«ХОЛИ» БІЗГЕ ҚОЛ ЕМЕС…

Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр атыраптың көнеден қазақ жері екені даусыз. Түбі – түркі, діні – ислам, пайғамбары – Мұхаммед (с.ғ.с) болған қаны таза, ары таза – қазақ халқының ұрпағымыз. Мың өліп, мың тірілген қазақ тәуелсіз ел болу жолында қиын кезеңдерді бастан өткерді. Миллиондаған жандардың қаны төгілді. Ендігі жерде біз дінімізді, тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге тиіспіз.

 

Өкінішке орай, тіліміздің жағдайы әлі күнге ала-құла. Тіл деп жүргенімізде, дініміздің өзі іштен бүлініп, алас-күлес жағдайға әкелді. Салт-дәстүріміз жаппай жаһандану дәуіріне жұтылып бара жатқандай. Осындай сын сағатта қазақ жұртының мекенінің бір шеті саналған Атыраудағы кейбір оқиғалар жанымды жегідей жеп барады. Айдың күні аманында үнділердің салтын дәріптеуімізге жол болсын.

Өкінішке орай, отандық арналарды тоқсан пайызға дейін жаулап алған үнді сериалдары ұлттық мәдениетімізге кері әсерін тигізуде. Ондағы түкке тұрғысыз  қазан-ошақ төңірегіндегі әңгімелер мен оқиғалар желісін былай қойғанда, шығу тегі күмәнді«холи» мерекесінің жалпыхалықтық сипатқа айналып бара жатқаны алаңдатады. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенер болсақ, Холи (Holi) — Үндістанның жарқын бояулармен әспеттелетін көңілді мерекелерінің бірі, бенгалдық жаңа жыл екен.

Ал, үнді халқының аңыздарында мерекенің шығу тарихы туралы басқаша айтылады. Олардың бірінде Холи сөзін Холика атты әзәзілдің атымен байланыстырады. Есте жоқ ерте замандарда қаһарлы патшаның ұлы Прахлада Вишнуға табынып келген  екен. Және оны бұл жолдан ешкім тайдыра алмайды. Сонда оның Холика атты әпкесі інісін отқа түсіп, өртенуіне үгіттемек болады. Нәтижесінде өзі құрған қақпанның құрбаны болған Холика отқа өртеніп кетеді де, Прахлада аман қалады. Осы оқиғаның құрметіне мейрам күні алау жағылып, серуен құрылады. Сонымен қатар, кімнің киіміне бояу көп жағылса, сол адам жақсылыққа кенеледі делінеді. Жас жігіттер мен өрімдей қыздар бұл күні бір-бірімен әзілдесіп, түрлі-түсті опалармен әлекке түседі.

Мұның несі мейрам, несі мереке? Мені мазалайтыны, «үнділердің көктемгі мерекесі бара-бара қазақтың наурызының орнын басып кете ме?» деген ой. Қазақстанды үлкен бір киіз үй деп алсақ, халық – шаңырақ. Ол шаңырақты берік етіп ұстап тұрған уықтары – дін, тіл мен салт-дәстүр екенін ұмытпайық.

Қалай десек те,  «холи» бізге қол емес. Елімізден, жерімізден, дініміз бен ділімізден ажырамас үшін де ұлттық дәстүрімізге берік болуымыз қажет.

Дидар ЖЕТКІНОВ,

Х.Ерғалиев ауылы,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз