БОЛАШАҚҚА БАСПАЛДАҚ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛАДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев Атырау қаласы Нұрсая ықшамауданындағы қос бірдей жекеменшік балабақшада болды.

 

 Алдымен, олар «Ақниет» жекеменшік балабақшасына ат басын бұрып, оның тыныс-тіршілігімен танысты. Өткен жылдың бірінші маусымында балғындарға есігін айқара ашқан ғимараттың іші кірсе шыққысыз. Балалардың ой-өрісін кеңейтуге, шынықтыруға, қабілетін ұштауға керекті дүниенің барлығымен қамтылған. Атап айтқанда, музыка, гимнастика залдары, ойын бөлмелері, жеке медициналық блогы бар, тіпті балалардың бес уақыт тамағы да іштен пісіріліп, дайындалады. Ғимарат ауласына түрлі ағаш көшеттері отырғызылып, алаң бірнеше ойын алаңқайларына бөлініп, жабдықталған. Кіреберіс алаңға орналасқан ертегілер кейіпкерлері ғимараттың тәрбиелік тағылымын одан әрі асырып тұр.

– Балалар – біздің болашағымыз. Біз бастаған істі, арман-мұратымызды жалғастыратын да осылар. Сондықтан да, жас жеткіншектердің балғын балалық шағын алаңсыз өткізуіне баршамыз мүдделіміз. Әр бала балабақшадан жақсы тәрбие алып, қалыптасады. Бізде жиырма бір білікті маман қызмет етіп, бөбектермен жұмыс жасайды, – деген мекеме директоры Роза Өтепбаева осы бизнесті бастауда алғашқы көмекті мемлекеттен алғанын айтады. – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» қорынан  субсидия алып, жұмысымды бастадым.  Банктен 14 пайыздық мөлшермен несие алған едім. «Даму» қоры оның 7 пайызын облыстық әкімдіктен алатын трансферттер есебінен төлеп тұрады. Қалған жеті пайызды ғана өзім төлеп отырмын…

Қазіргі заманның талаптарына сай тұрғызылып, 120 балаға арналған бүлдіршіндер үйінде 1,5 – 5  жас аралығындағы 108  бөбек тәрбиеленуде. Ал, балабақша, жалпыға бірдей білім беру стандартына сай, «Біз мектепке барамыз», «Алғашқы қадам», «Зерек бала» бағдарламалары бойынша жұмыс жасайды.

– Патриотизм дегенді әркім әрқалай түсінеді. Менің пікірімше, патриотизм – елге қажетті жаңа жұмыс орындарын құру, яғни адамдарға жұмыс, ақша тауып, балаларын асырауға мүмкіндік жасау. Мен Отаныма осылай қызмет етемін. Ал, өз ісімізді бастауға үлкен қолдау білдірген облыс әкімдігіне алғысымыз шексіз. Біздің балаларымыз ақылды да білімді болулары керек, солардың баянды болашақтары үшін  әрбір адам тер төгуі тиіс, – деген ойымен бөліскен меншік иесі Нұржан Өтепбаев балабақша ашуды қолға алғанда Германияға барып, шет мемлекет тәжірибесіне сүйенгенін де жасырмады.

Одан әрі меймандар екі жасқа дейінгі «Балапан» тобының сурет, 4 – 5 жасқа дейінгі балалардан құралған «Ақжелкен» тобының сабақтарына қатысып, ұлттық нақышта безендіріліп, шаңырақпен көмкерілген ән залы мен заманауи құралдармен жабдықталған дене шынықтыру, медициналық кабинеттерді аралады. Балабақшаның басқалардан  айырмашылығы – бөлменің ауасын тазартатын бірден бір құрылғы тұзды шамның (солевая лампа) болуы. Сондай-ақ, жаңадан таэквондо, шахмат үйірмелері ашылмақшы. Оған қосымша қазақ, орыс, ағылшын тілдері оқытылады. Ал, ән-би үйірмелері сәбилерді өнерге баулыса, сауықтыру мақсатында логопед бөбектермен жеке жұмыс жасайды.

Айта кетерлігі, мұндағы кіші топқа балалар бір жарым жастан бастап қабылданады екен.

Балабақшаны кеңейту мақсатында қосымша  жер сұрап отырған кәсіпкерлердің тілегін  тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан осы мәселе бойынша облыс әкімінің атына хат жазылатынын жеткізді. 

– Бүгін жекеменшік  «Ақниет» балабақшасын аралап көрдік. Мұндағы жағдай мемлекеттік балабақшалардан кем емес. Қазір 108 бүлдіршін тәрбиеленіп отыр екен, соған қарағанда өңірде жекеменшік балабақшаларға деген сұраныс жоғары.  Осындай жекеменшік балабақшалар жүйесін дамыту үшін таяуда осы мәселені талқылаған үлкен жиын өткіздік. Бұл жұмыс әлі жалғасатын болады. 

Бүгінгі таңда облыста 27 жекеменшік балабақша бар. Бірақ, барлығының техникалық мүмкіндіктері, жалпы стандарттарға сай болуы бірдей деңгейде деп айта алмаймыз. Ал, «Ақниет» балабақшасында мұның бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сондықтан, балабақша ашуға ниет білдірушілер болса, осы бүлдіршіндер үйінен тәжірибе алмасып, соның негізінде жұмыс жасауға мүмкіндік мол, – деп сөзін сабақтады облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.  

* * *

Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған топ«Таланттар империясы» аталатын балабақшаның оқу орталығында болды.

Алпыс бес балаға есептелген екі қабатты ғимаратта бүгінде 35 бүлдіршін бар. Оларға он тәрбиеші тәлім беруде.

– Бөбектер бес уақыт толықтай тамақтанады. Стационарлық асханамыз да бар. Бүлдіршіндерге, сондай-ақ, таңғы және түскі ас аралығында дәруменге бай фито-шайлар беріледі. Мұнда  барлық жағдай жасалынған. Мәселен, екі бірдей жүзу бассейні, музыка, гимнастика, ән, би залдары бар. Бүлдіршіндер сурет және театр өнерлеріне, ән айту, шахмат ойнауға  машықтанады, – дейді балабақша директоры Әлия Тұяқбаева.

Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы жекеменшік балабақшалар санын көбейту, олардың жұмыстарын кең насихаттап, кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің күн тәртібінен түспейтіндігін атап айтты.

Аталмыш бүлдіршіндер үйінде негізінен 1,5 – 6 жас аралығындағы сәбилер тәрбиеленеді. Балабақша директоры айтып өткеніндей, қосымша екі топ ашылып отыр.    Бұл топтарда 1 – 4 сынып аралығындағы оқушылар мектептен кейін келіп, үйге берілген тапсырмаларды орындап, қосымша сабақтардан дәрістер алады. Типтік жүйеде салынған балабақша қабырғасында тәрбиеленіп жатқан  балдырғандардың мұндағы  әрбір сәті қызыққа толы болуы үшін барлық жағдай  жасалғаны көзге ұрып тұр. Осылайша, ашылғанына екі айдың жүзі болған аталмыш балабақша ата-аналардың үміт-арманына қанат бітіріп, бүлдіршіндерге сая болып отыр.

 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсіргенӘнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз