«ҚЫЛЫШТАН» ШЫҚҚАН ҚАЛАМГЕР

Қазақстанның Құрметті журналисі, Индер ауданының Құрметті азаматы, ақын Сансызбай Базарбайұлы 70 жасқа толып отырса, соның жарты ғасырын журналистика саласына арнаған екен. Бір адамның саналы ғұмыры емес пе бұл?!

 

Әлі есімде, бірде мал бағып жүріп, төбе басында төрт-бес адам жолығып қалғанбыз. Әрі-беріден соң әңгіме жергілікті газеттегі мақалаларды талқылауға ұласты. Бірі «Әнуар Нәбиев тіліп жазады ғой» десе, екіншісі «Сансызбай Базарбаев та көлдетеді» дейді. Кеңес Сахиевтың да аты аталатын. Біз осылайша сөзден кесте өрнектеген осы азаматтардың есімдерін қастерлеп өстік. Кейін Сәкең бір әңгімесінде «Қойын дәптерімді қарап отырсам, өңірдегі 152 қыстақтың 137-сінде болыппын» деген-ді. Бұған аудан аумағындағы мекемелер мен кәсіпорындарды қоссаңыз, Сәкең бармаған, ол көрмеген жер жоқ шығар.

Оның ұйымдастырушылық қабілеті 1998-2004 жылдары «Дендер» газетінің бас редакторы қызметін атқарған жылдары кеңінен ашылды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ауыр кезең еді ғой. Экономикалық тоқырау орын алды, солақай жекешелендіру жүріп жатты. Қаржы жетпестігінен республиканың, тіпті облыстың кейбір аудандарында газеттер жабылды. Міне, осы тұста сол кездегі бас редактор Ерсайын Көшеков аудан әкімімен бірлесіп, редакция ұжымын сақтап қалды. Кейін одан басшылықты Сәкең қабылдап алғанда да жағдай оңала қоймаған-ды.

 – Қанша қиындық көрсек те, аптасына екі рет шығып тұрдық. Аудан әкімі сол кездегі ақшамен 500-700 мың теңге бөлсе, ақылы қызметтен 1,5 млн. теңге табыс тауып отырдық. Бірақ, бұл газет басуға, салыққа, басқа да төлемдерді өтеуге, жолсапарға шығуға жұмсалды. Сол кезде айлап еңбекақы ала алмаған газет қызметкерлері ерекше шыдамдылық танытты,- деп еске алғаны бар Сәкеңнің.

Сансызбай Базарбайұлы тек журналист ғана емес, сонымен қатар, жақсы ақын. Ондаған өлең-жыр мен бірнеше поэманың авторы. Сонау 1957 жылы аудандық газетке «Ана туралы жыр» атты балауса өлеңі басылған-ды. Содан бері оның қаламынан көңіл күйін тербейтін сан шығарма туды. Біраз туындысы «Атырау айдыны», «Атырау арғымақтары», «Өмір белестерінде», «Жеңісті жақындатқан жандар», «Үш қиян», «Жырым сенсің, туған ел», «Өнегелі өмір», «Индерім менің – кең жерім», «Дендер» тарихы», «Дәуірімен үндес «Дендер» атты кітаптарда топтастырылған. «Жырымды саған арнадым» атты жеке жинағы жарық көрді.

«Қаламгердің көркем ойлауы туған жерімен, өскен ортасымен тікелей байланысты» дейді сөз зергерлері. Осы жерде: «Менің өмірбаянымның өзі эпостық жырдан құралған» -дейді әдетте Сәкең. Төлеген немересі Базарбайдың Сансызбайы 1946 жылы Жарсуат ауылына қарасты «Қылыш»  қыстағында дүниеге келеді. Әуелі Құрылыс ауылында, сосын Кулагинде интернатта жатып, білім нәрімен сусындайды. Балалық шақтың базары өткен сол бір кездерді Сәкең әлі күнге сағынышпен еске алып отырады. Сөз өнерін серік еткелі сезім пернесін дөп басып, кіндік қаны тамған жеріне де біраз жыр шумағын арнаған.

Жақсылығы көп жақсы ағаның жастық шағы туралы оның замандас достары Базар-ғали, Қойшығұл, Қуандық және басқалар әзіл-қалжыңын араластырып, күлкіге батыратын. Сол әңгімелерге қарасаң, әйтеуір, алдайтындары – осы Сәкең. Бұл оның кек сақтауды білмейтін баламінез жайсаңдығының көрінісі тәрізді. Ал, шындығында «Қылышта» туған Сәкеңнің қиып түсер мінезге ие екендігі мәлім.

Біздің Сәкең – жамандық ойлауды білмейтін, біреудің ала жібін аттамайтын, жаны таза, қонақжай адам. Осы шамадан тыс қонақжайлылықтың қаншалықты пайдасы болғанын да білмейміз. Әйтеуір, Сәкеңмен бір кабинетте отырып, талай жайсаңдармен таныс болдым. Қаладан да, даладан да «Сансызбай бар ма?» деп алып-ұшып редакцияға келген жақсы мен жайсаңдарды көрдім. Сәкең солардың бәрін үйіне сүйрейтін.

Жаздың бір күні таңертеңгілік бүгінде өмірден өткен Есенжол Домбаев ағамыз келді. Амандасып жатырмыз. Басында қалпақ, бір қолында портфель. Екіншісіне таяқ етіп сым ұстап алыпты. «Көшеде иттерің көп екен, содан мынаны алып жүргенмін»,- деп оны босағаға сүйеп қойды. Осындай алыстан келген ақын-жазушылардың талайы Сәкеңнің төрінде отырып, Гүлжан апамыздың дастарханынан ақ дәмін татты. Қонағын құр жібермейтін қазаққа сіңген дархандық қой бұл!..

Сансызбай Базарбайұлы аудандық мәслихаттың екі дүркін депутаты болды. Талай салиқалы пікірлерін айтты, орынды ойларымен бөлісті. Оның, әсіресе, қазақ тілін дамыту, мектеп формасын бір ізге түсіру бағытында көтерген мәселелері жұртшылық жадында. Ауданда кезінде орысша жазылып кеткен атауларды қазақшалауға үлкен үлес қосты. Көптеген ұсыныстары қолдау тауып, жерлестерінің көңілінен шықты.

Бүгінде индерлік қаламгерлердің дені өздерін Сәкеңнің шәкірті санайды. Өйткені, өзі де балаң шағында балауса өлеңімен жыр әлеміне бастапқы қадамын жасаған жан қолына алғаш қалам ұстағандардың көңіл-күйін жақсы түсінеді. Шамасы келгенінше бағыт беріп, бағдар сілтеуге әрдайым дайын тұрады.

Міне, барша жұрт «Біздің Сәкең» деп сыйлайтын Сансызбай Базарбайұлы бүгінде жетпіс жастың жотасына шықты. Бұл – адамның кемелденген кезі, шыңдалған шағы. Кейбіреулер «жастықтың соңы, қарттықтың алды» деп те жатады. Бірақ, бойында жалын жігері жарқылдаған, ақпейілдігімен аңқылдаған азаматты кәрілікке қия салу да қиын. Демек, қаламгер – әлі сапта. Оқырмандары одан жаңа шығармалар күтеді.

Жанай АМАНТУРЛИН,

Индер аудандық «Дендер»

газетінің бас редакторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз