Елге танымал тұлға

зерде Қоғам

Ел тарихын белгілі тұлғалар арқылы зерделеу – қазақтың ертеден қалыптасқан дәстүрі. Қазақтың қария сөздерінде, яғни, шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады. Сондықтан да болу керек, қазақтың дәстүрлі философиялық пайымдауында өмірді өзгертуден бұрын, алдымен, адам сапасын дұрыстап шыңдауға көбірек мән береді.

Қазақ халқының тарихы қым-қуыт оқиғаларға толы. Сол қым-қуыт оқиғалардың басында болмыс бітімі алуан түрлі тұлғалар болғаны аян. Тарих толқыны дарындылар мен дарынсыздарға, данышпандар мен ақылсыздарға, табандылар мен тайғанақтарға, жаңашылдар мен кертартпаларға кенде болмаған.

Біздің өлкемізде де әртүрлі із қалдыр-ған тұлғалар аз емес. Сондықтан да, саяси және мемлекеттік билік кімнің қолында болатыны қоғам үшін аса мәнді. Қазақтың дуалы аңыз ақыны Әбубәкір Кердері де: «жігітке бақыт та оңай, дәулет те оңай, болса егер қабырғалы халқы оның» деген. Кешегі Кеңес заманында өлкемізді басқарып, үлкен абырой жинаған азаматтар баршылық. Әрине,  Кеңес билігі тұсында жүргізілген біржақты саясаттың салдарынан өзінің табиғи даму жолын өзгертіп, өзіне тән болмысын көмескілеп алған қоғам. Әсіресе, кеңестік режим аясында ғұмыр кешкен әрбір басшы өзінің ішкі жан дүниесін, таным-түсінігін, көзқарастарын, талғамын төлтума үлгідегі нышандық сезімдерін сыртқы өктем күштің талабына бейімдеуге мәжбүр болды. Одан басқа жолы болмады. Иә, осындай қыспақтың ортасында жүріп елдің есінде қалған азаматтар аз емес.  Олар: Оңдасынов Дәндібай Нұртасұлы, Есенов Мұхамбет Айтуұлы, Сағидолла Кұбашов, Саламат Мұқашев, Оңайбай Көшеков. Ғасыр ауысып, жылдар жылжып, ұрпақ өзгеріп жатқанымен, бұл азаматтар Атыраудың мақтанышы болып қала береді.

Солардың бірі, биыл  туғанына  90 жыл  толатын  Саламат Мұқашев аға туралы ой қозғағым келіп отыр. Әр қайраткердің, әр саясаткердің өз шоқтығы, өз биігі, дүниетанымы, сенімі, өмірден түйгендері бар, сондықтан, оларды са-лыстыра отырып бағалау қиын.

зерде2

Ал, кісілік келбеті жағынан келсек, Саламат Мұқашев алдыңғы қатардың тобында болары сөзсіз. Үлкен лауазымды жұмыста жүріп, саясаттың шеңберінен шықпай, адами қасиетті сақтау әр кісінің қолынан келе бермейді-ау. Сәкең – облыстың бірінші басшысына дайындықпен келген адам. Кең Жылыойда он жыл бірінші хатшы болды. Жылыой – аты аңызға айналған сонау Мұхиттың кезінде әнге қосқан киелі жер. Жылыойдың абыз ақсақалдары, ұлдары мен қыздары ертеден елге өнегелі жол сал-ған, ұрпақ тәрбиесін қадірлей білетін, өздерінің адами қасиеті арқылы білмегеніңді білдіретін, ұқпағаныңды ұқтыратын. Сөзімен де, ісімен де ойыңа ой салатын, ақылыңа ақыл қосатын аудан ғой.

Осы өңір туралы Саламат Мұқашев өзінің кітабында аса бір тебіреніспен, аса бір сағынышпен ел адамдарының биік тұлғасын айрықша көрсеткен. Бұл кітабында қамтылмаған сала жоқ. Сирек жазылатын темір жол да үлкен ауқыммен қамтылып, талай майталман теміржолшылардың да аты аталған. Қазақта ақылсыз адам айқайлай, жан-жағын жайпай келеді. Ақылды адам жай-жай жан-жағын байқай келеді, дейді. Саламат Қөңілқошұлы – қандай бір лауазымды жұмыста болса да, жан-жағын байқай келетін азамат. Сөйтіп, өзі басқарған жерін сыйлатуға жол тапқан адам.

Ертеде Сократқа бір досы танысын алып келіп, оны  сынап беруін өтінген. Сонда Сократ әлгі адамға қарап тұрып: «екі ауыз сөз сөйлеңіз, сонда сіздің кім екеніңізді айтамын»  деген екен. Сәкеңнің де кездескенде сөзді бөлмей, асықпай тыңдауының мәні осында болар-ау деймін. Сөз сөйлеу құрмет болса, сөзді тыңдау одан асқан құрмет екенін білген екен ғой.

Саламат аға жалпы  әрқашан да ой құшағында жүретін адам еді. Ол кісі ойламай жүре алмайды ғой деймін. Ой да адамның кірлеген көңілін жууда таптырмайтын тазартқыш сияқты. «Атадан аманат–ұрпағыма өсиет» деген кітапты 2005 жылы жазған екен. Қарапайым сирек кездесетін қазақи ойларды ортаға салған. Солардың ішінде «күшті болсаң, өзіңді жең» дейді. Иә, дұрыс айтқан адам – адам болып қалу үшін өмір бойы өзі мен өзі күресіп өту керек деген сөз ғой. Ал, егер өзіңмен өзің күресе алмасаң, онда рухани байлық болмайды. Адам өн бойына ізденуде болса, ол өмір бойы дами береді ғой. Осы бір жұқалтақтау шағын, қолға ұстауға жеңіл кітап бірталай оқырманға салмақты ой салары сөзсіз.

Сәкеңнің қабылдауында болып жүрген адамдар жақсы біледі. Ол кісі бет әлпетінен ішкі дүниесін көп сездірмейтін, ішкі сезімдерін тым тереңге ұстайтын. Әңгімені жай қоңыр дауыспен бастап, соңғы сөзін өзіңе салмақ сала аяқтайтын. Берілген тапсырмалар мен айтылған уәделердің бәрі өзінің кішкентай кітапшасында сақталатын. Келесі кездескенде айтылған уәделер мен берілген тапсырмалар сарапқа салынатын. Сондықтан да, ол кісінің алдында уәде беріп орындамаудың жолы қысқаратын.

Саламат Мұқашев 1980  жылдары  Маңғыстау облысының бірінші хатшысы болып сайланды. Мен ол кезде Гурьев, Маңғыстау облыстарын қамтитын темір жолдың бастығы қызметін атқардым. Қызмет бабына қарай тек өз салама тиісті істермен қатар, екі облыстың маңызды міндеттері мен басты мәселелерін де біліп жүруге тура келді.

Ежелгі сақ-сармат, оғыз-қыпшақ замандарынан бастау алатын бүкіл тарихында тұңғыш рет тепловоздар күркіреп, поездар дүркіреп, темір жол келген түбекте жергілікті кадрлар жетіс-педі. Сонау жылдары  Өзбек, Түркімен жерлеріне ауып кеткен, сол жақта темір-жолшы мамандығын игерген ағайын-  дарға барып, елге көшіріп алып жаттық. Гурьев теміржол техникумына арнаулы мектеп аштырып, жергілікті жастарды жоғары оқу орындарына көптеп жіберіп, бүгінгі, ертеңгі  қажет мамандарымызды дайындауға қауырт кірістік.

Осының бәрі облыстың бірінші хатшысына беймәлім жайлар емес. Ол – мемлекет үшін, әсіресе, Маңғыстау үшін темір жолдың қаншама маңызды екенін терең түсінген, теміржолшылар облыс халқының құрамды бөлігі, темір жол мамандары облыстың беделді кадрлары деп қараған кісі. Осыған бір мысал айта кетейін. Теміржолда жүктерді тиісті жеріне тасып, жеткізумен, тиеп әкетумен қатар, вагондардың тасу-түсіру операциялары кезінде «бос тұру» дейтін ерекше есепке алынатын көрсеткіш болатын.

Вагондар тұру үшін емес, тасу үшін қолданылатына кейбіреулер мән бермейді. Әсіресе, әлемде қару-жарақ қуаты жарысқа түскен қырғи-қабақ   саясат кезінде экономикалық мәнінен гөрі әскери маңызы анағұрлым басым болатын атом өнеркәсібі саласының Прикаспий кен-металлургия комбинаты жергілікті жерге аса астамдықпен қарайтын. Комбинат күн сайын жүздеген вагондармен жүк қабылдап, оларды сағаттар түгілі тәуліктер бойы қайтармай коюға қиналмайтын. Аталған мәселенің асқынуы сондай, облыстың бірінші басшысының алдына баруыма тура келді. Жағдайды мәлімдеп, фактілермен дәлелдеп шықтым. Қандай бір қайнап тұрған мәселе қаралса да, бет әлпетінен еш    емеурін білінбейтін, өзі көлденең кірісіп кетпейтін кісі еді ғой, ойымды бөлген жоқ. Іштей бір шешімге тоқтаған шығар, бірер сұрақ қойып, кейбір тұстарды анықтап алды. Содан соң ғана:

– Амангелді, сенің қойып отырған мәселең де, айтып отырған пікірің де дұрыс. Бұл – әр мекеменің емес, мемлекеттің үлесі. Бірақ,  кәсіпорын басшысын қазір шақырып алып, қатты сөздер айтудың әрі кетсе бір айлық қана әсері болады. Оны түпкілікті шешудің жолын қарастырайық. Сен жедел хатыңды жоғары жаққа жібере берме. Бұларды да ұрып жатыр ғой. Бірігіп, ақылдасып күш салып көрейік,-деді.

Осы кездесуді ой елегінен өткізіп қарасам, екі жайды ескерген екен. Біріншіден, теміржол атқарып отырған ауқымды істің маңызын, ондағы кедергілердің Маңғыстауға тигізетін кеселін. Екіншіден, одақ көлеміндегі ең ірі комбинат неліктен осындай жағдайға тап болды, себебі неде деген сұрақтарға жауап іздеген екен. Сонымен, Сәкең кешікпей мені облыстағы ең ірі басшылармен өткізетін бюро жиналысына шақырды. Әуелі теміржолдың отандық, өлкелік маңызы, теміржол жұмысына тежеу болатын жайлардың мемлекетке тигізетін залалы, ол үшін бірінші басшылардың өзі партиялық жауапкершілікке тартылатыны туралы пікірлер айтылды. Комбинат басшыларына екі айдай уақытта қайтып келген вагонды ерітетін (тепляк) жылыту ұясын салуды тапсырды. Сөйтіп, екі айдан соң бұрынғы бізді қинап келген жағдай түйіншегі шешілген жібек арқандай шумақталып шыға келді. Сәкеңнің «бұл мәселені біржола шешу керек» деген сөзінің мәні осы екен.

зерде

Облыстың бірінші басшысының адамдық кемелдікке, танымдық тереңдігіне көп нәрсе байланысты. Осыншама ауқымы алып, шешімі ауыр мәселелер алдында ұдайы анталап тұратын басшы ұлттық руханияттықтың  жай-күйіне көп көңіл бөлуі, оны жан жылуына бөлеуі – сирек қайраткерге тән қасиет.

Кез келген халықтың алыс замандардан бері қалыптасқан өмір салты, рухани мұралары, дәстүр тағылымдары – сол халықтың бастан өткерген ғұмыр жолының айғағы. Мәдениеттің қандай бір айғағы болса да, мейлі, мифологиялық, философиялық, эстетикалық, филоло-гиялық болсын, бәрі-бәрі мәдениет атты байтақ әлемде тек қана дәстүріміздің көлігіне мінгесіп, ілгері жылжи алады. Уақыт талғамына ілесе алмағанның бәрі тарих еншісіне айналады. Құсқа екі қанат қандай қажет болса, адамға да мәдениеттің екі кеңістігі сондай қажет. Оның біріншісі – дәстүрлі ұлттық мәдениет, ал, екіншісі –  әлемнің өркениетті елдері қол жеткізген озық мәдениет.

Сәкең басқарған Маңғыстау жері – мыңжылдықтардың мұражайы. Маң-ғыстау елі – мың жылдықтардың мұрагері. Ол қима тамдары, күмбезді кесенелері, өрнекті құлпытастары бар бабалар қауымдары, халықтық сәулет өнерінің ерекше ескерткіштері, тарих жәдігерлері ретінде бағалануы да, Абыл, Нұрым, Қашаған жыраулардың, Есір, Өскенбай, Мұрат күйшілердің асыл мұралары бабында сақталуына Сәкең тұсында өте көп қамқорлық  жасалды. Өзі осыларды назарынан тыс қалдырып көрген жоқ.

Сәкеңнің өзіне тән қасиеті – тұйық кісі емес еді, бірақ, сирек адамдармен сыр ашып сөйлесетін. Осындай жақындасқан кісімен әңгімелесу үстінде алдымен аңғаратыны – ол біле тұрса да ешкімнің кемшілігін айтып, мінеп сөйлемейтін. Бұл әркімнің жеке басына қатыс-ты жай деп қарайтын. Ал, жақсы адамдардың қасиетін айтуда сарандық жасамайтын. Мәселен, Қазақстанның көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновты айырықша ардақтайтын. Сағидолла Құбашевтің, мемлекеттік зор мәртебелі қызметтер атқарып жүргенде елден бөлектеніп, биіктеліп кетпейтіні, халықтың ортасынан қазір шыққандай қарапайымдылығын жоғары бағалайтын. Гурьев облысының бірінші хатшысы болған Мұханбет Айтуұлы Есеновтің басшы ретінде әділдігін, адам ретінде адалдығын айтып отыратын. Сәкең көп сөздің кісісі емес, тәптіштеп жатпай түсінікті етіп ойын жинақы айтатын.

Бір әңгіменің орайы келгенде Дінмұхамед  Қонаев туралы көзқарасын сұрадым:  « Ол кісі, қазақ халқы үшін тарихи тұлға ғой» деді де қойды. Ол өзін өте қарапайым, кішіпейіл ұстайтын еді. Сонша кішіпейілдігіне қарай қасындағы кісілер қысылып қалатын.

Бірде батыс аймақтың теміржол басшыларымен қызмет бабында селекторлық кеңес өткізіп, студиядан кеңсеге келдім. Қабылдау бөлмесінен кабинетіме қарай өтіп бара жатқанда, көмекшімнің мені күтіп отырған Саламат ағаның бар екенін ескертті. Бұрылып қарасам, босағаға жақындау креслоның бірінде Сәкең отыр. Өзім өте қолайсызданып қалдым.

– Апыр-ай, Сәке, мына жерде емес, менің кабинетімде отырып, күтуіңіз керек еді ғой,-дегенімде, ол: – Амангелді, сенің жұмысың көп екенін білемін ғой, қауырт кез болса кедергі болмай кетіп қалуға оқталып отыр едім,-деді.

– Аға, сізбен сөйлесуге уақыт таба алмасақ, онда сізден қандай тәрбие алғанымыз,- дегенімде, «бұл да дұрыс екен» деді. Екеуміз де ішке ендік. Сәкеңнің  кеудесі босап қалған кезі болмайтын, ішіндегі пікірін пішіп болмай сыртқа шығармайтын өте ұстамды адам еді.

Бірде Алматыдағы үйінде кездеске-німде, маған шағын келген сырты көк, «Әбіш Кекілбаевтың ой-толғамдары» деген кітапты ұсынды. Кітаптың беташар алғы сөзі былай басталған екен.  «Әбіштің ақыл, әңгімелері мен ұлағатты сөздерін замандастарымызға, әсіресе, жастарға, болашақ ұрпаққа өмірлік өнеге болар деген үмітпен ұсынып отырмын. Саламат Мұқашев».

Иә, суреткер Әбіш – көркемдіктің құрығын көздеген нысанасына қапысыз машықтанған-эпик жазушы. Ол – адам санасының, кейіпкер санасының эволюциясына ден қоюшы суреткер. Әбіш Кекілбаев дүние дидарына жер басып жүрген пенде сияқты горизонтал бағытта қарамай суреткер ретінде көктен, вертикаль бағытта қарайтын адам. Бірінші, Әбіш – суреткер, екінші, Әбіш – мемлекет және қоғам қайраткері. Үшінші, Әбіш – нағыз даңғыл көкірек шешен, публицист. Соңғысы тал бойындағы ғажайып кісілік пен парасатты айтуға болады.

Әбіш – мемлекет, қоғам қайраткері ретінде тәуелсіз еліміздің тактикалық және стратегиялық идеологиясының іргетасын қаласқан санаулы саңылақтардың бірі.

Тәңір Әбішке сол білгендерін еліміздің кешегі, бүгінгі және болашақтағы тағдыр-талайымын салыстыра алатын сараптамалық зерде берген. Ал, даналық дегеніміздің өзі осы болар. Ерінбей, жалықпай, уақытпен санаспай өзінің сараптамасына салып, болашақ ұрпаққа пайдасы болар ау деген үмітпен Әбіштің қанатты сөздерін жинақтап, кітап етіп шығарып отыр. Саламат ағаның бұнысын қалай түсінуге болады. Бұл болашаққа, ұрпаққа, қазақ халқына, жас- тарға жаны ашыған адам ғана уақытпен санаспай, осылай жасаған болар еді. Өнегесін көрген, тәлім алған осындай ағаларды жеке отырып еске түсіргенде, кеудеңде мұң кеулейді. Сағыныш сазынан сарғаясың.

Талай азаматтың тегіс жерде сүрініп, құрғақ жерде табаны тайып кететін тұсы – кадр мәселесі. Қайсыбір басшылар көрнекті кісі болуға тиіс кадрды кезінде көре алмай қалады немесе жүйрікті бәйгеге салмай, арбаға жегіп қояды. Біреулерді жағынуына қарай жақындатып, туыстығына қарай жоғарылатып, төңірегіне қызметінің орайынан гөрі өзінің қолайы үшін топ жинайтыны да жоқ емес. Мұның бәрі мемлекет мүддесіне, қызмет міндетіне, қоғам әділетіне әлде бір нұқсан келтірмей қоймайды. Осы тұрғыдан қарағанда, Сәкең – қай қызметте де арын таза ұстаған адам. Ол соңына кінә тағатын сөз ермеген, кадрлерді өз қабілетіне, ел үшін қажетіне қарай таңдаған, таразы салмағы аз жаққа аумаған кісі.

Ел болғасын жақсы адам туралы да әртүрлі әңгімелер айтылып жатады. Неге? Аржағы түсінікті. Ол – өз қатарынан озық адам. Өзіміз сияқты емес, бөтендеу. Неге ол кісі біз сияқты емес? Бұл – ол адамға қойылған басты кінә. Сонда ойыма жақсы адам да елге жаңалық қой. Ал, жаңалықты да әркім әртүрлі қабылдайды ғой деген ой келеді.

Аман жүрген адамды алдан күтетін зейнеткерлік деген меже бар. Біреулер зейнеткерлікке шыққан соң, мезгілге мойын ұсынып, өз отбасының немесе таныстары мен туыстарының ортасындағы қадірін ғана қанағат етеді. Енді бір үлкендер осыдан көп жыл бұрынғы қызметіне бүгін «уһілеп», өткендегі еңбегіне енді бір ерекше құрмет, жайлы жеңілдік дәметіп жүреді. Ал, Саламат аға үшін зейнеткерлік зерігу болған жоқ. Ол өмірінің осы шағына елдің есінде болуға тиіс есімдерді, оқиғаларды, өткеннің өнегелі тұстарын танытатын еңбектер жазуға бұрын көп қызметінен енді ғана қолы босаған кез деп қарады. Осы тақырыптарға жазылған кітаптармен өлкенің өркендеу шежіресін, көрнекті адамдардың галереясын жасап кетті. Ол жазған кітаптарды даму дәстүрлерін, қоғам құбылуларын сипаттап, алуан адамдар портреттері қойылып Саламат Мұқашев жасап кеткен мұрадай десе де болғандай. Билердің тапқыр шешімдерін, шешендердің шебер түйіндерін өз замандастарының жұмыс бабында, өмірлік немесе тұрмыстық жағдайларда айтып қалған ақылды, нақылды сөздерін жинақтап шығарған кітабы да ғибрат. Бұл – еліне қызмет етудің ерекше бір үлгісі. Сәкеңмен талай жыл, талай тақырыпта әңгімелескен екенбіз. Көп адамдар алуан  оқиғалар туралы әлі жұртшылыққа жария болмаған ойларын айтып отыратын еді. Сыр сандықтағы қазынасын сарқып бере алмай, ойындағыларды айтып аяқтай алмай кетті-ау деймін.

Амангелді СЕЛБАЕВ,

Атырау облысының Құрметті

азаматы, Құрметті теміржолшы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз