ҚЫСТАҚТАҒЫ АУЫЛ ҚҰС ҰЙҚЫЛЫ…

Қазір Тайсойған мен Бүйрек бойын, Ойыл мен Сағызды сағалаған, Жем өңірін жағалаған, Қарой мен Нарын құмдарын құтты қоныстарына айналдырған, кең жайлауында үйір-үйір жылқы мен келе-келе түйе, табын-табын сиыр, отар-отар қой өргізген шаруагерлер тарих қойнауына енген жылқы жылын қалай қорытындылады? Атакәсіпке адал жандар – дала ерлері бүгінгі қыстақ тірлігін қалай өткізуде? Олардың мал басын өсіруге, түліктерден алынатын өнімдердің сапасын жақсартып, заман талабына сай өңдеуге, мал тұқымын асылдандыруға бағытталған нендей тың жоба-жоспарлары бар? Бүгінгі әңгімеміз – осы жайында.

 

«СЫБАҒА», «ҚҰЛАН»,«АЛТЫНАСЫҚ» ТИІМДІПАЙДАЛАНЫЛЫПОТЫРМА?

Статистикалық мәліметке сүйенсек, күні бүгін облыс аумағында 150 мыңдай мүйізді ірі қара, жарты миллионнан астам қой-ешкі, 53 мыңдай жылқы мен 28 мың бастан астам түйе малы бағылуда. Барлық түлік түрлері бойынша өсім болғанымен, бірқатар аудандарда өткен жылмен салыстырғандағыдан мал басының төмендеуі байқалады. Мәселен, мүйізді ірі қара малы Атырау қаласында, Қызылқоға мен Мақат, түйе саны Құрманғазы, Мақат аудандарында азайып кетті.

Өңірде былтыр «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары бойынша 417 млн.  теңгеге жеңілдетілген пайызбен 5,5 мыңдай мал сатылып алынуы атакәсіптен өз нәсібін табуға ниеттенген ауылдастарға үлкен қолдау болды.

Реті келгенде айта кету керек, Елбасымыз Н.Назарбаевтың ауылға  жолдаған «Сыбаға» бағдарламасы  бойынша  шаруаға тиесілі  көмекті  ауылдағы ағайындар да барынша орынды  пайдалануға бағыт ұстануда. Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес 610 мүйізді ірі қара, жылқы шаруашылығын дамытудың ең тиімді жолын ұсынған «Құлан» бағдарламасы бойынша 528 бас жылқы және былтырдан бастап «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 4,4 мың қой  сатып алуға мұрындық болды. Демек,  қолыңдағы төрт түліктің санын көбейткің келсе, қазір ешкім қолыңды қақпайды. Үкімет мал басын көбейткісі келетін ауыл азаматтарына жан-жақты қарайласып жатыр. 

Дегенмен, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығын қолдауға арналған осындай қаржылай көмекті өткен жылы Жылыой, Индер, Мақат, Құрманғазы, Махамбет аудандарының шаруа қожалық иелері пайдаланбай қалды.

Соңғы кездері селекцияға, яғни, мал тұқымын асылдандыруға бетбұрыс байқалады. Ежелден малды ырыс деп бағалаған қазақ үшін бұл орынды талпыныс. Өйткені, тұқымы нашар малдың өнімі де сапасыз, оны бағып-күтуге кететін шығыны  шаш-етектен.

Осыдан бес жыл бұрын мемлекет тарапынан өндіріс орнын жаңартып, модернизациялау мен кеңейтуге бағытталған қолданыстағы және жаңадан басталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға  банктің жаңа несиелері бойынша субсидия беріліп жатқаны мәлім.  Былтыр мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттен – 331,4 млн. теңге субсидиялық қаржы бөлініп, оған өңірде мал шаруашылығымен айналысатын 82 шаруашылық субсидияланды.

Демек, мемлекет ауылдағылардың мал сатып алып, өнімін өңдеп халыққа сатамын, мал тұқымын асылдандыру бағытындағы шаруа қожалығын құрамын деп ниет білдірушілерді қолдап, көмектесуге қашан да әзір. Мәселен, Исатай ауданындағы мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған 176 шаруа қожалығының алтауы алдыңғы жылы асыл тұқымды мал сатып алғаны үшін мемлекеттен – 18,7  аналық  ірі  қара малдарына селекциялық жұмыстар жүргізгені үшін 25,4 млн. теңге субсидия алуға қол жеткізді.

Қамысқала селолық округіне қарасты Бауыржан Ғұбайдуллин басқаратын «Бекет» шаруа қожалығы Батыс Қазақстан облысынан асыл тұқымды «Герефорт» бұқаларын сатып алып табынға қосса, «Арыстан», «Серижан» шаруа қожалықтарындағы мүйізді ірі қара малы да асыл тұқымдылар арқылы ет өндіруді молайтуға мүмкіндік туады деп отыр. Елбасымыздың елімізде ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндетін қойғанын ескерсек, бұл қадам құптауға тұрарлық, әрине.

Жылыой ауданындағы «Жаңа-таң» серіктестігі мен «Достан-Ата» шаруа қожалығы малды асылдандыру ісін мақсатты жүргізуде. Бұлардағы 450 бас асыл тұқымды түйе мен 6 мың асыл тұқымды қаракөл және 3,7 мыңдай еділбай қойы қыстаққа қоңды түсті. Қазір дала ерлері жауапты сынды ойдағыдай өткізуде.

 

БИЫЛҒЫ ЖОБАЛАР ҚАНДАЙ?

Табалдырығымыздан аттаған қой жылында да атқарылар шаруалар мен міндеттер жетерлік. Әсіресе, ауылдық кәсіпкерлерді қолдау мен шағын несиелендіру мақсатында «ҚазАгроҰБХ» АҚ еншілес ұйымы – «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ филиалы арқылы өңірімізде қолға алынатын жобалардың тезірек ел кәдесіне жарағаны дұрыс. Мысалы, Махамбет ауданына қарасты «Бірінші мамыр» ЖШС-нің сүт өңдеу мен қышқыл сүт өнімдерінің өндірісі кешенін кеңейтуді, «Мекен Chekin» ЖШС жылына 2600 тонна құс етін өндіретін құс фермасын іске қосуды, Жылыойда «Атырау-Сауда» ЖШС-нің құс фабрикасын кеңейту индустрияландыру картасына енгізіліп, жылына 20 млн. дана жұмыртқа өндіруді, исатайлық кәсіпкерлер Ж.Мардашев сүт өнімдерін өңдеуді, Н.Биханов жүнді алғашқы өңдеуден өткізуді, Г.Достанова балық аулау мен өңдеу жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Қарымды жобалардан қызылқоғалық шаруагерлер де кенже қалмаған сыңайлы. Мұқырдағы «Қоянды» шаруа қожалығының жетекшісі Тілек Қарабалин «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 15 млн. теңгеге шұбат, қымыз, сүт өңдеу жабдықтарын сатып алса, жеке кәсіпкер Сүйеуғали Дүйсәлиев «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы халықтан мал өнімдерін қабылдап, өңдейтін сервистік дайындау орталығын ашуды көздеп отырған көрінеді. 

 

Қаңтарда жауын жауып, Атлант мұхитынан соғатын ылғалды және Оңтүстік Азиядан келетін құрғақ ауа массалары әсерінен болатын жылымық күн райының шаруа баққан жанға қолайлы болғаны да рас. Ал, қаңтардың соңын ала жерге аз болса да қар түсіп, түндегі ауаның температурасы – 15-20 градус салқындыққа дейін төмендей бастады. Демек, мұның өзі шалғай ауылдардағы құс ұйқылы шаруагерлерге қаннен-қаперсіз отыра беруіне тағы болмайтынын еске салды.

Әлімсақтан-ақ демалысы жоқ жұмыстың бірі – мал шаруашылығы. Жылдың төрт мезгілінде де малға күтім керек. Малшы ауылдың қысқы тірлігінің жөні бөлек. Ашық күндері жайылыста болған түліктің азбайтыны, қоңды келетіні де содан. Өйткені, ертеңгі күнгі қыстың қарлы боран мен саршұнақ аязына ұрындырмай, мал басын шығынсыз аман алып шығу дала төсі ерлерінен қажыр-қайрат пен тынымсыз еңбекті талап етеді.

Бақытжан ЖҰМАТ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз