МҮГЕДЕК МАҢДАЙШАЛАР, ЖАРЫМЖАН ЖАРНАМАЛАР

саңырауқұлақтай қаптап барады. Неге бұлай?

«Бланкілер, маңдайшалар, хабарландырулар, прейскуранттар, баға көрсеткіштері, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады, ал қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады» деп, «Тіл туралы» Заңда анық атап көрсетілсе де, Атыраудағы бірқатар коммерциялық құрылымдардың қожайындары аталмыш заңдылықты белден басып жүр. Олай дейтініміз, бизнесмендер маңдайша мен жарнама жазуларын ең алдымен шет тілінде жазып, содан кейін ғана мемлекеттік тілде келтірсе, кейбір кәсіпкерлердің маңдайшаны қазақ тілінде жазуды қажет деп таппайтыны ащы да болса шындық.

Кез келген нысанның маңдайша жазулары мен жарнама мәтіндерін мемлекеттік тілде жазу – ел заңдарын құрметтейтін әр қазақстандықтың төл міндеті. Жуырда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен «Көрнекілік – көрікті ой көрінісі, жарнамаға – жауапкершілік жүктеледі» атты семинарда осы басқарма басшысының міндетін атқарушы Ғабдібек Хабиров сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат мәтіндерінің қате жазылуы, мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпараттардың жүйелі сипат алмауы кейінгі кездері жиі сынға ұшырап отырғанын атап айтты.

– «Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының талаптарын орындауда жайбарақаттық танытып отырғандар мен оны өрескел бұзушылардың қатары азаймай отыр. Маңдайшаларын шет тілінде жазып, мемлекеттік тілде жазуға мойын бұрмайтын жеке меншік нысан иелеріне заңнамаларды түсіндіру мен қызметтік хат жазудан басқа ешқандай шара қолдана алмай келеміз. Дегенмен де, қол қусырып қарап отырған жоқпыз, рейдтерге шығып, түсінік жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Десек те, бірі қателікті жоюға тырысса, екіншісі құлақ аспайды, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы. 

Атырау қаласының көшелерімен жүріп келе жатып, түрлі «мүгедек» маңдайша мен «сақау» аудармалардан көз ашпайсың. Қала көшелерінде көз сүріндірген көрнекі ақпараттар, жарнамалар мен маңдайшаларда кемшіліктер тұнып тұр. Тіпті, жазылған мәтін мен бейнеленген суреттің мазмұны келіспейтін билбордтар да көп. 

Қаладағы кейбір мейрамханалар мен мекемелердің маңдайшалары да шұбарланып жазылғанын көзіміз шалды. Қожасы маңдайшасын өзге тілдермен «таластырмай» ағылшынша баттитып жазып қойыпты. Қазақ тілі бай, керемет қазақша атауларды табуға болатын еді.

– Қандай көрнекіліктер жасалса да, қандай жарнама ілінсе де, оларда ұлттық мәдениеттің белгілері көрінуі қажет. Бүгінде көрнекіліктер мен жарнамаларға қатысты заң талаптары орындалмай отыр. Олардың мәтіні ұлттық мәдениетпен байланысты қалыптасатын жағдайда ғана өзінің негізгі мақсатын атқара алады, -деген Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Жеміс Тілепқалиева орыс тілінің грамматикасы мен нормасын айна-қатесіз қазақ тіліне енгізе салу өрескел қателіктер туындатып отырғанын айтады. Шынтуайтына келгенде, қазіргі таңда жарнама мәтіні алдымен орыс тілінде, тіпті шет тілінде дайындалады да, кейін қазақ тіліне аударылады. Міне, содан шет тілдің ыңғайына жығылу, сол тілде қалай жазылса, үтір нүктесіне дейін қалдырмай, қазақ тілінде де солай жазу басым болып отыр. Оған лайық балама табу немесе қазақ тілінің тілдік нормаларын сақтау мүлдем ұмытылған. Алайда, жарнама туралы заңда «Жарнама қоғамда дүрбелең туғызбауға, жеке тұлғаларды агрессияға бастамауға, сондай-ақ, құқыққа қарсы өзге де әрекетті (әрекетсіздікті) қоздырмауға тиіс» делінген.   

Мекемелердің маңдайшалары көрнекілік болып та саналады.  Сонымен бірге,  тозығы жеткен дүкен атауларының сиқы да сын көтермейді. Бұл – жауапты басқармадан алын-ған суреттердің бір легі ғана.

Азаттық даңғылы бойындағы құрылыс дүкенінің иесі екі тілді де қамтып, маңдайшасына сыйғызыпты. Алайда, ел аман, жұрт тынышта әріптері түсіп, жарымжан күйде тұр. Сол секілді, Владимир көшесі бойындағы дәріхана, М.Баймұханов көшесі бойында орналасқан химиялық тазалау жұмыстарын жүргізетін мекеменің маңдайшасы да дәл осындай жағдайда. Қазақ тіліндегі сөздерді «қиналып» орнатқаннан ба, еріксіз күлкі шақырады. Бәрінде де маңдайшадағы қатар орналасқан орысша сөздердің бірде-бір әрпі босамағаны қатты таңғалдырады.

Өзге тілді азаматтардың кейбіреулері мағынасын білмей, екіншісі әйтеуір жауапкершіліктен құтылу үшін мәнсіз-мағынасыз маңдайшалар орната салуға асығады.

– Көшедегі билбордтар мен маңдайша жазуларындағы қателер және жекеменшік нысандардың атаулары мен сыртқы жарнамалары орыс тілінен мемлекеттік тілге сөзбе-сөз, шала-шарпы аударылып, мағынасы өзгерген дүбәра сөз тіркестері мен грамматикалық қателер өріп жүргені, кейбір нысандардың мүлдем қазақ қаріптерін қолданбайтыны, яғни, заң талаптарына сай жазылмайтыны жиі айтылып жүр. Көшелердегі көрнекі ақпараттар, маңдайшалар мен билбордтар патриотизмді дамытудағы қуатты құрал болуы керек. Яғни, ұлттың мүддесіне, елдің болашағына жұмыс істеуі қажет, – дейді облыстық ономастика комиссиясының мүшесі Абат Кенжеғалиев.

Сонымен… Жарнама, маңдайшалардағы қателердің кетуіне кінәлі кім? Жауапты кім?  Бұған бірі жарнама берушіні кінәласа, енді бірі жарнама жасаушы мен облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен қалалық, аудандық бөлімдер жұмысының солқылдақтығынан көреді. Рас, таяқтың бір ұшы кәсіпкерлерге келіп тірелері анық. Осы орайда, кәсіпкерлер палатасының өкілі Амангелді Ерманов кәсіпкерлікке қолдау білдіретіндерін, десе де мұндай жарнама-ақпараттық істеріне араласа алмайтындықтарын айтты. Өйткені, коммерциялық мекемелердің атауына ешкімнің араласуына құқы жоқ көрінеді. Ретсіз тексеруге мораторий жарияланғаны тағы бар.     

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік тілді «менсінбеушілерге» кемшілігін көрсете қалсаң, заң талаптары туралы алғаш рет естіп тұрғанын айтып, ақтала бастайтыны әдетке айналған. Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны бесенеден белгілі.

«Эталон» жарнама агенттігі директорының орынбасары Мейрамгүл Еспосынова: «Жарнамаға, маңдайша жазуына тапсырыс түскенде мемлекеттік тілде жазылуы қажеттігін ескертеміз. Алайда, тапсырыс берушілер жазатын жерінің шағын екенін айтып, орыс тілінде жазуды талап етеді» дейді. Жаза жеңіл болған жерде заң бұзушылық көбейетіні осыдан-ақ белгілі. Бұлай болса … «Жарнама берушілер мен кәсіпкерлердің қате жіберген әрбір сөзіне үлкен көлемде айыппұл төлету қажет», – дейді Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Жеміс Тілепқалиева.  

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

 

Сіз не дейсіз?

 

Ақылбек Рысқалиев, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

 

Кәсіпкерлер тарапынан

 

жауапкершілік төмен

 

«Жыл басынан бері 88 нысан иесіне түсіндірме парағы таратылып, нәтижесінде 78 кемшілік түзетілді. Бұл кәсіпкерлер тарапынан әлі де болса  жауапкершіліктің жоқтығын байқатады.

 

Нысан иелері, алдымен, тапсырысты жарнама агенттіктеріне береді. Сол себепті, көрнекілеумен айналысатын мекеме (жарнама агенттіктері) тапсырыс беруші жеке кәсіпкерлерге жарнама мәтіні облыстық тілдерді дамыту басқармасымен немесе қалалық, аудандық бөліммен келісіп іліну қажеттігін ескертуі, ол болмаса қабылдамауы керек».

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз