Бопай ханым қай жылы туған?

86i6Io5Lzmw Қоғам

Батыр аналарымыздың ел басына күн туғанда ер азаматтармен бірге қолына қару алып, туған жерін қорғағандары қазақ тарихында болғаны ақиқат. Олардың өшпес ерліктері елдің санасында қалғанын бәріміз жақсы білеміз. Ендеше, өткенімізді өшірмей, тарихи тұлғаларымызды ұлықтау – бізге парыз. Осы орайда атақты Бопай ханымның өмір жолы туралы кейбір деректерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

86i6Io5Lzmw

Айта кету керек, 1996 жылдан бергі зерттеулерімнің қорытындысы  бойынша, Бопай ханымның ғана емес, Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың және  олардың  тұңғыш  перзенттері  –  Нұралы  ханның да туған  жылдары  дұрыс  көрсетілмей  жүр. Біз оны дәлелдедік.

Біріншіден, 1996 жылы Мәскеу, Ленинград қалаларында 1940 жылы шыққан  «Материалы  по истории  Казахской ССР» кітабының төртінші  томындағы  «Сұлтандар  мен  билердің  Бірінші  Александр  патшаға  Серғазы  ханның  орнына  Арынғазы  сұлтанды  хан  етіп  бекіту  туралы  жазған  өтініші» деген  құжатқа  көңіл  аудардым. Ол 1822 жылғы  сәуірде жазылыпты. Осының  негізінде  бұған  дейін  ешбір  тарихи-ғылыми  әдебиетте  туған  жылы  көрсетілмей  келген  Нұралы  ханның  дүниеге  келген  уақытын  анықтауға  тырыстым.

Ғылыми әдебиеттерде көрсетілгендей, бұл хан Екінші Екатерина  патшайымның  бұйрығымен 1786  жылы  тақтан  түсіріледі. Олай болса, осы талдауға сәйкес, ханымыз 1700  жылы  немесе  1701  жылы  дүниеге  келіпті.

Бұл  екінші  бір  маңызды  мәселеге  жетелейді: Бопай  ханымның 1780  жылы  100  жастан  асып  барып,  қайтыс  болғаны  белгілі. Ендеше, 1786  жылы  хандықтан  түсірілген  Нұралы  ханмен, яғни,  бірінші  туған  баласымен  екеуінің  арасы  да  алшақ  болуға  тиіс  емес.

Ендеше, Бопай  ханым 1680 жылы туған болады. Менің  жаңағы  болжамыммен  қарасақ, ол  алғашқы  перзенті  Нұралыны  20-21  жасында  дүниеге  әкелген  екен (А.Кекильбаев. Всполохи. Исторический  роман. А.-А.,1991). Сонда бұл Нұралы ханымыздың  1890  жылы Уфада  89  немесе  90  жасында  қайтыс  болғанына  сендіреді («Қазақ ССР  тарихы». Бес томдық. Үшінші  том. Алматы, 1982, 126-б.). Осы  жерде  Әбілқайырдың  өзінен  кейін  әр  жылдары  Кіші  жүз  ханы  болған  Ералы  мен  Айшуақтай  балаларының  да  90-100  жасқа  жетіп,  қайтыс болғандықтарын қаперімізде ұстайық («Қазақстан  тарихы». Көне  заманнан  бүгінге  дейін. Бес  томдық. ІІІ том. Алматы, 2002).

Үшіншіден,  Бопай  ханым  мен  Нұралының  біз  көрсетіп  отырған  жаңаша  туған  жылдары  олардың  бірінің  жұбайы, екіншісінің  әкесі  болып  табылатын  Әбілқайыр  ханның  да  өмір  сүрген  жылдары  туралы  қалыптасқан  ресми  және  тарихи  пікірлерге  сын  көзбен  қарауды  талап  ететіндей, яғни,  «1693 жылы  туған» әкесі  мен  «1700/1701  жылдардың  бірінде  дүниеге  келген» ұлының  жастарында сәйкессіздік орын алады. Бұған  қоса, Әбілқайырдың  өзінен 20  жастай  үлкен  Бопаймен  отасуы туралы «дерекке»  сену де  баршамызға  абырой  бере  қоймасы  дәлелдеуді қажет етпес. Олай  болса,  менің  ойымша, Әбілқайыр  баһадүр  хан 1678/1679  жылдардың  бірінде  туып, 1748  жылы 70  жасында  қапыда  қас  жауының  қолынан  қаза  табады.

Міне, туған  тарихымызды  бажайлап  жазған  сәтте  осындай  мәселеге  де  сындарлы  тұрғыда  назар  салсақ деймін.

Бопай ханымның өмір жолын зерттеп, зерделеудегі атқарылып жатқан істің бәрі – төл  тарихымызды  қастерлеп, құрметтеуден  туған  отаншылдықтың  нәтижесі. Елбасы айтқандай, туған  жерге, оның  мәдениеті  мен  салт-дәстүрлеріне  айрықша  іңкәрлікпен  атсалысу – шынайы  патриотизмнің  маңызды  көріністерінің  бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса бермек.

Аманғали ӘМІРЖАНҰЛЫ,

ҚР Мәдениет  қайраткері.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз