіш сөйлеген кезде екі шекесі бүлкілдеп қозғалып тұрады екен. Таңдайы жарылған шешен. Бес Жаңайдың бірі, Төрт Мұңалдың жиені, Қыдыр қонып, бақ дарыған Қожаназардың тұқымы ғой… Нағыз Нар бас! Осы жасыма жеткенше мұндай басты көрмегем. Ғұмыры ұзақ болғай!», – деп сүйсініп тұрды.

Кейінгі бір әңгімеде ағамыз: «Мұқан бабаның киелі кісі екенін сол кезде сезіп едім», – деп бір қойған.

Кейіннен «Құс қанаты» повесін оқығанда бас кейіпкер «солпы етек, шұбалаң жаулық» қара кемпірдің қара баласының шашын алып беретін ақсақ қоймашының мына бір сөздеріне тәнті болып, бабамыздың бағасымен үндесіп жатқандығына таң-тамаша қалып едім: «Мына пәтшағардың басы қызық екен. Маңдай жағы жаңа піскен шәмші қауындай дөңгеленіп жатыр да, желке жағы қазанның асқабағындай қыртыс-қыртыс. Екі шекесін қара, әлдекім дойырмен тіліп өткендей, жыртылып-айырылып тұр. Мынауың әйтеуір, мен көрмеген бас екен!».

«Айтпақшы, мен бірінші барғанымда қызыл көрпе жамылып ұйықтап жатыр едің ғой, – деп әзілге бұрып, өткен кезеңді көз алдыма елестетіп берген. Сол жолы аудан басшылары: «Әбеке, ініңіз біздің қамқорлығымызда болады, қам жемеңіз» деген жылы сөздерін айтып қалғаны да есімізде қалыпты.

1986 жылы Әбіш аға Клара жеңгемізбен, Фариза апамызбен, көрнекті ғалым Хабиболла Сыдиықов Гүлшәт жеңгемізбен Мұқан бабамыздың 90 жастық торқалы тойына қатысты. Тоқсаныншы жылы ғасырға жуық ғұмыр сүрген, Алты Алаштың шежіресін майын тамызып әңгімелейтін, халыққа, жетім-жесірге қамқор, пана болғандығынан шығар, азан шақырылып қойылған есіміне «баба» деген сөз қосылып, Мұқан баба атанған атамызды соңғы сапарға шығарып салуға төрт жасар немересі Абылды да алып келіп еді. Қабір басына дейін барып, өз қолымен топырақ салды… Мұнан кейінгі жылдары да Шардара жеріне бірнеше рет қадам басты, құтты қонағымыз болды. Әрине, әрбір сапары мұндағы қалың ағайын бас қосатын шынайы мерекеге ұласатын.

Абыз ағамыз сонау студенттік жылдарынан бері Оңтүстік өңірімен аралас-құраласын, бауыр байланыстарын үзген жоқ. Тоқсан үшінші жылы мамыр айында Елбасының Кеңесшісі қызметінде Ордабасыда Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге арналған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Президенттері бас қосқан Ұлы жиынның ұйымдастырушыларының бірі болды. Түркістанның 1500 жылдық тойына, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде Абылай ханның сүйегін қайта жерлеу рәсімдеріне, Бәйдібек, Сіргелі бабаларға берілген ас мерекелерге, ел арасындағы басқа да іргелі жиындарға қатысты. Өткен жылдың мамыр айында Қазығұртта белгілі азамат Бекет Тұрғараевтың басшылығымен Ұлы Жеңістің 75 жылдығы құрметіне жасалған мемориалдық кешен мен Түлейболат баба ескерткіші ашылған іргелі жиындағы: «Мен үшін «соғыс» дегеннен өткен суық сөз жоқ. Екі жасымда әкем маңдайымнан иіскеп, соғыстан «қайта оралам» деп қоштасып кеткен екен. Әлі күнге оралған жоқ. Осы ескерткіш соғысты еске салатын соңғы белгі болғай!», – деген аталы сөзі ел-жұртты тегіс тебірендіріп еді. Мынау дүниедегі соңғы қыркүйегінде Сарыағаштағы «Алтын бұлақ» шипажайында демалып кетті. 

              Нұр  Атадашілдеде  жаңбыр  сіркіреген  күн 

Бұдан он шақты жыл бұрын Әбіш ағамыздың жөн сілтеуімен, өзі жазғандай, «туған жері белгісіз, өлген жылы белгісіз, жатқан жері белгісіз» Әйтеке бидің сүйегі жатқан орынды анықтап едік. 2013 жылы ағамыздың нұсқауымен Орынбор облысындағы Әбілхайыр ханның зайыбы Бопай ханым жатқан жерді көріп қайттық. Ағамызды соңғы сапарға шығарып салған ас үстінде Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов 1995 жылы тамыз айында Әбекеңнің өтінішімен қайраткер ханым жатқан жерге бірге барғанын әңгімесіне арқау етті.

Жаңа ғасырдың тоғызыншы жылы, шілде айының отыз бірінде Әйтеке би кесенесінің ашылу салтанатындағы табиғаттың бір құбылысты оқиғасы жадымнан кетпейді. Әбіш ағам мен Клара жеңгеміз отырған ұшақ Ташкенттен көтеріліп Бұқара әуежайына қонғанда, шіліңгір шілденің ми қайнатқан ыстығы ауаны өрт жалынымен шарпып тұрған. Әуелі Баһауеддин Нақышбанд әулиеге зиярат жасадық. Навои шаһары арқылы Нұр атаға қарай бет алдық. Қос ұлы өзен – Әмудария мен Сырдария аралығында, Мауреннахр өлкесінде теріскейге қарай зулап келеміз. Әбіш ағам осы аймақтың екі мың жылдық тарихын қазбалап, сөйлеп келеді. Бейнебір осы жерде туып-өскен сияқты. Тарихи тұлғалар, жер, су, құм, тау атауларын, көне қалашықтарды жіпке тізгендей еске түсіріп келеді. Ескендір Зұлхарнайынның жер қайысқан қалың қолы маңдайлары тасқа тигендей осы Нұр атада жеңіліс тапқан. Сол қасіреттен кейін артқа шегініп, Сырдарияға дейін кері жөңкіліп, қазіргі Өзбекстанның Гүлстан қаласы төңірегінде қаза тапқан. Тұран дүниесі, «жеті өлікке жан берген, жеті пірге қол берген» Бахауеддин әулие, Әмір Темір, Ұлықбек, Жалаңтөс Баһадүр, Ораз би, Әйтеке билер туралы біз естімеген, ешқайдан оқымаған мағлұматтар тайға таңба басқандай көріністермен баяндалып жатты. «Қаракөл қай маңда еді? – деп, кенеттен сұрақ қойып, сүлік қара «Мерседестің» терезесінен жол бойындағы созылып жатқан құмды жоталарға көз салды. – Көк Орданың астанасы еді ғой. Бір кезде Арғындар Арқаға қарай осы жерден көшкен замандар болған…». Қаракөл Бұқараның сырт жағында, Әмудария жағында қалғанын айттық.

Бұл Халық жазушысының жайдан-жай келісі емес еді. Ол өзінің әйгілі тарихи, философиялық «Әйтеке би» зерттеу еңбегінде Ұлы бидің туған, өлген жылдарына, жатқан жеріне болжам жасап, нақтылап берген болатын. Кейін қоғамдық қорлар, атымтай жомарт кәсіпкерлер ұйымдасып, Қазақстанның өзбек еліндегі елшілігі қызметкерлері іліп әкеткен қастерлі шаруа қайырлы іспен аяқталды. «Ғасыр оқиғасы» деп бағаланған, барша қазаққа көзайым қуаныш болған үлкен істің бастауында Әбіш Кекілбайұлы тұрды. Жалпы, Әйтеке би тақырыбына тұңғыш түрен салған – Кекілбаев! Әрине, отыз жыл бойы қалам тербеген марқұм Мұқадес Есламғалиевтің еңбегін, сірә да, жоққа шығара алмаймыз. «Иә, ол да үш арыстың тірегі, үш асылдың бірі еді. Дүние жалған десейші!» – деп, алғаш рет Алты Алашқа жар салып, замандастарының назарын аударған, ұлықтауға шақырған, жас буынға аманат еткен. Әбіш ағаға айтқызсаңыз, шіркін!.. Әйтеке бидің Нұр атада туып, осында жерленгенін қолмен қойып, жілік-жілікке бөліп, айна-қатесіз деректерге тіл бітіріп сөйлетеді келіп. Сол замандағы қазақтың игі жақсыларымен бірге жүріп, бірге дәмдес, табақтас болып, бірге көшіп жүргендей әсер қалдырады.

– Әйтеке би – Алаш ішінде Алшыннан, Алшын ішінде Әлімнен тарайды. Әлімнен – Төртқара – Қараш. Қараштан Сейітқұл туады. Әз Тәукенің төртінші атасы Қасымхан, иә, кәдімгі Сарайшық астанасы болған, топырағы осы жерден бұйырған ханның өзі. Ол дүниеден өткесін қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдария бойындағы қонысын тастап, таулы қыраттар қызылдың құмымен шектесіп жатқан Нұр атаға көшіп келеді. Әйгілі Әмір Темір астана жасаған Самарқанның солтүстік батыс жағындағы суы таза, ауасы тұнық – нағыз жер жаннатының өзі. Шығай ханның қасында Сейітқұл деген кісі болған. Ол қай Сейітқұл? Иә, кәдімгі Төртқара Сейітқұлдың өзі! Оның «сен тұр, мен атайын» дейтіндей атақтары жер жарған сегіз ұлы болған. Ең атақтысы – Самарқанды 40 жыл билеген Жалаңтөс Баһадүр сол кезде 5 жаста екен. Оның үлкен ағасы Ақша Қоқан ханы болған. Ақшадан – Бәйбек, Бәйбектен Әйтеке туған. Жалаңтөс Баһадүрдің тәрбиесінде болған. Ұлы билеуші қайтыс болғанда небәрі 12 жасқа толған кезі екен. Баһадүр 1766 жылы дүние салған. Ендеше, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанындағы: «өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті, келгенде 56 жасқа ажал жетті» дейтін жолдары бидің 1644 жылы туып, 1700 жылы қайтыс болғанын айғақтайды. 1711 жылы Аралдың терістігіндегі Қарақұм съезіне қатысқандардың арасында Әйтекенің есімі аталмайтындығы оның бұл жиыннан көп бұрын қайтыс болғанын айтып тұрған жоқ па? Әйтеке бидің Түркістандағы Хан сарайынан төре тұқымымен келіспей, ренжісіп атақонысы – Нұр атаға қайтып келіп, опат болғандығының себептері – өз алдына басқа әңгіме.

Әйтеке би кесенесі ашылар сәт тал түске дендеді. Алғашқы сөз, әлбетте, Әбіш ағаға берілді. Бұл Қызылқұм қойнауында Ұлы би дүниеден өткеннен кейін Алты Алаштың, басқа да түрлі-түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері бас қосқан үш ғасырдан кейінгі ұлы жиын еді. Бұл аймақтағы қарға тамырлы қазақ қана емес, діні бір болғаныменен, тілі мен түрлері ұқсамайтын қалың жұртшылық мұндай мерекені көрмегелі қашан. Бұл жақтан біздің ел ауғалы қай заман. Қалған бөлігі тәуелсіздік жылдары атамекенге оралып жатты. Мұнда қазір, негізінен, екі мың жыл бұрын келген парсылардың тұқымдары өмір сүреді. Ислам дінін таратуға келген Сейітқожалар ұрпақтарына сыйынады.

Әбіш ағам сөзін бастай алмай кідіріңкіреп қалды. Толқып тұр. Көңілі босап тұрғанын байқадық. Тыңдарман халық селт етпей сыбыр-күбірсіз аңтарыла қарап отыр. «Не айтар екен?» деп елеңдесіп күтулі. Төбеден жалынын шашқан Күн-құдірет күйдіріп барады. Уа, ғажайып! Нұр ата тауының бір биігінен кесене жаққа қарай қазбауыр бұлттар жылжып келеді. Әлде ыстық жалын демін қысып бара ма? Немесе үш ғасырдан кейін басына шырақ жағылған Әйтеке бабасының тағдыры толқытып тұр ма? Халықтың алдында қапысыз сөз айтатын, әбден ысылған қабырғалы қайраткердің де қапияда сөз бастауға қиналатын сәті болады екен-ау? Бірте-бірте қоюлана түскен бұлтты аспан, айналаға көлеңкесін түсіре бастады. Әбіш аға басын көтеріп, шалқая қарап, көк жүзіне телміре көз салады. Көк Тәңірімен тілдесіп тұрғандай. Осы сәтте жылы жаңбыр сіркіреп қоя бергені. Шілдеде Нұр атада жаңбыр жауғанды кім көріпті, шіркін! Қарайған жұрт қапелімде аспаннан су бүркіп бір құдірет келіп қалғандай дүркіресіп көкке бір қарайды. Алдарында төралқадағы алқалы топта маңдайы жарқырап тұрған шешенге бір қарайды. Оң қолының алақанымен жаңбыр суы араласқан маңдай терін бір сипап тастап, көмейіне тіреліп тұрған сөз бастауын ағытты-ай келіп… Бәсеңдеу басталып еді, бара-бара ағыл-тегіл дария көшкендей ақтарыла бастады. Жарты сағаттан астам арғы-бергі тарихты тереңнен толғап, тебіренді келіп… Тоқтамай, іркілмей, барған сайын тынысы ашылғандай, қанаты жайылып бара жатқандай…

Төле, Қазыбек, Әйтеке билер түгел тіріліп келгендей, осы қазір арамызда отырғандай күй кештік. Ұлы даладағы небір есте жоқ ескі дәуірлердегі шежіре-сырлар көмейден емес, көктен хабарланып жатқандай ғажайып әсерде тұрмыз. Бауырлас Орта Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігінен артық құндылық жоқ екенін тебірене айтты. Ынтымақтастыққа, бірлікке, татулыққа шақырады. Әз бабалар осындай асыл мұраттармен өмір сүргенін баршаның жадына салды. Мұндайда сабыр мен шыдамның орны бөлек екендігін тұспалдады. «Ынтымақтан асқан – береке, бірін бірі ұғыса алмаудан асқан келеке жоқ» деп қадап айтты.

Әбіш әлемі алқалы жұртты бауырына тарта бастады. Көпшілік таңдай қағып тамсанысты. Барған сайын жауһар сөз, шұрайлы тіл тыңдарман халықтың жан дүниесіне еміреніп еніп, тебіреніп тереңдей бастады. Шешен тіл мен көсем сөз аяқталғанша аспан жақтағы қызуы күшті күннен қорғап  тұрған, бұлт болып көмкерілген алып шатырдың көбесі сөгілген жоқ. Жайма-шуақ самал есіп тұрды. Қайтадан орнына жайғасқанда тебіренген халық теңселіп кетті. Әйтеке бидің әруағымен Әбіш ғұламаның ой, тіл құдіреті астасып жатқандай күй кешті. «Мына кісі тегін емес екен» деген күбір-сыбыр сөздер естіліп жатты… «Көкке көз тастап еді, жөңкіліп бұлттар келді шуда-шуда. Сөзінен сәл кідіріп еді, сіркіреп жаңбыр жауды…».

Жиын қорытындыланып, біз көлікке отырғанда күн жарқырап қайта шықты. Ұлы бесінде аптап ыстық қайтадан күшіне ене бастады. Кәдімгі аспан жерге түскендей алаулы от… Көлікке отырғанда Әбіш аға тым көңілді еді: «Сәті түскен сапар болды-ау, – деп арқамнан қақты, –Таңертең Баһауеддин қазіретке тәу еткеніміз дұрыс болды-ау. Осы бізде Нақышбандия ілімі насихатталмайды. Оның себептерін кейін бір айтып берермін. Үйдегі кітапханамда біраз кітаптарда бар, оқимын десең…».

Бұлар өзіміз куә болған, естіген оқиғалардың бірер парасы ғана…

Ескі жыл есіркемеді.

Мешін жылын Әбіш ағасыз қарсы алдық.

 

Жұмабек МҰҚАНОВ, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз