ХАНГЕЛДІ ӘБЖАНОВ: ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЗОБАЛАҢЫ

Ол  әлі  зерттеліп  болған  жоқ 

Қазақ даласын шарпыған талай нәубеттің ішінде 1932-1933 жылдардағы ашаршылықтың әкелген қасіреті шексіз. Кейбір деректерде бұл нәубеттің  демографиялық, экономикалық зардаптарынан айығуына ширек ғасыр қажет болғаны жазылады. Осы орайда тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжановпен сұхбаттасқан болатынбыз.

- Ашаршылық – бүкіл елге келген нәубет. Бұл қырғын «ұжымдастырудан басталды» деп оқытылды. Қарап отырсақ, сол күштеп ұжымдастыру кеңестер Одағының барлық елінде де белгілі бір деңгейде орын алған. Қазақ халқын бір емес, үш мәрте қырғынға ұшыратқан аштықтың астарында нендей саясат болды?

 

 – Түптеп келгенде, кеңестік социалистік саясаттың Қазақстанда орын алған бұрмалауларын, қателіктерін қазақ халқы кешірмейді. 1917 жылғы қазанда билікке келгеннен 1991 жылы тарқағанша КОКП үздіксіз жүргізген кеңестік саяси қуғын-сүргін, әсіресе, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты қалай ұмытуға болады?! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «аяулы да, абзал азаматтарымыздың жойылғаны – большевизмнің бетіне қара таңба, біздің ғасырлар бойы ұмытылмайтын қасіретіміз».

1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық «гуманитарлық апат» деген анықтама аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық қасірет. Ашаршылықтың әлденеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет әкелуіне себеп болған басты фактор – қоғамның объективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура өктемдігі. Кеңестер елінде номенклатура деп басшы қызметтерде отырған адамдар қауымдастығын атады. Экономика салаларының, білім мен ғылымның, құқық қорғау органдарының – әрқайсысының өз номенклатурасы бар болатын. КСРО-да партиялық номенклатура бәрінен жоғары тұрды. Батыстық зерттеушілер кеңестік номенклатураға «жаңа тап», «бюрократиялық артықшылыққа ие тап» деп атақ-айдарларын тағуы кімнің кім екенін айқындай түседі. Мемлекеттік  деп  аталған меншіктің қызығын, материалдық, қаржылық ресурстарды бөлу рахатын, баршаға міндетті шешім қабылдау құқығын партиялық номенклатура уысынан шығарған емес. Бұл – бір.

Екіншіден, ғылым ашаршылықтың түрлі формасы мен деңгейін анықтап отыр. Эпидемиялық ашаршылыққа құрғақшылық, су тасқыны, тағы басқа мерзімдік-мезгілдік құбылыстар туындатқан қиындықты  жатқызады. Келесі  түрі – тұтынған азық-түлік калориясының адам организмі сұранысына сай келмей, төменгі деңгейде қалуы. Азық-түлік мәселесінің барынша асқынған көрінісі – ұзақ мерзімге созылған аштық («хронический голод»). Осы соңғы түрі 30-шы жылдар басында  қазақ даласын жайлады. Ол қалаларды, индустрия ошақтарын айналып өтті, қазақ ауылдарын баудай түсірді.

– Хангелді Махмұтұлы, ашаршылық ақиқаты өз деңгейінде ашылып жатыр ма, яғни оның зерттелу деңгейі қалай?

– Ашаршылық ақиқатын ашуға арналған еңбектер баршылық. Бірақ, діттеген меже мен мақсатқа жеттік дей алмаймын. Бүгінде ғылыми еңбекті қалың қауым оқи бермейді. Ақиқатты көркем суреткерлікпен ашудың әлеуеті де, пайдасы да зор. Мәселен, М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы ойшыл ғұламаны әлемге танытты емес пе? Демек, ашаршылық туралы кемел, көркем туынды  да  керек.  Ол  кино  телеэкранға «Қыз Жібек» тәрізді  биік өремен шығарылса, ұлттық тарихымызды, қасіретті тағдырымызды бүгінгі ұрпаққа боямасыз, қалтқысыз жеткізе алар едік.

– «Ауыз өзімдікі» дейтін кейбіреулер қазақтың аштыққа ұшырауын халықтың шаруаға қырсыздығынан көреді. Осы пікірге тарихшы ретіндегі көзқарасыңыз қалай?

– Шаруаға қырсыздығынан өлетін болса, қазақтар ХХ ғасырға жетпей-ақ қырылып қалар еді. Қазақ хандығы шаңырағын көтергенде халқының саны 200 мың ғана болыпты. Арада төрт ғасырдан астам уақыт өткенде қазақтың саны 6 миллионға жетті. Осыншама уақыт бойы өсіп-өнген халқымызға аяқ астынан шаруаға қырсыздана қалатындай не көрініпті? Бәрі сыртқы күштер мен факторлардың, солақай саясаттың әкелген сойқаны.

– Қазір сол зұлмат жылдарын зерттеп жүргендер ашаршылықтың құрбандары жайында әртүрлі санды айтады. Отызыншы жылдары қырылғандар саны – 2 миллионнан астам, ал оның алдындағы ашаршылық құрбандары 1 миллионнан асады дейді. Бұл деректер қаншалықты нақтыланған?

– Ашаршылықтан келген адам шығынын дәлме-дәл ешкім айта алмайды. Түрлі демографиялық, деректік өлшемдермен, есептермен болжауға болады. Менің ойымша, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кем дегенде 3 миллион қазақтың өмірін қиды. Әрбір алтыншы қазақ туған елінен безіп, шет елге, жат жерге кетті. Егер 1897 жылы отар өлкеде 3,5 миллион қазақ тұрып жатса, ал халықтар санындағы үлесі 82%-ды құрады. 1939 жылы олардың саны 2,3 миллион ғана болып, республика тұрғындары арасындағы үлесі 38%-ға дейін қысқарған еді. Жан шошытарлық қасірет азабы бүгінге дейін жүрек сыздатады.

– Аштыққа қатысты әлі де ашылмаған құпия құжаттар болуы мүмкін бе?

– Мүмкін және бар деп есептеймін. Соларды ашып, зерттеу, жария ету керек.

– 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Ашаршылық құрбандары репрессияға ұшырағандардың тасасында қалып қойып жатқан жоқ па? Деректерге сүйенсек, Қазақстандағы барлық қуғын-сүргін құрбандарының саны ашаршылықта қырылған халықтың жартысына да жетпейді екен. Репрессия құрбандары мен аштық жылдары қырылғандарға екі бөлек дата арнауымызға не кедергі болып отыр?

– Екі қасіретті салыстыра-шендестіре қарастырған жөн емес. Репрессия мен ашаршылық – тоталитарлық қылмыстың ең сорақы түрлері. Демек, екеуін жеке-жеке атап өтуге айтарлықтай қажеттілік жоқ.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

 

Деректер сөйлесе…

• 1931-1933 жылдардағы шығын халқымыз үшін мұның алдында болған 1916-1921 жылдардағы күйзеліс кезіндегі шығындардан үш есеге дерлік, ал 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тура және жанама шығынынан алты еседен астам көп болды. Осы тарихи салыстырмалар тұрғысынан қарасақ, ең сұрапыл жаугершілік кезең – «ақтабан шұбырындының» шығындарынан жалпы саны жағынан 2,2 есе асып түскен. Егер 1932 жылғы ойран болмағанда (аштығы, көшуі бар) бүгінгі таңда қазақ халқының өсімі 32 миллионнан асып түсуі күмәнсіз еді.

• 1932 жылдың зобалаңындағы ресми деректерге қарағанда, ашаршылық жылдары емізулі сәбилердің 72 пайызы, жеті жасқа дейінгі балалардың 60 пайызы аштан қырылған.

(Ғаламтор мәліметтерінен алынды).

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз