КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН КҮМБІР

Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтпек.  Бәзбіреулер Қазақ елінің мемлекеттілігі тым әріде жатқандығына күмән келтіріп, ауыздарына келгенін бөсіп жүргенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы ғасырлар қойнауындағы көне тарихты кең көлемде қайта жаңғыртуға батыл түрде шешім қабылдағаны ұлттық рухымызды ерекше көтерген тағылымды бастама болды.

Рас, бұған дейін оқытылып келген «Қазақстан тарихы» қылышынан қан тамған кеңестік саясаттың сүзгісінен өткендіктен тым тайыз болды. Алайда, атамекенінде азаттық туын көтеріп, дербес іргелі хандық құрған қазақ халқының талайлы тағдыры маңдайына жазған тар жол, тайғақ кешулері хақында там-тұмдап қана жазылған еді. Енді міне, біздің тарих – күрмеуге келмейтін қысқа тарих емес, түп тамыры мыңдаған жылдарға кететін күрделі тарих екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Осынау айтулы датадан «Атырау» газеті де сырт қалмай, арнайы айдар ашып отыр.

«Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды. Қазақ мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ, бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көп ғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн» деген еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Расымен де, Қазақ хандығы халқымыздың біртұтас ұлт ретінде қалыптасуының бастауы бола алады.

Өткенге шегініс

Жалпы, Қазақ хандығының құрылуына  Әбілхайыр хан үстемдігіне қарсы, Керей  мен  Жәнібек сұлтандардың қазақ тайпаларының басын қосып, Жетісу жеріндегі Шу мен Талас өңіріне  қоныс аудару оқиғасы үлкен түрткі болды. Дешті Қыпшақтан бөлінген тайпаларды сол уақытта Жетісу билеушісі Моғолстан ханы Есенбұға да (1434-1462 жж. билік еткен) қош ала қойды. Өйткені, сұлтандар бастаған топты Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін құшақ жая қарсы алып, қоныс береді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашидиде»: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы хан әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек пен Керей хандар Моғолстанға көшіп барды. Есен-бұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталып, ал, оның үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек хандарға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың айналасындағылардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер – «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары  (1465-1466)  билей бастады…» деп жазады.

Алғашында Қазақ хандығының территориясы батыс Жетісу жері, Шу  мен Талас өзендерінің алабы еді.  Ежелден осы алапты мекендеген  тайпалар Дешті-Қыпшақтан қоныс ау-дарған қазақ тайпаларымен етене араласып кетті.  Әбілхайыр хандығындағы аласапыран  соғыс салдарынан күйзелген  қазақ тайпалары бұл араға келіп ес жинап, экономикалық тұрмыс түзеле  басталды.  Мұны көрген  Дешті-Қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр ханның қол астынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып, Қазақ хандығына келіп, қосылып  жатты. Алайда, жаңадан құрылған Қазақ хандығының экономикалық негізі  әлсіз еді. Бірсыпыра қазақ тайпалары Әбілхайыр хандығы,  Моғолстанның,  Ноғай Ордасының және Батыс Сібір хандығының қол астында төрт хандыққа бөлшектеніп отырған болатын.

Әбілхайыр хан  өз билігіне қарсы  шығып,  Жетісуға қоныс аударған қазақтардың тәуелсіз хандық құруын қош көрмеді. Жаңа құрылған Қазақ хандығы құрамына он жыл ішінде екі жүз мыңдай саны бар көшпелі тайпалар келіп қосылды. Және соған орай,  кең өрісті керек  етті. Хандық шаруашылығы дамып, отырықшы-егіншілігі көркейген аудандармен, әсіресе қол-өнер, саудасы дамыған экономикалық орталық – Сырдария  жағалауындағы  қалалармен  қарым-қатынасты реттеу маңызды мәселеге айналды.

Оған көшпелі елдер ғана емес, отырықшы аймақтардағы  халықтар да  мүдделі болды. Осы ретте Қазақ хандығы алдында үлкен тарихи міндеттердің бірі  тұрды. Атап айтқанда, мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті-Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілхайыр хандығындағы аласапыран кезінде бұзылған еді). Екіншіден, шығыс пен батыс  сауда керуен жолы үстіне  орнаған  Сырдария  жағасындағы  Сығанақ,  Созақ, Отырар, Яса  (Түркістан)  секілді қалаларды Қазақ хандығына қарату. Себебі, Сырдария бойындағы бай қалалар Әбілхайыр хандығының саяси-әкімшілік, сауда-экономикалық орталықтары еді.

Әбілхайыр хан болса, 1468 жылы Қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды. Бірақ, сапары сәтсіз болып, ол жорық кезінде қаза тапты. Әбілхайыр хан өлген соң  өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ішкі шиеленістер күшейді. Әбілхайырдың қазасы Қазақ хандығының іштен шыққан жауынан біржола құтылып, нығаю мақсатына табан тіреуіне себеп еді. Және солай болды да. 

Қазақтың хандары Әбілхайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күрестегі олардың ішкі-сыртқы берекесіз тартыстарын толық пайдаланды. Әбілхайыр ханмен билікке таласып келген Жошы ұрпақтары – Ахмет хан мен Махмұд хан,  батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан және  Ноғай  мырзалармен одақтаса отырып  күрес жүргізді. Өзбек ұлысының  үлкен бөлігі Керей  мен Жәнібек ханға көшіп кетті.

XV ғасырдың 70-жылдарында қазақтар Сырдария бойы мен оған жалғас Қаратау өңірінің біраз территориясын басып алды. Сөйтіп, Қазақ хандығының территориясы әлдеқайда кеңейді, оған тұс-тұсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты. Алайда, Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Сонымен қатар, бұл қалаларды  Түркістан аймағын билеген Әмір Темір әулетінен шыққан Әмір Мұхаммед Мәзит Тархан мен Моғолстан ханы Жүніс хан да қолдарына түсіруге дәмелі болды. 

Сыр бойындағы  қалаларды меншіктеп қалу мақсатында Қазақ хандары көп күш жұмсады. Әбілхайыр хан  немересі Мұхаммед Шайбани  Түркістан аймағына келіп,  Мұхаммед Мәзит Тарханды пана тұтады. Мұхаммед Мәзит Тархан  Мұхаммед Шайбаниды қолдап, Қазақ хандығына қарсы аттандырмақ болды. Бірақ, Мұхаммед Шайбани оның бұл үмітін ақтамады, керісінше оның қолынан Түркістан аймағын тартып алды.

1470 жылы қазақ ханы Керей қол бастап Түркістанға шабуыл жасайды. Шабуыл нәтижесінде хан әз Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын бағындырды, ал екінші баласы Еренжі Сауранды иемденді. Сауран түбінде қазақтардан соққы жеген Мұхаммед Шайбани Бұхараға қашады. Сөйтіп, Сырдария жағасындағы Созақ, Сауран  қалалары  Қазақ хандығының  құрамына кірді.

 

Дала дипломатиясы

Қазақ хандығы Қасым ханның тұсында (1511-1521 жж.) нығая түсті. Қасым хан феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, хандықтың әскери қуатын арттырды. Өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарих-и-Рашиди», «Шайбанинама» сынды дереккөздерге қарағанда, XVI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан қазіргі қазақ жерінің далалық аймағын түгел бағындырды. Бұл кезде хандықтың шекарасы оңтүстікте Сыр жағалауы мен Түркістанның маңызды қалаларын, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігін, солтүстік-батыста Жайық өзені жағалауын қамтыды. Қасым ханның Қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық аумағын біріктіру жолындағы жеңістері елдің іші мен сыртындағы беделін арттырды. Мұхаммед Хайдар Дулати: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес» деп жазды.

Бұл тұста Қазақ хандығы сол кезеңнің халықаралық қатынасына да кең тартылды. Қасым хан Ұлы князь Василий III ке-зіндегі Мәскеу мемлекетімен дипломатиялық қатынаста болды. Осы кезеңде қазақ халқы туралы мәлімет батыс Еуропаға белгілі болды. Мәскеуге бірнеше рет келді (1517 жылы және 1526 жылы). Австрия дипломаты Сегизмунд Герберштейн өзінің дипломатиялық жазбаларында Қазақ хандығы туралы баяндаған.

Тағы бір ерекше атап өтер жайт, Қасым дәстүрлі әдет-ғұрыптарды ұстанған хан болды. Осы дәстүрлі әдет-ғұрыптарды заңдар жинағы етіп, елді басқаруда кең қолданған. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді заң болды. Сондықтан да, халық арасында бұл заңдар жинағы Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталды. Онда мүлік заңы мен қылмыс заңы, әскери заң, елшілік жоралары, жұртшылық заңы сынды ережелер жазылды.

Қaзақ хандығы Қасым хан тұсында орыс мемлекетімен дипломатиялық қатынас жасaп, батыс Еуропаға да кеңінен танылды. Ұлы князь Ваcилий III тұсында (1505-1533) Мәскеу княздығымен дипломатиялық байлaныс орнатты.

Түйіп айтқанда

Төрт ғасырға созылған Қазақ хандығының шежіресінде жиырмадан астам  хан билік құрыпты. Ел тағдырын қолға алған бұл тарихи тұлғалардың толайым тағдырлары да сан қилы, билік құрудағы қабілеттері де әр деңгейде болды. Бірақ, олардың бәріне ортақ бір тамаша қасиет болды. Олар өз заманындағы қиындықтарға қарамастан, хандық туын жықпауға тырысты. Алайда, XVII ғасырдағы Жоңғар шапқыншылығы Қазақ хандығына оңай тимеді. «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» қасіретін көрген ел босып, айналып келіп қазақ ұлтын сақтап қалу үшін орыс мемлекетімен келісімге келуге мәжбүр болды.

Киікбай  ЖАУЛИН,

Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз