МАЛШЫ МИНИСТРМЕН СӨЙЛЕСЕДІ

Халыққа қызмет көрсету орталығы Қызылқоға аудандық бөлімінде электрондық Үкімет порталының «Азаматтар мен Үкімет» бөлімі арқылы  онлайн режимінде  мемлекеттік органдар басшыларының азаматтарды қабылдау жұмыстары жүзеге  асырыла бастады.  Облыс орталығынан шалғайда  қоныс тепкен Қызылқоға   өңірі тұрғындары да орталық  және  жергілікті  мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына онлайн режимінде қабылдауға жазылуына мүмкіндік туып отыр. Ол үшін электронды Үкімет порталы  www.egov. kz арқылы  тапсырыс беру қажет.

– Бұл қызметті пайдалану үшін не істеу қажет? – деген сауалымызға Халыққа қызмет көрсету орталығы аудандық бөлімінің инспекторы Самғат Бекенаев былай дейді:

– Алдымен порталда авторластыруды (порталға бірінші рет кірсеңіз тіркелуді) жүзеге асырыңыз. Сервистің бетіндегі «Онлайн қызметке тапсырыс» түймешесін басып, өзіңізге қажетті  органды таңдайсыз, оның бірінші басшысының  жұмыс кестесімен танысасыз. Бұдан кейін бейнеконференция байланысын өткізу үшін  келуге ыңғайлы  Халыққа қызмет көрсету орталығын, басшының қалайтын күнін, өзіңіздің байланыс деректеріңізді көрсетіп, қабылдауға жазыласыз. Бұл мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – мемлекетіміздің  әлеуетін жақсарту жолында  халықтың белсенділігін арттыру және жоғары сатыдағы мемлекет басшыларына қарапайым ауыл тұрғындарының қолжетімділігін кеңейту болып табылады. Осы қызмет түрі туралы толық ақпарат алу үшін Бірыңғай байланыс орталығындағы «1414» телефонына хабарласуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығы аудандық бөліміне қазірдің өзінде  жергілікті тұрғындардан көптеген өтініш түскен. 

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз