ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЛАЙЫҚТЫ ПЕРЗЕНТІ БОЛАЙЫҚ!

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына орай өткен салтанатты жиында Елбасымыздың сөзін қалт жібермей тыңдап, санамызға түйіп отырдық. Әсіресе, Нұрсұлтан Әбішұлының: «...Дала көгіндегі Күн біздің ізгі істерімізге нұрын шашуда. Аспан мен Күн – біздің Туымыздың түсі», – деген сөзі менің жұдырықтай жүрегімді селт еткізіп, үлкен қуаныштарға жетелегендей болды. Осынау баяндамадан біз өзімізге қаншама дәйек жинадық, қаншама тарихи деректерге қанық болдық десеңізші.

 

Айтулы мерекеге орай елімізде көптеген іс-шара ұйымдастырылмақ. Негізгі мақсат – жас ұрпақтың патриоттық рухын көтеру. Аталған іс-жоспар аясында Қазақ хандығының тарихына арналған көп сериялы фильм түсіру де қолға алынбақшы. Бұған қоса Қазақ хандығының жылнамасына негізделіп, «Ұлы көш» картинасы салынбақ. Бұл туындыда Қазақстан тарихының кезеңдері, Қазақ хандығының құрылуы, тәуелсіз Қазақстан, ұлы тұлғалар және тарихи оқиғалар қамтылатын болады. Көлемді туынды триптих түрінде салынып, Астанадағы Ұлттық мұражайдың экспозициясынан орын алады.

Ал, Алматыдағы ұлттық кітапханада «Қазақ хандығына – 550 жыл» атты безендірілген кітап көрмесі ашылды. Көрменің мақсаты – Қазақ хандығы мен қазақ халқының тарихын, еліміздің өркендеп, нығаюына саналы ғұмырын арнаған ұлы тұлғалардың еңбегі мен есімін елге жеткізу. Алты бөлімнен тұратын көрмеде сақ, сармат, ғұн, үйсін, қаңлы және тағы басқа ежелгі мемлекеттер жайлы әдебиеттер бар. Мұхамед Хайдар Дулати, Шоқан Уәлиханов, Лев Гумилев пен Манаш Қозыбаев сынды тарихшылардың зерттеулері де оқырман назарына ұсынылады.

Қазақ хандығының құрылуына арналған көрмелер мен мәдени шаралар біздің Атырау қаласы мен облысының кітапханаларында, мұражайларында да орын алуда. «Отан отбасынан басталады» десек, біз  үлкендер, жас өскіндерді туған елі мен жерін сүюге, халқын құрметтеуге, Отанына адал болуға үйретуге тиіспіз. Сонда ғана біздің еліміз Мәңгілік, сонда ғана олар Ұлы Даланың төл перзенті бола алады. 

Жұмабике ШАҢҚАНОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің түлегі. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз