КӨРКЕМ МІНЕЗ ХАҚЫНДА

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) табиғи болмысындағы көркем мінездерін жинақтап, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Себебі, пайғамбарымыздың мінсіз көркем мінезінде тіршілік еткен әр пенденің мұқтаждығы бар екені рас. Асылында Алланың ардақтап жіберген Елшісі (с.ғ.с.) қандай жан еді?!

 

Шынында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) аз сөйлеп, көп ойланатын. Жаман сөз айтпайтын. Өзгелермен ерегіспейтін. Сөзі  мен  ісі  сай  келетін. Берген уәдесіне берік болатын. Салақтықты жаны қаламайтын. Ешкімнің кемшілігін іздемейтін. Сыпайы және кішіпейіл болатын. Туған-туыстарын құрмет тұтатын. Адал болған азықты алып жейтін. Ретсіз сөйлемейтін. Әрдайым байсалдылық танытатын. Дүние істеріне бола ашуланбайтын. Көрші ақысына қатты көңіл бөлетін.

Жүрегі өте жұмсақ, сезімтал болатын. Күмәнді нәрселерден өте сақ болатын. Баршаның қайғы-қасіретіне ортақтасатын. Пайдасыз нәрселермен еш айналыспайтын. Көңілі ұнатпаған мәселеде үнсіз қалатын. Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін.

Кешірімділігі соншалықты – кек сақтамайтын. Адамдардың әрдайым табысқа жетуін тілейтін. Әркіммен ақылы мен түйсігіне қарай сөйлесетін. Сөйлегенінен гөрі ой үстінде жүруі көп болатын. Жеке басы үшін ашуланып, өзгеден өш алмайтын. Айыбы мен кемшіліктері үшін ешкімді кекетпейтін. Адамдардың қасынан ақырын және күлімдеп өтетін.

Сөйлеген кезде айналасындағыларды баурап алатын. Өзгелер үшін жақсылық әкелмейтін сөзді айтпайтын. Жүзінен әрдайым нұр төгіліп, жайдары болып жүретін. Жаман сөздерді аузына алмайтын. Сөйлеген кезде кем сөйлеп немесе артық сөз айтпайтын.

Үй иесі рұқсат бермейінше, табалдырығынан аттамайтын. Шындық пен адалдыққа келгенде, алдына жан салмайтын. Киім кигенде мақтаншақтыққа жол бермей, орташа киінетін. Ақиқатқа қайшы келетіндей сүйіспеншілікті қабыл етпейтін.

Шаш пен сақалдың үрпиіп, шатасып тұрғанын құптамайтын. Ешкімнің бетіне келіп немесе артынан айыптап кінә артпайтын. Сөйлесіп тұрған кезде жүзін басқа жаққа бұрып алып кетпейтін. Жетімдердің басынан сипап, оларға қамқор болуды бұйыратын. Кез келген мәжіліске қатысқанда жеке дара бөлініп отырмайтын. Киімнің әдемі киілуін әмір етіп, масқаралыққа түсуін ұнатпайтын.

Есігін қағып жәрдем сұрай келген кісінің бетін қағып қайтармайтын. Балалардың бақытты болуын тілеп, оларды қарғауға тыйым салатын. Ар-ұяттың күштілігінен қатты дауыспен күлмейтін, тек күлімдейтін. Адамзаттың ардақтысы болса да, ел қатарлы қарапайым өмір сүретін.

Сөйлеген сөздері тізілген моншақтай тартымды, әрі берекетті болатын. Кедейлердің жабырқау көңілдерін көтеріп, оларға мейірбандық танытатын. Сауда-саттықта әдептілігі сондай – ел оны сенімді («әл-Әмин») деп сипаттайтын. Адамдардың ең жомарты болса да, оның жомарттығы оразада тіптен арта түсетін. Кедейлермен қатар отырып тамақтанатыны сондай – олардан ерекшеленіп тұрмайтын.

Ізін басқан достарына: «Бұл дүниеде бір бейшарадай, яғни жолаушы секілді бол!» дейтін. Күнә не, сауап не, әмір не, тыйым не екенін білмейтін адамдардың жағдайына қайғыратын. Өзіне дұшпандық жасағандарды кешіріп қана қоймай, оларға құрмет пен мархамат танытатын. Қиыншылыққа немесе әлдеқандай жағдайға түскен кезде әдепсіздікке салынып ашуланбайтын.

Қасында отырып ең соңынан сөйлеген кісілердің өзін бірінші кісіні тыңдағандай мұқиятпен тыңдайтын. Адамзат баласының ең мәртебелісі болса да, достарына: «Мені Аллаһтың құлы, әрі елшісі деп атаңыздар» дейтін. Әйел заты адамдық қасиеттен айрылып қорланған дәуірде: «Жәннат аналардың аяғының астында» деп, оларға құрмет көрсетілуін айтып, дәрежелерін көтеретін.

Ол әрдайым таңертең үйінен шығарда: «Иә, Раббым! Тура жолдан адасудан және адастырылудан, алданудан және алдандырылудан, хақсыздық етуден және хақсыздыққа бас ұрудан, құрметсіздік етуден және құрметсіздік етілуден саған сыйынамын», — дейтін.

Міне, осыншама көркем әдепті тал бойына топтап, үмметіне үлгі болған ол – адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед  саллаллаһу алейһи уә сәлләм болатын. Өйткені, Алла өз Елшісіне: «Шын мәнінде, Сен ұлы көркем мінез-құлыққа иесің» («Қалам» сүресі, 4-аят) деп ерекше атап өткен екен. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, үмметіне: «Мен көркем мінезді толықтыру үшін келдім»  деу арқылы жоғарыда аталып өткен әдептерінен үлгі алуымызды нұсқап тұрғандай.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз