«Бізге ұлтжандылық керек»

  Биыл ел Тәуелсіздігіне тура 25 жыл толады. Осынау баға жетпес байлық бізге оңайлықпен келген жоқ. Елдік пен еркіндік таразыға тартылған талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерген ата-баба ерлігі – ұрпаққа үлгі, өшпес өнеге. Ал, бүгінгі жастар оны қаншалықты сезініп отыр?

  Осыған орай «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықовтың ойын білген едік. – Арамызда «ұлтжандылық» деген сөзді басқа ұғымдармен шатастырып, шын мәнін терең түсіне бермейтін жастар бар. Ал, шын мәнінде оның төркіні «тәуелсіздік» деген киелі құндылықтан туындайды. Егемен елдің ұрпағы ұлтын жан-тәнімен сүйсе ғана, бабалар аңсаған еркіндік сақталады. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында қарша бораған оқ пен лаулаған оттың ортасында жүріп, Отанын қорғап қалған ерлер есімін біз ұмытпауымыз керек. Себебі, олардың ерлігі жастарға патриоттық тәрбие беруге ең ықпалды мысал бола алады.

  Күнделікті көріп жүргеніміздей, қазір қоғамда мінберге шығып көсіле сөйлейтін немесе ғаламтор желісінде небір әдемі пікірлер қалдыратындар көп. Бірақ, өз елінің нағыз патриоты болу – әдемі әңгіме айтып, жалаң ұрандау немесе орталық алаңда әдеттегідей флешмоб өткізу емес. Сындарлы сөз нақты іспен бекемделуі керек. Өзгені соңынан ерту үшін әркім өзі алда болуы шарт. Сонда ғана шаралардың қайтарымы болады. Демек, мемлекетіміздің үздіксіз дамуына, оның одан әрі өркендеуіне әр жас нақты ісімен үлес қосуы тиіс. Рас, жұртты жігерлендіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін жастар жетерлік. Алайда, жастар отбасында өздерін қалай ұстайды? Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ, кейбір жастар ата-анасын сыйлаудан да қалып бара жатқанын көзбен көріп жүрміз. Осындай жағдайда олардың бойына қазақстандық патриотизмді қалай сіңіреміз?

  «Отан отбасынан басталады» десек, тәрбиелік шараларда алға қойған басты мақсатымыздың бірі де осы болмақ. Әлеуметтік желідегі жүйесіздік те көңіл қынжылтады. Қыз баланың абыройын айрандай төгетін көріністі, бір-бірімен төбелесті ғаламторға басқа ұлт емес, өзіміздің қазақ жігіттері шығаратынын білгенде ішің удай ашиды.

  Олар көшеде кетіп бара жатып, сүрініп кеткен біреуді көріп қалса болды, әлеуметтік желіге салуға құмар. Онымен не ұтады? Кімді мазақ етіп отыр? Міне, осындай жүгенсіздікке тосқауыл қою қажет. Осының бәрі тәрбиенің, көп ретте ата-ана тәрбиесінің жетпей жатқанын көрсетеді. Ата-баба бастан кешкен зобалаңды көрмей өскен қазіргі ұл-қыз – бақытты ұрпақ. Олар не жеймін, не киемін деп бас қатырмайды. Ерінбей еңбек еткен жанның ойлағаны орындалуда. Сапалы білім алуына, жемісті бизнеспен шұғылдануына мүмкіндік мол. Міне, осындай игіліктер үшін олар Тәуелсіздікке тәу етіп, алдыңғы буын аға-апаларға шексіз қарыздар екенін ұмытпауы керек. Біздің міндетіміз – солардың санасына осы құндылықтарды сіңіру. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарды «жасотандықтар» алдағы уақытта да одан әрі жалғастыра беретін болады.

А.АБДОЛ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз