ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕРЛЕР ОРДАСЫ

Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы ашылғаннан бері, яғни 2002 жылдың ақпан айынан бастап «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыс территориясында 6000-нан астам жаңа археологиялық ескерткіштер анықталды, соның ішінде тас дәуірі кезеңіне жататын адамдардың мекен еткен орындары, қола дәуірі қоныстары, скиф-сақ кезеңінің обалары, Жаңақала ауданында «Сарыөзен» қалашығы, Орал қаласы маңына жақын жерден «Жайық» қалашығы, Жаңақала мен Казталовка аудандары шекарасындағы «Жалпақтал» қалашығы бар. Орталық жұмысы қорытындысының нәтижесінде 1946 мәдени ескерткіштің құжаттары жасалып, Қазақстан Мәдениет министрлігінің жинағына енгізілді, қазіргі таңда облысымыз бойынша 1966 археологиялық ескерткіш тіркелді.

«АЛТЫН ӘЙЕЛ»
БІЗДЕН ТАБЫЛДЫ!

2012 жылы облыс территориясындағы Тақсай обалар кешеніндегі №6 обада археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында «Алтын әйел» жерленімі анықталған болатын. Жыл бойына Жапония, Германия, Ресей және Қазақстан ғалымдарының қатысуымен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, осы кешен бойынша сараптамалық қорытындылар жасалды. Жасалған қорытындылар бойынша жерленім біздің жыл санауымызға дейінгі VI ғасырдың екінші жартысындағы Батыс Қазақстанның савромат-ежелгі сармат кезеңіне жатады. Жерленген әйел адамның жасы шамамен 25-35 жас аралығы, белгілі бай әулетіне кіреді. Кейбір жәдігерлер сирек ұшырайтын қайталанбас сипатта. Атап айтсақ, бұлар – бас киімнің ұшын үшкір, сүйір етіп тұратын элементі және көшпенділер мен парсылардың әскери соғыс қимылдарынан көрініс бейнеленген тарақ және басқалар.
Бұл қазіргі уақытта Қазақстан территориясынан табылған ең ежелгі «Алтын адам» жерленімі болып табылады. (Есік обаларынан табылған «Алтын адам», біздің жыл санауымызға дейінгі IV-III ғғ.).
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы «Остров Крым» ЖШС-мен бірлесе отырып, жерленген әйел адамның барлық табылған белгілерімен сол кезеңдегі скульптуралық бейнесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Тақсай обалар кешенінен табылған жәдігерлерді де қалпына келтіре отырып, болашақта ол Астана қаласындағы еліміздің Ұлттық мұражайына қойылмақ.

ОРАЛДЫҢ БАСТАПҚЫ ОРНЫ – «ЖАЙЫҚ»
ҚАЛАШЫҒЫ

Орал қаласынан 12 шақырым жерде «Жайық» қалашығы орналасқан. 2001 жылы «Ақсай-Үлкен Шаған – Атырау» құбыр желісін тарту барысында ХІІІ-ХV ғасырларға жататын қалашық орны табылып, 2005 жылы осы қалашық орнына «Жайық» атауы берілді. Зерттеу жұмыстарын Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институты біздің орталықтың ғалымдарымен бірлесіп жүргізді. Қалашық аймағында бірнеше тұрғын-жай, қоғамдық және шаруашылық нысандары болғандығы, соның ішінде кірпіш күйдіргіш пештер, монша, тұрғын үй-жайы, кесене орындары анықталды.
Археолог мамандардың пікірі бойынша, «Жайық» қалашығы қазіргі Орал қаласының бастапқы орны болып табылады. «Жайық» қалашығының табылуы, осы аймақта ХIII ғасырдан бастап қала мәдениетінің пайда болғандығын ортағасырлық авторлар мен ХХ ғасыр ғалымдарының еңбектері дәлелдейді. Ортағасырлық «Жайық» қалашығының орны XVII ғасырдың басында пайда болған Яйцк қалашығынан да көне қала болғандығын дәлелдейтін бірден-бір нысан болып табылады.

«ЖАЛПАҚТАЛДЫҢ» СЫРЫ КӨП

2009 жылы археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде облысымыздың Казталовка ауданының Қарасу ауылына жақын жерден орта ғасыр кезеңіне жататын елді мекеннің орны табылып, оған «Жалпақтал қалашығы» деген атау берілді.
Қазіргі уақытта осы қалашық орнының кестелік картасы құрастырылып, қазба жұмыстары жүргізілуде.Үш нысанның орны аршылды. Соның ішінде біреуінен күйдірілген кірпіштен тұрғызылған белгілері бар құрылыс орны анықталып, алынған материалдар өңдеуге және ғылыми тұрғыдан талдауға алынды. Бұл қалашық орнында тұрғын үй орнын аршуда көптеген қыштан жасалған бұйымдардың сынған қалдықтары және үй жануарларының сүйектері табылды.

БАТЫР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ

2007 жылы облыс әкімінің тапсыруымен орталықта Батыс Қазақстан облысындағы 1783-1797 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы Сырым Датұлының жерленген орнын анықтауға байланысты ғылыми экспедиция жүргізілді. Зерттеу жұмыстарына Ресей, Өзбекстан мұрағаттарынан жаңа құжаттар іздестіріліп, бар материалдар қайтадан тексеріліп және аталған елдерден бірнеше ғалым экспедиция жұмысына тартылды. Мамыр айында экспедиция Өзбекстан жеріне аттанды. Нәтижесінде, ғалымдар Сырым Датұлының нақты жерленген жерін анықтады. Экспедиция жұмысының қорытындысы Орал қаласында С.Датұлының 265 жылдығына орай өткен халықаралық конференциясында талқыланып, Халық батырының жерленген орны туралы экспедицияның ғылыми қорытындысы жиында қатысушылармен мақұлданды.

ДЕРЕКТЕР СЫР ШЕРТЕДІ

Орталықта 2002 жылдан бастап орыс және қазақ тілдерінде «Вопросы истории и археологии Западного Казахстана» атты ғылыми журнал басылып шығады. Қазіргі таңда бұл журналдың 21 саны жарық көрді. 14 томдық Батыс Қазақстан облысы аудандарының және Орал қаласының, аймақтағы тарихи-мәдени мұралар, ескерткіштер жинағы шығарылды. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының археологиялық картасы құрастырылды.
2010-2011 жылдары орталық қызметкерлері Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің тапсырмасы бойынша «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында орыс және қазақ тілдерінде «Қазақстан Республикасының тарих және мәдени ескерткіштер жинағы. Батыс Қазақстан облысы» басылымын құрастырып және Алматы қаласындағы «Аруна» баспасынан басып шығарды.

Мұрат СЫДЫҚОВ,
Батыс Қазақстан облысы тарих және археология орталығының директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз