«ҚЫЗҒЫШ ҚҰС» – МАХАМБЕТКЕ АРНАЛҒАН ЖАҢА КҮЙ

Махамбет Өтемісұлына арналған жаңа күй дүниеге келді. Бұл күйдің авторы – жас сазгер, Астана қаласы мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері, ҚР мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов.

Нұрлан Бекеновтің айтуынша, Махамбет Өтемісұлының туғанына 210 жыл толуына орай Атырау өңірінің өнерпаздары биыл үлкен концерт беру жөнінде жоспар құрып отыр. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Орақ Жауыровтың жетекшілігімен Махамбетке арналған жоба дайындалуда. Онда Махамбетке арналған күйлер мен әндер, жырлар орындалады. Ол концерт алдымен Астана көрермендерінің назарына ұсынылмақшы.

– Орақ ағамыз: «Махамбетке арналған бір күй шығарғаның жөн еді» деп маған қолқа салды. Содан мен ойланып-толғанып жеке домбырамен және оркестрмен орындауға арналған «Қызғыш құс» деген күй шығардым. Онда Махамбеттің әйгілі өлеңінің бір жолын күй мақамына келтірдім. Ақынның қызғыш құспен тілдесуін музыка тілімен жеткізгім келді. Күйдің бас жағында «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс» деп басталады да, «Па, шіркін, әттең-ай» дегендей ойға жетелейді. «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс» деген сөздің өзін негізгі арқауы (лейтмотив) ретінде алып, әрі қарай күй өрбіп, шығарманың шырқау шегінде (кульминациясында) Махамбеттің жырын шырқағандай төкпелететін тұсы бар. Шығарманың орта тұсында сазсырнаймен ақынның құспен тілдесетін сәтін келтіруге тырыстым. Мұны концерттік күй деп те айтуға болады.

Бұл шығарманы жазарда көп іздендім. Махамбеттің өлеңдерін бала кезден оқып өстік, тағы бір рет зер салып шықтым. Танымал ғалымдар мен музыка зерттеушілерінің ақын туралы жазған ғылыми-зерттеу еңбектерін оқыдым. Махамбеттің күйлерін іздеп тауып, зерттеп, жарыққа шығарған Қаршыға Ахмедияров болатын. Біз ол күйлердің сарынын жақсы білеміз. Өзіміз талай рет орындадық. Ақынның жыры мен күйінің өзара үйлесімділігі бар екенін анық байқауға болады. Сондықтан да, Махамбет шығармалары жүрекке жақын.

Мен Махамбеттің күйінен бір әуенін не ырғағын алған жоқпын. Өзімнің көзқарасым бойынша жеткіздім. Тек өлеңіндегі «Ау, қызғыш құс, қызғыш құс» деген бір жолын күй тілімен сөйлеттім. Мысалы, Құрманғазының «Аман бол, шешем, аман бол» деген күйі бар емес пе? Сол күйдің басынан аяғына дейін домбыра «аман бол, шешем, аман бол» деп «сөйлеп» отырады. Мен де Махамбетке арнаған күйімде осындай тәсілді алғанды жөн көрдім,- дейді Нұрлан Алданышбайұлы. 

1804 жылы еліміздің батыс өңіріндегі Бөкей губерниясының Орда (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданы, Орда ауылы) елді мекенінде дүниеге келген Махамбет Өтемісұлы қазақтың әйгілі дауылпаз ақыны, отаршылдыққа қарсы күресті ұйымдастырушылардың бірі, әрі жыршысы екені белгілі. Бұқара халықтың қамы үшін теңсіздікке, озбырлыққа қарсы күресіп, өмірі азаттық үшін арпалыспен өткен ақынның өршіл шығармалары мен жалынды күйлері өскелең ұрпаққа рух беріп келеді. Кезінде Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліске арнап күйші Құрманғазы «Кішкентай» атты күй шығарған болатын. Енді, міне, ХХІ ғасырда Махамбетке арналған жаңа күй дүниеге келіп отыр.

Осы күйдің алғашқы орындаушысы күйші-домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаева болып қалуы ықтимал. Бұл жөнінде Орақ Жауыров танымал добырашыға осындай ұсыныс жасайтынын алға тартып отыр.

Айдын БӘЙМЕН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз