ҚАЛАМЫ ҚАРЫМДЫ ҚАРЖЕКЕҢ

Ардагер журналист Қаржаубай Сұлтанғалиұлы – 70 жаста

Атырау өлкесінің ғана емес, қазақ баспасөзінің тарихында өзіндік орны, қолтаңбасы бар, тумысынан дарынды, қаламы қарымды журналистердің қатарында есімі құрметпен атауға лайықты әріптестеріміздің бірі – Қаржаубай Сұлтанғалиұлы десек, асыра айтпаған болар едік.

Сонау 1943 жылдың желтоқсан айында кең Жылыой өңірінде кіндік қаны тамған журналистің шығармашылық қызметі де осы жерден басталды. Аудан айнасы – бұрынғы «Ембі», бүгінгі «Кең Жылыой» газеті редакциясында еңбек етті.
Соңынан Гурьев педагогикалық институтын (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) филология факультеті бойынша бітіріп, кейіннен Алматыдағы жоғары партия мектебін тәмамдады. Туған топырағынан басталған еңбек жолын сол кездегі Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінің редакциясында жалғастырды. Артынан облыстық «Коммунистік еңбек» (бұл күндері «Атырау») газетіне ауысып, басылымның өнеркәсіп және көлік бөліміне меңгерушілік жасады. Кейіннен Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінің бас редакторы, халық депутаттары облыстық кеңесінің референті, облыстық партия комитетінің саяси ұйымдастырушысы қызметтерін де абыроймен атқарды.
Өмір-өзеннің біраз белесін артқа тастаған шағында жұмыс орнын ауыстырған ағамыз кәсібін де алмастыруға бел буады. Сөйтіп, Атырау мұнай өңдеу зауытына аудармашылық қызметке орналасады. Мұнда да Қаржекең мамандығын өзгерткенмен, жастайынан жанына серік еткен машығын өзгертпеді, қаламын қолынан бір сәтке тастамады. Қайта қайратына мініп, жиған-тергендерін көптің кәдесіне жарар дүние етіп шығаруға бет бұрды. Осылайша, кейінгі он бес-жиырма жылдың бедерінде «Балғымбай әулеті», «Біздің Мақаш», «Ғибратты ғұмыр», «Жүректегі жазулар», «Тұғырынан таймаған тұйғын», «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты кітаптар жазды.
Осылайша, қашанда асып-саспайтын, жеттім-жетістім деп таспайтын, қадамын қисық баспайтын орта бойлы, жүріс-тұрысы ширақ, жинақы жүретін Қаржаубай Сұлтанғалиұлы да 70 атты арғымақтың жалына мініп, биігіне көтерілді. Адал еңбегіне лайық алған атағы да, еншілеген марапаты да аз емес. Ол – Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері.
Осындай өнегелі өмір жолын өткеріп келе жатқан журналист – бүгінде зор қошемет құшағында. Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан аптаның алғашқы күндерінің бірінде мерейгерді жетпіс жасымен құттықтады. Аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан жазылған жылы лебізге толы құттықтау хат пен естелік сыйлықты салтанатты жағдайда табыстады. Қабылдауға қатысқан «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай да барша атыраулық әріптестерінің ыстық сәлемін жолдады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз