ҚҰС ӨСІРУ – ҚЫРУАР ПАЙДА

Тәуелсіз еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қазыналы «қара алтынды» аймақта 44 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарлама бойынша жалпы құны 1,6 триллион теңгені құрайтын жобаларға сәйкес бес мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

 

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынған жоба бойынша «Алмалы құс» фабрикасының құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталып, жылдың аяғында, еліміздің Тәуелсіздік мейрамы қарсаңында нысанның алғашқы кезеңі пайдаланылуға берілген-ді. Бұл жобаның құрылтайшысы – «Жігер» шаруа қожалығы.

Немістердің құс жұмыртқасын өндіру технологиясын пайдаланатын бұл фабрикада қазір 110 мыңдай құс өсіріледі. Бізге мұндағы жұмыстың жай-жапсарын таныстырушы Виктор Павлович Пац – Қостанай өңірінің тумасы. Ауыл шаруашылығы саласында ширек ғасырдай басшылық қызметтер атқарған, кеңшар директоры болған Виктор Павлович бұған дейін он бес жыл бойына тоқтап тұрған Арқалықтағы «Агроинтерптица» фабрикасын қайта іске қосқан білікті маман көрінеді. Жалпы, қуаты 340 мың құс өсіру мен халықты сапалы жұмыртқамен, құс етімен қамтамасыз етуден жинақтаған мол тәжірибесін енді «Алмалы құс» фабрикасында кәдеге жаратуда.

«Бұл цехта құстарға берілетін жем дайындалады. Биыл туған балапанның алғашқыда күндік нормасы 59 грамнан басталады. Ал, отыз апталық әр құстың тәуліктік азығы – 106 грамм шамасында. Яғни, фабрикадағы құстардың күндік азығына түрлі белоктық, минералдық тағам қоспаларды қоса есептегенде 12 тоннадай жем дайындауымыз қажет. Сонда жылына қанша азықтың қажет болатындығын есептей беріңіз. Неміс технологиясымен өсірілетін «ХайсексУайд» кросс тектес бұл құстардың 97 пайызы жұмыртқа береді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш», – дейді Виктор Павлович мәселенің мәнін бізге тәптіштей түсіндіріп. Дәруменді қоспалар негізінен Ресейдің Волгоград қаласынан әкелінсе, жемдік азық еліміздің элеваторларынан жеткізіледі.

Қазір құс өсірілетін бірінші цехта 59 мың құс бар. Олар аға құс өсіруші Кашимова Жаңыл мен көмекшісі Әбішева Жайнагүлдің жіті бақылауында. Мезгілімен азықтық жемін, суын беріп тұратын қос құрбының өсірген құстары тез қоң алып, енді санаулы күндерде №2 цехқа көшіріледі. Жаңыл Орал қаласындағы осы тектес құс фабрикасында болып, тәжірибеден өтіп келген. Енді онысын ауылдастарына үйретіп жатқан жайы бар.

«Жұмыртқа көлемі мен салмағына қарай үш санатқа бөлінеді. 2-санатқа салмағы 45-55 грамдық, 1-санатқа 55-65 грамдық, ал, жоғары санатқа 65 грамнан жоғары ірі жұмыртқалар жатқызылады. Соған сай олардың бағалары да әр түрлі. Әр жұмыртқаның құны 8 теңге мен 14 теңге аралығында. Халықтың жергілікті өнімге деген сұранысы да жоғары. Құс өсірушілердің міндеті – тұтынушы тілегін қанағаттандыру, сапалы әрі қолжетімді бағамен өнімдерін ұсыну» дейді фабрика директоры Шыңғыс Мұратұлы. Реті келгенде айта кетейік, фабрикадағы бүгінде жұмыртқа беріп тұрған құстар жыл айналып, етке сойылады.

Неміс технологиясымен автоматты түрде жұмыс жасайтын фабрикаға жақында Алмания елінен арнайы өкіл келіп, құстардың өсірілу, азықтану, жеммен қамтамасыз ету, жұмыртқа дайындау, тұтынушыларға жөнелту жұмыстарымен танысып, «Алмалы құс» фабрикасы ұжымының жұмыстарына өзінің көңілі толатындығын айтып кетіпті.

Цехта еңбек ететіндердің бәрі – Алмалы ауылының тұрғындары. Бұған дейін екі қолға бір күрек болмай, жұмыссыз үйде отырып қалған ауылдықтардың осында жаңа кәсібін табуы қуантады, әрине. Аға құс өсіруші Қымбат Дауылбаева, Жайнагүл Әбішева сынды жастар – солардың бірі. Жалпы, фабрикада күні бүгін 60 адам еңбек етуде.

Құс фабрикасынан келер тиімділік те аз емес. Біріншіден, бұл өндіріс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлесін қосуда. Екіншіден, өнім бағасы сырттан тасымалданатын тауық жұмыртқасымен салыстырғанда едәуір арзан. Үшіншіден, ауылда жаңа жұмыс орындары пайда болды.

Биыл облыс халқын арзан әрі сапалы жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғастырыла бермекші.  Аймақтағы жұмыртқа бағытындағы құс фабрикалары «Алмалы құс» ЖШС 30 млн. дана, «Атырау-Сауда» ЖШС 32 млн. дана жұмыртқа өндіру арқылы барлық тұтынушылардың 76 пайызын қамтамасыз ететін болады. 2017 жылға қарай «Алмалы Құс» ЖШС арқылы қосымша 30 млн. дана жұмыртқа өндіріп, оның көлемін 92 млн. данаға жеткізуге мүмкіндік туғызылмақшы. Сөйтіп, халық қажеттілігінен артық 11 млн. дана жұмыртқа көршілес облыстарға немесе экспортқа шығаруға жол ашылады деген үмітте екенін айтады фабрика басшылығы.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз