ҚАЗАҚЫ ТҮЙЕЛЕРДІҢ ЖАҢА СҮЛЕСІ

селекциялық  жұмыстардың  жемісі

Қазақтың малбегілік өнегесін өркендетіп, төрт түлік өнімінің сапасын арттырып, көлемін өсіруге мемлекет тарапынан тапсырмалар беріліп,  үлкен қамқорлық пен қолдау да көрсетіліп келеді. Елбасының жаңа Жолдауында «Қазақстан ет пен сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс» деп атап көрсетілген. 

 Бұндай маңызды межелерді жақындата түсуде, нақты тапсырмалар мен жүктемелерді орындауда Құрманғазы ӨК-і қолға алып, іске асырып жатқан, асыруға тиіс жұмыстардың да маңызы зор болмақ. Облыс көлемінде қойды асылдандыруға қызу кірісіп, сапалы нәтиже көрсете білгендердің алдыңғы легінде болған бұл ұжым аққарабас қой тұқымын өсіріп шығаруымен де, кезінде зор құрметке ие болған еді. Ұжымның тағы бір ерекшеленген жері – қойды асылдандырумен қатар, қазақтың айыр өркеш түйесін асылдандыру жолындағы табыстары. 

Қойға қарағанда түйенің өсімі баяулау болатындығы, басқа да үлкен ерекшеліктері бар екені белгілі. Сондықтан, қойды асылдандырумен қатар қолға алынған қызметтің нәтижесі кешеуілдеген еді. Алайда, ең бастысы – көзделген мақсат мәресіне жетті. Мал тұқымының асылдану үрдісін қадағалап, өту сатыларын жіті бақылап отыратын құзыреті бар арнаулы орган – Мыңбаев атындағы ғылыми-зерттеу институты Құрманғазы ӨК-інде түйенің жаңа асыл тұқымды сүлесі  пайда болғанын анықтап, оны тиісті құжат – патентпен куәландырды. Ұзақ жылдар бойына атқарылған ғылыми-селекциялық қызметтердің, түртпектеліп, ерінбей істелген жұмыстардың арқасында қол жеткізілген бұл нәтижені, түптеп келгенде, бүкіл ауыл шаруашылығы саласының тарихи оқиғасы, табысты қызметі деп бағалан жөн. 

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Атырау облысындағы малды асылдандыру қызметін ұйымдастырушы ғалым Қосыбек Ырзағалиев Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтының тапсырмасымен Құрманғазы ӨК-інің ұжымына және жеке қызметкерлерге патент пен авторлық куәліктер табыстады. 

– Күтім мен бапты аса қажет ете бермейтін, шұбаты дертке шипа, еті мен жүні ежелден-ақ пайдалы болып келген түйені де асылдандыруға көңіл бөліп, еңбек еттіңіздер. Үкіметіміздің мал шаруашылығын өркендетуге бағыттаған көмектері мен жеңілдіктерін қалт жібермей кәделеріңізге жаратып жатырсыздар. Сол көп жылғы қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі қорытындыланып, сынақтан өтіп, жоғары бағаланып отыр. Ұзақ жылғы іріктеу, сұрыптау, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қазақтың айыр өркеш түйелерінің тұқым ішілік типі – сүлесі өмірге келді. «Найзақара» бурасының зауыттық ізімен өсірілген түйелер етті, әрі өсімтал болса, «Орал-Бөкей» бурасының зауыттық ізіндегілер жүні, сапалы сүтті келеді. Аталмыш асыл тұқымды буралардың зауыттық ізіне Бөкей ордасы, оңтүстік және өзіміздің жергілікті  түйелердің буралары мен інгендері    пайдаланылып, үлкен селекция қызметі жүргізілді. Біздер, көп жақсы нәрсемізді әлем алдында көрсете алмаудамыз. Қымыз, қазы, шұбаттарымызды басқа біреулер иеленіп кете жаздап жүр. Сондықтан, алда әлі де үлкен қызметтер күтіп тұр. Табыс биігінен түспеулеріңізге тілектеспін, – деген Қосыбек Салтанатұлы жаңа сүленің патенті көшірмелерін Сабыржан Сұлтановқа табыс етті. Оған, сондай-ақ, авторлық куәлік те берілді. Ғылыми қызметтері үшін авторлық куәлік өндірістік кооперативтің іргетасын қалаушы, оның құрметті төрағасы Харес Биляшевқа, ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Елемес Абдошевқа, ауданға танымал мал маманы Меңжан Меңдешовке, атақты түйеші, майталман малбегі Берік Салауовқа табысталды. Жиналыста сөз сөйлеген Елемес Абдошев ғылыми қызметтердің бастауында болған, мезгілсіз дүниеден озған айтулы ғалымдар Зейнолла Мусаев пен Айтжан Иманғалиевтардың да бұл қызметке жан аямай араласқанын, олардың зор еңбектері болғандығын атап өтті. 

Мадат СӘРСЕКЕЕВ, 
Құрманғазы ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз