МЕҢДІБАЙДЫҢ МЕРЕЙЛІ ШАҒЫ

белгілі журналист М.Сүмесіновтің мерейтойы

салтанатпен атап өтілді

Есімі атыраулықтарға етене таныс, белгілі журналист, қарымды қаламгер, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Меңдібай Сүмесінов жақында 60 жасқа толды. Оны «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымындағы әріптестері елеусіз  қалдырмады.

 

Осыған орай «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында ұйымдастырылған жиынды кәсіпорын директоры Төлеген Берішбай кіріспе сөзбен ашып, мерейтой иесін құттықтады. Алдымен асқаралы алпыс жастың асуына көтеріліп отырған Меңдібай Елемесұлының еңбек жолына, шығармашылық жетістіктеріне тоқталған ұжым басшысы оған жылы лебізге толы Алғыс хаты мен ақшалай сыйлығын, одан бөлек республикалық салалық кәсіподақтар федерациясының «Құрмет» төсбелгісін, сондай-ақ Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының Құрмет грамотасын   тапсырды.

Бұдан кейінгі құттықтау сөз кезегі қонақтарға берілді. «Атырау жылу-электр орталығы», «Атырау-Жарық», «Атырау жылу жүйелері», «Эмбаведьойл» акционерлік қоғамдары атынан мерейгерге арнаған ізгі тілектерін осы кәсіпорындардың басшылары Мұхамбетқали Қалиев, Айбар Рахманов, Жанұзақ Әбуғапаров (бірінші тете-президент), Ибрай Сейітов (бас геолог) жолдады. Сонымен бірге арнайы дайындап әкелген сый-сияпаттарын ұсынды, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты. Олардың барлығы да жалпы журналистердің жан-жақты, әмбебап мамандық иесі саналатынын, соның ішінде Меңдібай Елемесұлының тәжірибелі журналист ретінде қай тақырыпты да жатсынбай, батыл түрде қозғап, тереңінен жаза білетінін, әсіресе, энергетиктер мен мұнайшыларға жақын жүретінін айтып,  ризашылықтарын білдірді.

Келесі кезекте мерейгерді «АйсТрансХолдинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жаңбырбай Жолдыбаев, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының атынан сөз алған баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалия Қаражанова құттықтаса, қаламгердің туған, кіндік қаны тамған топырағы Жылыой ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Болат Ізімов жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізді. Аудан әкімі Мақсым Ізбасовтың атынан жазылған Құттықтау хат пен сыйлықты табыстады.

Бұдан кейін ұжымдағы әріптестері атынан облыстық «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің бас редакторлары Исатай Балмағамбетов пен Нәсіп Шалабаева мерейгерді құттықтап, ізгі тілектерін арнады.

Соңынан алпыс жасқа толып отырған абыройлы азамат, ардагер журналист, жастардың тәлімгер-ұстазы Меңдібай Сүмесіновтің өзі сөз кезегін еншіледі. Көрсетілген құрмет пен ұсынылған сыйға ризашылығын білдіріп, рахметін айтты. Отбасы атынан да қошеметші қауымға осындай алғыс арналды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суретті түсірген

 Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз