КӨҢІЛДЕ ҚАЛҒАН БІР БЕЙНЕ

(Эссе-элегия)
Ойлап отырсақ, үлкендердің «жалған дүние», «бір кем дүние» деп толғанатындықтары бекер емес екен. Ғұмыр-дария ағын судай өтеді де шығады. Алды-артыңа қарап бағамдауға да үлгере алмай қалатын секілдісің. Әсіресе, жұдырықтай жүрекке салмақ сала шым еткізер тұстарды бастан өткізу оңайлыққа соқпайтыны да рас. Біз осы сәтті тай құлындай тебісіп бірге өскен, тәтті өмірдің көз тоймас қуаныштарын бірге бөліскен ардақты досымыз Ғилым Қашқынұлы Түгелбаев дүниеден озғанда жанымызбен сезіндік. Әттең... дейміз қинала. Өйткені, Ғалекең арамызда болса бүгінгі күні 60-қа толып, ортамызда шаттанып отырар еді-ау. «60 деген жастықтың соңы, кәріліктің алды» деп қалжыңдап, бәрімізді күлкіге кенелтер еді. Амал не?... Өзің болмасаң да біз бүгін сенің 60 жасыңды еске алып, ақжарма тілегімізді өзіңнің ет жақындарыңызға арнаймыз.

Уақыт-ұшқыр, уақыт ешкімге де тәуелді емес. Бірақ, уақыт талабы қаншалықты қатыгез болса да, Ғилымдай асыл досымыздың нұрлы жүзі біздің көңілімізде бұрынғыдан да жарқырай түсті. Оның ақжарқын бейнесін, қоңыр даусымен әуелете шырқаған әсем әндерін, жығылғанды демейтін, қиналғанды қорғайтын зор адамгершілігі мен үлкенді құрметтеп, кішіні аялап бауырына тарта білетін қамқорлыққа толы кеңпейілділігін қалай ұмытарсың?! Айналасына дос жинай білу де-бір бақыт.
Ғалекең ортаның алтын қазығы еді.Жасындай жайнап, отырған жерін думандатып жіберетін. Әдемі әзілдерін айтсаңызшы. Шұрайын келтіріп, әсемдеп сөйлеген сөздері, тиянақты атқарған әрбір істері әлі күнге біздің көз алдымызда сақталып, жадымызда жатталып қалғандай. «Мен бір қалың кітаппын, бір бетімді оқысаңдар жарайды» деуші еді қалжыңдап. Аузына құдай салғандай, біз үшін шынымен де беттері таусылмайтын кітапқа айналды, қайран дос.
Қызыққа толы студенттік шағында да, елі үшін қызмет етіп кемелденген шағында да ол өзінің жоғары кісілік қасиеттерімен, сан қырлы білімділігімен әркез көзге түсе білді. Өмір-күрделі. Күрделілігі сол, адам шіркін қашан дәмі таусыларынан бейхабар болады. Ғалекең де сол, көп пенденің бірі ретінде болашағына тек жақсылықпен, үмітпен қарады. Бір күні рақымсыз ажал кенеттен ауыз салады-ау деген күдік оның ойына да кіріп шықпады. Өйткені, ол нағыз ердің жасында, бала-шаға, немерелерінің қызығын қызықтап, Дәметі екеуі қуаныштың бел ортасында жүреміз деген шағында кенеттен көз жұмды. Сөйтіп, рақымсыз ажал оны мәңгілік құшағына, бауыры суық қара жер мекеніне алды. «Ажал айтып келмейді» деген осы шығар, сірә!
Ана үшін баланың қайғысынан асқан ауыртпашылық жоқ. «Құлыным» деп елжіреп, көкірегін иіткен асыл ұлдың артында аңыраған анасы қалды. Иықтас жүрген інісінен айырылып қанаты мұқалып арқа сүйер ағасы қалды дағдарып. «Ағасы бардың жағасы бар» деп еркелеп жүретін қос қарындасына да бұл қаза ауыр тиді. Қабырғасы қайысқан Оқу анамызға, «інім-тынысым» деп елжіреген ағасы Сағат Қашқынұлы мен қарындастары Гүлсім мен Гүлайымға қалған өмірде тек қуанышқа кенеліңіздер дейміз.
Ғалекең отбасының алтын тірегі болса, жан-жары алтын арқауы болатын. Жарасымды жұп құраған Дәмет екеуі отыз жылдан астам уақыт мағыналы да мәнді өмір сүрді. Өмірдің ащысы мен тұщысын қатар бөлісті. Олардың төрінен он сегіз мың ғаламның басын қосқан қасиетті дастархан жиналмады. Айналасы ағайын-туыс пен жора-жолдасқа толы болды. Өзім дегендер олардың табалдырығынан еркін аттады. Тілектеріне орай берекелі шаңырақтарына мейірім шуағын тілей келді. Бұл екеуінің кең құшақтары өздерінің дархан көңілдеріндей дос-жора, ағайынға кеңінен ашылды.Бүгінгі күні сыңарынан айырылған аққудай күй кешіп жүрген Дәмет ерінің салып кеткен жолымен балаларына бас-көз болуда. Шүкіршілік етеді, тағдырына мойынұсынады. Біз Дәметке күш-жігер мен сабырлылық тілейміз.
Қазақта «тас түскен жеріне ауыр» деген қанатты сөз бар. Маңдайға жазғанды пенде мойнымен көтеруге міндетті. Көңілге демеу, жанға дауа болары – досымыздың өзіндей, көрер көзіндей болып соңында қалған ұл-қыздары. Тұла бойы тұңғышы, өмірінің жалғасы – ұлы Әсет бар. Біз ақ жүрегімізден Әсетке «әке жолын жалғастырып, қара шаңырақтың уығын биіктетер әкеңдей абзал азамат бол, әкең сияқты тамыры тереңге кеткен алып бәйтеректей мықты бол» деп тілек айтамыз. Қырмызы қылықты қос қызы – Альфия мен Нұрияға да әкелерінің жандарына ерекше жақын болған жолдастары атынан тек бақыт пен қуаныш тілейміз.
Көңілі дархан, пейілі кең, өзі барында алысты жақындатып, жақынды жанына жақын ұстаған, сөйтіп қысқа ғұмырын саналы да сәнді өткізген қайран Ғалекеңнің орны ортамызды ойсыратып, ойылып-ақ тұр. Арада жылдар өтсе де жарқ етіп келе қалатындай елеңдеп, бірге жүрген қимас кездерімізді жиі еске аламыз, сағынамыз. Ғалекеңді әңгімелеген сайын оның жарқын бейнесі бұрынғыдан да жарқырай сомдалып, ән қанатында қалықтап тұрғандай көрінеді. Өйткені, оның өмірі де, өнегесі де шалқыта салған әндей еді…

Достары атынан
Марат БИСЕНҒАЛИЕВ, Мақсот КӨШЕКОВ,
Бекет ИХДАНОВ.
Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз