МЕРЕЙІ ТАСЫҒАН МЕЙІРБИКЕ

Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз бар. Осы ретте Еркінқала селолық амбулатория мекемесінде 35 жылдан астам мейірбике болып қызмет етіп келе жатқан Света Алашқызының есімін құрметпен атар едік. Өнегелі отбасынан шыққан ол өзінің еңбекқорлығы мен мамандығына деген қалтқысыз құрметінің, кең пейілінің арқасында ауыл тұрғындарының ілтипатына бөленуде. Антына адал ол күн демей, түн демей ауылдастарының денсаулығы жолында қанатымен су сепкен қарлығаштай қорған болып келеді. Содан да ұжымдастары мен ауылдастары оны ақ желеңді абзал жан деп орынды мақтан етеді.

– Мен үшін адамдарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, қалтқысыз қызмет көрсету – басты міндет. Осы жолда еш аянбақ емеспін, – дейді Светаның өзі ағынан жарыла.
Міне, өз ісін сүйген, өз кәсібіне адал жанның кіршіксіз таза кредосы бұл. Ләйім, осы бағыттағы еңбегің жемісті болғай, Света!

Молдан ҚҰМАРҒАЛИЕВ,
Жайлан ОРАЗОВА, еңбек ардагерлері,
Еркінқала ауылы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз