БОЛАШАҚҚА – БАЙЫПТЫ БАҒДАР

Оңтайлы тілдік орта қалыптастыру, қазақ тілінің қоғамды біріктіруші күш ретіндегі рөлін арттыру бүгінде Қазақстанның ішкі дамуының басымдылықтарының біріне айналып отыр. Қай жұмыс та нәтижелі болуы үшін жоспарлы жүргізілуі тиіс. Бүгінде облыстың жергілікті басқару жүйесінде мемлекеттік тіл толық көлемде қолданылып отыр. Құжат алмасу – толықтай мемлекеттік тілде.  Атырау облысы республикада алғашқылардың бірі болып, 2002 жылы іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіргенін, жергілікті басқару жүйесіндегі мемлекеттік қызметшілердің барлығы дерлік қазақ тілін жетік білетіндігін де айтқан жөн.

 

Халыққа қызмет көрсету орталықтары, меншік түріне қарамастан халықпен жұмыс істейтін барлық нысандардың мемлекеттік тілде қызмет көрсетуіне қол жеткіздік. Сонымен қатар, қажетіне қарай олар орыс тілінде, тіпті ағылшын тілінде де қызмет көрсете алады. Халықтың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.  

Тілдік ортаны қалыптастыруда орта білім беру ұйымдары шешуші рөл атқарады. Балабақшаларда да, ең алдымен, мемлекеттік тілді үйрету жолға қойылған. Бұл – жас буын атыраулықтардың қазақ тілін жетік біліп өсуінің кепілі. Сонымен қатар, облыста үштілділікті енгізуді ынталандыруға бағытталған шаралар да қолға алынуда.    

Үш тілді меңгерген жастар арасында «Тіл шебері», орыс тілі білгірлерінің «Тіл – барлық білімнің кілті» облыстық байқаулары, үш тілді жетік меңгерген жастардың «Тілдарын» олимпиадасы дәстүрлі түрде өткізіледі.

Бұл шаралар облыс халқына мемлекеттік тілді жетік меңгертуге септігін тигізуде. Жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде облыста ересек адамдардың 96,8 пайызы қазақ тілін еркін меңгергендігіне көз жетті. Сондай-ақ, 92 пайызы орыс тілін, 8,3 пайызы ағылшын тілін меңгерген.

Яғни, Атырау облысында мемлекеттік тіл басымдық ала отырып, үш тілді орта қалыптасып келеді. Алдағы уақытта да жұмысымыздың негізгі бағыты осы болмақ. 

  Мәншүк МҰХАНБЕТҚАЛИЕВА, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз