МҰРАҒАТ ҚҰПИЯЛАРЫ

тиянақты зерттелмей, шындық ашылмайды
 Ғылымдағы шектеулердің алынып, еркін ойлау мен шындықты жазуға мол мүмкіндік берілген бүгінгі таңда мұрағаттардағы құпия құжаттардың ашылуы, шетел мұрағаттары қорларынан Қазақстан тарихына қатысты құнды көшірмелердің алынуы - біздің тарихымыздың объективті, ұлттық мүдде тұрғысында жазылуына сөзсіз өзінің игі ықпалын тигізуде.

Соның бір мысалы ретінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағат қорындағы мына бір құжатқа назар аударсақ. 1950 жылдың 8 сәуірінде Қазақ КСР Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Долгих КСРО Ішкі істер министрі, генерал-полковник Кругловқа өте құпия түрде хат жазады. «Мұрағат мекемелерінде жұмысты қайта құру қажеттілігі туралы» баяндау хатында мұрағат жұмыстарындағы кемшіліктерді атай келіп, қайта құру жұмыстарын жүргізу мәселелерін көтереді. Мұрағат бас басқармасының мұрағат мекемелеріне әдістемелік және жөнсілтер құрастыруда көмекті нашар көрсететіндігін ашық жазады. Министр Долгих КСРО ІІМ жанындағы Мұрағат бас басқармасы бұл мәселе жөнінде буржуазиялық объективизмге итермелейді дей келіп, оған дәлел ретінде 1949 жылы жарыққа шыққан Грузин КСР Қазан революциясы мен социалистік құрылыс Орталық мемлекеттік мұрағатының жөнсілтерін мысалға келтіреді. Аталған жөнсілтерді көп кешіктіріп барып, айналымнан алып тастағаны белгілі. Бұл шығарылған жөнсілтер туралы 1949 жылы 11 маусымда Қазақ КСР ІІМ Мұрағат бас басқармасы жанындағы ғылыми кеңесте кеңінен талқыланған. Ғылыми кеңес мүшелері шығарылған жөнсілтерді талқылай келіп, грузин мұрағатшылары шығарған жөнсілтер қазақстандық мұрағатшыларға үлгі болмайтындығы жөніндегі пікірге келеді. Бұл жөнсілтер грузин мұрағатшылары М.Габригидзе, А.Новидзе және Ш.Чхетияның жалпы редакциялауымен жарыққа шыққан болатын.
Әкімшіл-әміршілдік жүйенің қатаң цензурасының талабына сай келмейтін пікірлер жөнсілтерге енгізілген деген желеумен қатаң сынға ұшыраған болатын. 1917-1921 жылдардағы Грузиядағы заңды меньшевиктер үкіметінің саяси, әлеуметтік-экономикалық шараларын жан-жақты көрсететін мәліметтер енгізіліп саяси қателіктер жіберілді деп айыпталды.
Жазбада көптеген кемшіліктерді атай келіп, КСРО Мұрағат бас басқармасы тарапынан мұрағат ісіне байланысты және іс-тәжірибе алмасу туралы кеңестердің соңғы жылдары өткізілмегендігі, мұрағат ісіне қатысты журналдың жоқтығын қаперге береді. Мұрағаттардағы осындай және басқа да өзекті мәселелерді шешуде одақ министрінің жеке өзі айналысуын сұрайды.
Қазақ КСР ІІМ Мемлекеттік мұрағат басқармасының бастығы И.З.Чумак іске тігілуге жататын бұл құжаттың екінші данасына көрсеткен жазбасында баяндамада көтерілген мәселелердің тек Қазақстанға қатыстыларын қалдырып, өңдеп шығуға министрдің нұсқау бергендігін жаза келіп, бұның мүмкін еместігін және ондай өңдеуден бас тартқаны туралы жазады. Соған қарағанда республика министрінің көтеріп отырған мәселесі сол тұста одақтық дәрежедегі маңызды мәселе екендігіне көз жеткіземіз.
1950 жылдың шілде айында И.З.Чумак БК(б)П Орталық Комитетіне Ефграфовқа жіберген құпия хатында Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Хромковтың хабарлауы бойынша БК(б)П Орталық Комитетінің баспа секторы тарапынан Қазақ КСР ІІМ Мұрағат басқармасының 1949 жылы шығарған «Алма-Ата в период октября и в годы гражданской войны» (Летопись событий) атты кітабын талқылап және көпшілік пайдаланудан алып тастауға тапсырма берілгендігін баян етті. Кітапта жіберілген нақты кемшіліктер туралы Қазақстан К(б)П ОК тарапынан ешқандай ескерту берілмегенін және олардың өздері де білмейтіндігін жаза келіп, сол күні партия қатарындағы тарихшыларға кітаптағы кемшіліктерді табуға және кітапты айналымнан алып тастауға тапсырма берілгендігін жазды. Бұл тапсырма республика партия комитеті қызметкерлері тарапынан тікелей БК(б)П ОК-нің директивасы ретінде қабылданатындығы сөзсіз еді. Осындай жағдайда бұл кітапты қорғайтын тұлғаның табылуы да екіталай еді.
Өткен ғасырда біз төл тарихымызға қатысты деректерді толық игере алмадық. Бұл арада өз тарихымызға қатысты деректердің бәріне толыққанды қол жеткізе алмағандығымыз, қолда бар деректерді қорытуда саяси цензураның шектеуіне ұшырағандығымыз ұлттық тарихымызды зерттеп, зерделеуде орны толмас олқылықтарға жол беруімізге негіз болғаны назардан тыс қалмағаны да жөн.

Аққали АХМЕТ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз