КАСПИЙДІҢ ТІРІ «АЛТЫНЫ»

бүгінде жасанды тоғандарда өсірілуде

 

Табиғат байлығын сақтап, онда мекендейтін тіршілік иелерін қорғау, келешек ұрпаққа қаз-қалпында қалдыру — адамзат баласының басты міндеті. Осы орайда, Атырау бекіре балығын өсіру зауыты бүгінде толайым табыстар мен ғылыми жетістіктерге жетіп отыр. Сонау 1998 жылы жұмысын бастаған зауыт Еркінқала кентінде орналасқан. Кәсіпорын басшысы Рашиден Халидуллиннен білгеніміздей, өткен жылы 3 млн. 600 мың балық өсіру жоспары толығымен орындалыпты.

 

Аталған кешенде бағалы балықты өсірумен екі зауыт айналысса, енді үшінші зауыт оны өндіріп, сатылымға шығаруды қолға алуда. Бүгінде зауытта барлығы 78 адам қызмет етеді. Олардың көп бөлігін жастар, өзіміздің Атырау мұнай және газ институты, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің балық шаруашылығы мамандығын тәмамдаған студенттер мен көршілес Астраханнан келген мамандар құрайды.

– Кәсіпкерлермен де байланысымыз берік. Атап айтқанда, «Інжу-маржан», «Тілекші», «Жамбыл», «Құрманғазы» кооперативтері балық аулап беруге көмектеседі. Қазір бекіре тұқымдастардың қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік және тілмай деген бес түрі өсіріледі, – дейді Рашиден Халидуллин. Кәсіпорын директоры алдағы уақытта зауытты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін де атап өтті.

Білікті мамандардан құралған зауыт ұжымы мемлекет назарынан тыс қалмай, екі үлкен марапатқа ие болды. Біріншіден, ұлттық бизнес-рейтингінің қорытындысы бойынша Атырау бекіре балық өсіру зауыты өз саласында былтыр көшбасшы деп танылса, «2015 жылдың үздік басқарушысы» аталымында зауыт директоры Рашиден Халидуллин жеңімпаз атанды.

– Мұндай мемлекеттік байқауларға кәсіпорындар өздерін жарнамалап қатыспайды, құжат тапсырмайды. Үздік ұлттық көрсеткіштерді сарапшылардың өздері шығарады. Яғни, отандық зауыттардың жұмыс барысына егжей-тегжейлі талдау жасайды, – дейді ол.

Былтыр шілде айында атыраулық бекіре өсірушілер толық жетілген, салмағы 14 келіні құрайтын қортпаны ауға түсірді. Енді көктемде одан ұрпақ күтуде. Осылайша, шабақтарды өсіру арқылы, біріншіден, жыртқыш балықтарға төтеп берілсе, екіншіден, өсіп-өнген балықтың қайта оралуына да жол ашылады. Осы бастама алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, өсіріліп жатқан балық санын 7 миллионға жеткізу басты міндет ретінде күн тәртібіне қойылып отыр. Ал, болашақта зауыт басшылығы мемлекеттен көмек сұрай бергеннен гөрі, өсіп-жетілген балықты тікелей өздері сатылымға шығарғысы келеді екен.

Сондай-ақ, мұнда канадалық бекіре шабағы да өсіріліп жатыр. Қазір оның салмағы 10-15 келіге дейін жетіп қалды. Бұл тауарлық балық ретінде халыққа тұтынуға беріледі.

Мұндағы мамандардың ғылыми-зерттеу жұмыстары да өз нәтижесін беруде. Ғылыми-тәжірибелік мақсатта 2003 жылы арғы тегі америкалық «ескектұмсық» аталатын балықтарды өсіре бастады. Бекіре тұқымдас балықтар тобына жататын бұл су маржаны Халықаралық табиғат қорғау ұйымының «Қызыл кітабына» енгізілген. Бекіренің ескектұмсықты түрі Солтүстік Американың Миссисипи және Миссури өзендері мен Мексика шығанағына құятын су көздерінің тармақтарын мекен етеді. Жасанды тоғандарда өсірілетін ескектұмсықтардың өмірін жергілікті ғалымдар он жылдан бері гидрохимиялық және гидробиологиялық зертханалар арқылы бақылап келеді.

– Біздің зауытта тәжірибе жүргізіліп жатқан 200-ге жуық бекіре тектес балық бар. Соның ішінде ескектұмсықтарды тәулігіне екі мәрте тамақтандырамыз. Сүйікті астары – калифорния құрттары. Өсіп-өнуі өте қиын, сондықтан жүріс-тұрысын үнемі назарда ұстап отырамыз. Жас ерекшеліктеріне қарай, бір балықтың өзі 80-200 мың данаға дейін уылдырық шаша алады, – дейді аталмыш кәсіпорынның бас маманы Зухра Ғұбашева.

Ежелден Каспий теңізін мекен ететін бекіре балықтарының қазір бес түрі ғана қалған. Олардың тұқымын қатаң сақтау қажет. Сондықтан, енді тек жасанды тоғандарда ғана өсіріліп, тауарлық бағытта еті мен уылдырығы саудаға шығарылмақ.

Амандық АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз