МАҢҒЫСТАУДЫҢ МӘРТ ЖІГІТТЕРІ

атыраулық Бикамал әже зиратына арнайы белгі орнатты 

Күнделікті тірлікте әр адамның маңдайына түрлі тағдырдың жазылатындығын көріп те, естіп те жүрміз. Әңгімемізге арқау болғалы тұрған кейіпкеріміз Бикамал әжейдің пешенесіне де қаталдау тағдыр жазылыпты. 1904 жылы өмірге келген ол Айдарбай Сатыбалдиев деген азаматпен шаңырақ көтереді. 

Ел басына ауыр күн туып, Ұлы Отан соғысы басталғанда ері қолына қару алып, майданға аттанғанда Бикамал жалғыз қызы Сақыпжамалымен қалады.  Майдан даласынан оралмаған жарының артында қалған көрер көзге сүйкімді, он сегіз жасар қызына тіл-көз тиіп, қапыда айырылған анаға жалғыз тіршілік кешу оңайға соқпады.

– Бикамал жеңгеміз елуінші жылдары Гурьев педагогикалық институтының жатақханасында вахтер болып жұмыс істеді. Саман тастан тұрғызылған, ортасын пешпен бөлген шағын үйдің бір бөлмесіне Маңғыстау өңірінен келген студент балаларды тұрғызды.  Ол кісімен жақын туыстығымыз болғасын шығар, 1958-1959 жылдары кәсіптік училищесінде дәріс ала  жүріп, мен де жеңгейдің үйінде жатып оқығанмын. Өзі сондай балажан, бір үзім нанын  да бізбен бөлісіп жейтін, пейілі кең, қолы ашық, адамға қамқорлығы жоғары жан еді. Бізден кейін де талай қазақ жігіттері апайдың үйін пана қылды. Студенттік думанды қызықтарын өткізіп, білімдерін алып, жан жаққа кетіп жататын, – дейді Бикамал апайдың жақын қайын інілерінің бірі, кәсіптік білім беру жүйесінің ардагері Жексенғали Сағызбаев бізбен әңгімесінде.

Бар ғұмырын пединституттың студенттер жатақханасында вахтерлік жұмысқа арнаған әжейдің ескі қараша үйінің бір бөлмесі қазыналы түбектен арман қуып  келген өрімдей жастарға жарты ғасырдай құтты баспана болды. Бойынан әл-қуаты кеткен кейуананы кейінгі жылдары жақын келіні Үнзила қолына алып, қамқорлады. 1998 жылы 94 жасында өмірден өткен әжесін арулап жерлеген де, ағайындарымен барлық қаделерін өткізген де осы келіні-тұғын.

Туған анасындай болып кеткен Бикамал әжейдің зираты басына дұға етіп, өз қолдарымен мәңгілік мекеніне ескерткіш-құлпытас орнату жайы бір кездегі маңғыстаулық студенттерді   көптен мазалайтын. Кезінде түрлі себептермен жолдары түспеген, әр жылдары Гурьев педагогикалық институтын бітіріп, бүгінде сан салада еңбек етіп жүрген маңғыстаулық Ғалым Нұрпейісов, Қойшыбай Қамысбаев, Мәди Жұмалиев, Сәрсенбек Қалаубаев, Бисенбек Нәдіров, Жұмат Дошымбаев, Аманғали Дәулетбаев, атыраулық Аманкелді Иманғазылар жуырда сол бір ойларын іске асырды. Олар «Жөнелген» қауымына жерленген Бикамал әжейдің аруағына дұға бағыштап, зиярат етті. Биіктігі бір метрден асатын қара мәрмәр тасқа бейнесі қашалып салынған құлпытас  орнатты. Әжейдің бойынан адами асыл қасиеттерді көрген, оны аналарындай сыйлай білген маңғыстаулық бұрынғы студент балалары белгі қойған құлпытаста мынадай өлең жолдары жазылған екен:

«Бір-бір үйдің үміт күткен тентегі ек,

Әже деуші ек өзіңізге еркелеп.

Ана болдың, пана болдың біздерге,

Кешір, әже, келе алмадық ертерек.

Маңғыстаулық студенттің бәріне,

Қамқор болдың ниетіңмен беріле.

Топырағың торқа болсын, әжетай,

Желеп-жебеп жата берші әлі де».

– Біз тоқсаныншы жылдардың аласапыранына тап болдық. Тамақты ұзын-сонар кезекке тұрып, талонға алатын заманда пединституттың тарих факультетінде оқыдым. Біздерден басқа қаладағы ауыл шаруашылығы, темір жол көлігі, политехникалық техникумдардың студенттері де әжейдің шаңырағына келетін. Оның шағын бір бөлмесі біздер үшін кең сарайдай көрінуші еді, – деп, өткенді еске алады Маңғыстаудан келген Сәрсенбек Қалаубаев. – Біз оның есте сақтау қабілетіне таң қалатынбыз. Отыз-қырық жыл бұрын бітірген жігіттердің аты-жөнін ұмытпай, айтып отырады. Біз көргенде сексеннің сеңгірінен асқан әжейдің қимылы ширақ, әңгімешіл, көкірегі ояу, сауатты адам болатын. Бізге ақылын айтып, өмірден түйгендерін әңгімелеп отырушы еді. Оқуымызды бітіріп, дипломымызды алып, ауылға кетерде бәріміздің бойымызды қимастық сезім билейтін.

–  «Ашта жеген құйқаңды, тоқта ұмытпа» демекші, студенттік өмір қиындық пен қызыққа толы өмір ғой, өзі. Үшінші курсты тәмамдар тұста үйлендім. Келіншегім екеуіміз әжейдің  ақ батасын алып, туған жерге аттанғанбыз. Бізді қимағаны шығар, жанарына жас алып, жібергісі келмеді. Күні бұрын алып қойған пойыздың билетін қайта тапсырып, тағы екі күнге қалуға тура келгеніміз есімізде, – дейді Бисенбай Нәдіров.

Маңғыстаудан арнайы ат басын тіреген азаматтар Бикамал әжейді еске алды, құран бағыштап, ас берді. Осындай сауапты іс тындырған азаматтарға ағайын-туыстардың атынан Жексенбай ағамыз өз ризашылығын білдірді.

Иә, өлі жебемей, тірі байымайды. Студенттік кездерде өздеріне ақылшы, қамқор ана да, үй-күйсіз жүрген жастарға пана да бола білген әжейдің зиратына ескерткіш белгі орнатқан азаматтардың бұл сауапты істері шынымен де көпке үлгі боларлықтай.

                Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз