Есімде менің сол жандар…

Эссе

ӘРҚАЙСЫСЫ БІР-БІР ТҰЛҒА

Көпір аузындағы бұрынғы редакция үйі. Ғимараттың өзі көне болғанымен, сапалы салын-ғандықтан, төбесі биік, ауасы кең болатын. Ми қайнатар шілдеде кабинеттеріміз қоңырсалқын, ал, қатты аязда ұядай жып-жылы болып тұратын. Сондай жайлы атмосферада біз әр жылдары Мұқан, Тасмағамбет, Кеңес, Арынғазы, Алпамыс, Күзембай, Бисен, Жұмабай, Марат, Құбайдолла ағайлармен жұмыстас болдық. Тасмағамбет ағайдың таусылмайтын қызықты әңгімелері, Мұқан ағаймен темір жол вокзалында «Атамекен» газетін сатқаным, фототілші Алпамыс, Бисен ағайлармен түрлі шараға бірге баратыным, Күзембай, Жұмабай ағайлармен бір кабинетте отырғаным – бәрі күні бүгінгідей көз алдымда. Күзекең сабырлы, салмақты, әр сөзін ойланып айтатын адам болса, Жұмекең керісінше, өзі де, сөзі де асығыс еді. Осы күні ойлап отырсам, әсіресе, Жұмабай ағаймен кабинеттес болған жылдарым ең бір қызықты кез екен. Темекісін бұрқыратып отырып, табан астында өлең жазып тастайтын ол өте талантты жан болатын. Бізге: «Өлең қажет болса, хабар беріңдер. Өліп жатсам да, жазып берем ғой. Мен бейіттен қолымды шығарып жатайын. Сендер қағаз-қалам әкеліп, қолыма ұстата салыңдар!» – дейтін әзілдеп.

«ОЛ – ДЕЖУРНЫЙДЫҢ ДЕЖУРНЫЙЫ!»

Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын газет шығару процесі өте күрделі болатын. Бұрынғы об-лыстық №9 баспаханада газет нөмірін шығаруға кезекшілік еткенде түнімен, кейде таңға дейін жүретінбіз. Бізді үйге жеткізетін көлік те бірде болса, бірде болмайды. Сондайда бізді үйге алып кетуге артымыздан адам келетін. Бірде мен бас редактордың бірінші орынбасары Қилыбай Қуанышбаев ағаймен кезекті нөмірге кезекші болдым. Алдымызға бірінен соң бірі беттер келіп жатыр, ағай екеуміз оқып жатырмыз. Кенет ішке Бақыт Жәрдемова апай кіріп: – Әй, Еркежан (ол кісі мені осылай атайтын, қайынсіңлім деп), күйеу бала келді. Біз әзір шықпаймыз ғой, диванға отыр-ғыздым… – деді күліп. Мұны естіген Қилыбай ағай көзілдірігінің үстінен ажырая қарап: – А-а, келді ме? Ол өзі менің інім ғой, «свежий глаз» етіп, беттерді оған да оқыту керек. Әрі-беріден соң ол – дежурныйдың дежурныйы! – деп қарқылдай күліп алды.

ҚАЙРАН, АПАЛАР-АЙ!..

  Сол кезде газет редакциясының қабылдау бөлмесінде – хатшы Бәтима апа, машбюрода – Зылиха апа, корректурада – Кәрима, Гүлсім, Бақыт апалар, бухгалтерияда – Жұмағыз, хат тіркеуде Нұрбике қызмет істеді. Бұл кісілердің қай-қайсысы да ұжымда өзіндік орны бар, үлкенге – қарындас пен сіңлі, кішіге жанашыр әпке бола білген жандар еді. Жұмыс бабында қай-қайсысынан ақыл-кеңес сұрасаң да, олар уақыт тауып, туғанындай жақын тартатын. Бірде Бәтима апа мені түсінде көргенін, оны жақсылыққа жорығанын айтып, мені бір қуантып тастады. Ал, Зылиха апа: «Сенің жазуың жақсы. Папкіде сенің қолжазбаң жатса, соны алуға таласып қаламыз!» – дейтін. Хат бөлімінде қызмет істеген Нұрбике қазақ әйелінің символындай болды. Марқұм жаны да, өзі де таза адам еді. Жары мен үш ұлын қалай күтіп, қалай мәпелегеніне талай куә болғанбыз. Жұмыс арасында қонағын да күтіп, ағайын-туысымен де араласып – бәріне үлгеретін.

 КЕҢЕС АҒАЙДЫҢ ЕТІГІ

 Бұйра шашты, сұңғақ бойлы Кеңес ағайдың таныс-тамырлары көп болатын. Түрлі тауар, киім-кешектің көзі аз кезі. Бір күні ол: «Күйеу баланың размері қандай, менде жақсы етік бар. Қарайсың ба?» – деді. Кабинетіне барсам, шынымен, әп-әсем етік, өзі таза былғарыдан тігіліпті. «Үйге алып кетейін, ағай. Үйлессе, аламыз ғой,» – дедім. Не керек, жолдасыма етік үйлесті, сөйтіп оны сатып алдық. Ол кездің киімдері сапалы бол-ғандықтан иесі оны ұзақ киді. Неге екенін білмедім, бір жерге баратын болсақ, мен «Кеңес ағайдың етігін кисейші» дейтінмін. Сол етік үйімізде әлі сақтаулы тұр. Оны көрген сайын бұйра шаштары қобырап, жарқылдап жүретін Кеңес ағай көз алдыма келеді.

ЖОЛ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Елена – қаламы қарымды журналист, менің жан құрбым. Жолдасы Бекболдан 37 жасында айырылып, қос ұлын бір өзі ержеткізді. Өзі барында келін түсіріп, тұңғыш немересі – Зерделімге асыл әже болды. Марқұм кім-кімді де жатсынбай, қолынан келген көмегін аямайтын. Өте адал еді. Сол мінезінен бе, кейбіреулердей бастықтарға жағымпазданбайтын. Барды – бар, жоқты жоқ дейтін. Мамандығын жанындай жақсы көргені сонша, талай мекеме жалақысы жоғары аудармашылық пен баспасөз хатшылығына шақырғанда да бармады. «Мен осы жерден пенсияға шығамын!» дейтін. Амал не, оған жете алмады. Бірде ішке бірін-бірі жетектеп кіріп келе жатқан зейнеткер апайларды көрген Елена «Қарашы-қарашы, ертең біз де сөйтіп жүреміз ғой!» деп, күлетін. Ол кезде біріміз кетіп, екіншіміз жетімсіреп қаламыз деп тіпті ойламаушы едік. Шіркін, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмыр-ай, десейші! Қазір ойлап отырсам, сол күндердің өзі бақытты сәттер екен-ау… Иә, Елена кеткелі біраз жылдың жүзі болды. Сүйікті анасы – Мәдина ападан да көз жаздық. Өмір-өзен өз ағысымен ағып жатыр. Бүгінде марқұм Елена мен Бекболдың Зерделім, Әзиз, Жәдігер атты немерелері өсіп келеді. Ерлі-зайыпты журналистер шаңырағында өмірге келген қос ұл – Нұрберген мен Дәурен, өзі қызындай көрген сүйікті келіні Айнагүл – бәрі кәсіби журналистер. «Орнында бар оңалар» демекші, олар – тек ата-ана арманын ғана емес, кәсібін де жалғаушы өміршең ұрпақ.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз