БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ МЕССИНГІ

Жалғыз бір халықта емес, күллі әлемде адамдар егделенген тұсында қалай дегенде де дінге бет бұрады, айналасында белгісіз бір күштің барлығына сенеді. Ол рас та. Өз басымыз «құдайсыздар» қоғамында, оқу-тоқу деп ата-анадан жырақта, жылдың кемінде тоғыз айын интернатта өткізіп, нағыз қызыл коммунистер тәрбиесінде өстік. Соған сай дін дегенге маркстік көзқараспен қарап, бақсылық, тәуіптік, керек десеңіз, кейбір имандылық қағидаттарына тылсым күшке сену емес, салқынқандылықпен қабылдап жүрдік. Бірақ, уақыт өтеді, әр нәрсеге ата-баба дәстүрі, мұсылмандық иірімдері түсінігімен илануға тура келеді екен. Соның ішінде тәуіптік, көріпкелдік қасиеттер қанша жерден діни наным-сенімге қоссаңыз да, оның түп тамырында ондай қасиеттер жоқ, есесіне адам санасынан тыс тылсым күштер бар. Оны осы саланың майын ішіп, жілігін шаққан ғалым, мамандар айта жатар. Ал, біздің айтпағымыз өз ортамызда кеше-бүгін болып жатқан мына бір жағдай еді.

 …Күн сенбі болатын. Анау Ресей еліне сұғынып жатқан Жыландыда тұратын құдам Харес Биләшевке аман-түгелдігін білейін деп телефон шалсам, ағам үйінде жоқ екен, телефон құлағын Самарху құдағайым алсын. Сәлем соңында құдамды сұрайын. «Ағаң қайтқан кісіге кеткен еді» деді. Өз ауылым ғой, бақилық болған жанды білгім келіп, «Қайтыс болған кім еді?» дейін.

– Омаров Салау деген кісі…

– Ол кісіңіз мен туғанда жоқ адам емес пе? 

-Солайы солай, бірақ мен білмейтін машурасы көп. Оның анық-қанығын ағаңның өзі келгесін сұрарсың, кешке жақын хабарлас» деді. Түкке түсінбеген біз телефон құлағын құндағына сап, кешкілік тағы да хабарластық. Сөйтсем, Харекеңнің өзі де май ішкендей, аузын ашып, көзін жұмады.  

-Шырағым, түкке де түсінбеймін. Бірақ, бір көріпкелдік сипаттары бар сияқты. Мәскеудің орталық телевидениесі көрсеткен «Вольф Мессинг» деген киноны көріп пе едің? Соның кейбір нышандары байқалады, – деді де, әлгі Салау қария жөнінде аз-мұз мәлімет берді. Құдамның айтуынша, ол 1939 жылы нәубетке ұшыраған. Д.Нұрпейісова атындағы темір жол бекетінде соның немере жиені тұрады. Соған Салау қарт аян беріп, өзінің Мәскеу түбіндегі Волоколамск тас жолы бойында жерленгендігі, сол жерден топырақ алып, туған ауылында бақилық болған кемпірі Ағибаның жанына әкеліп, кәдімгі қайтыс болған  жандай етіп жерлеуді тапсырған. Сол өтініш орындалған. Харекең аталған іске куәгер болғанға ұқсайды. Оқиғаның бар мәні – осы.  

Мына сөзге біз де қайран қалдық. Ол қалай? Оныншы сыныпта оқитын қыз бала өмірінде аяғы тимеген жерден атасының мүрдесін қалай тапты? Біз осындай сұрақтар төңірегінде көп ойландық. Арада бірер ай да өтті. Ақыры, әуелі сол «Салау деген қария кім, нәубет құрбаны атанғанға дейін қандай қызметтер атқарды?» деген сұраумен облыстық мұрағаттан із кестік. Сөйтсе, С.Омаров 1905 жылы бұрынғы Орда ауданының (қазіргі Құрманғазы) Дыңғызыл селолық округінде дүниеге келген. 12-13 жасында ата-анасы қайтыс болып, алғашында туған ауылында, кейін Астрахан облысының Красный Яр ауданы Сазанай ауылындағы қазақ, орыс байларының малын бағып, пішенін шабады, тоғыз жылдай балықшы болады. Орысша үйреніп, өздігінен сауат ашады. 

Елде ұжымшарлар ұйымдас-тыру басталғанда Салау аға әуелі малшы, кейін ауылда ұжым үшін ортақ құмаршық қағып, оны әр колхозшыға бөліп беру (орталығы Қаракөбен мешіті, сонда жинаған) кезінде дайындаушы-қоймашы, селолық тұтынушылар қоғамының төрағасы, қызыл отау меңгерушісі, Дыңғызыл ауылдық кеңесінің төрағасы (алты айдай) қызметтерін атқарады. Колхозда кассир, дүкен меңгерушісі болады. Осы кезде, яғни 1939 жылдың жазында өз ағайындарының көрсетуімен істі болып, қараңғы үйге қамалады. Бұдан арғы тағдыры белгісіз. 

Артында жары Ағиба, 9 жасар ұлы Ғабдыжан мен бір-біріне үйелмелі-сүйелмелі қыздары Мүлкәт пен Мүршида қалды. Асыл ана соларды тістелеп жүріп Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарын басынан өткерді. Ұжымшарда мал бақты, сауыншы болды. Бірақ, «мынау менікі, анау сенікі» деген жоқ, қолынан келгенше еңбек етті, үш баланы оқытты. Олар да есейді, бәрі де үйлі-баранды. Баланың тұңғышы, еңбегімен ел құрметіне бөленген ардақты малшы Ғабдыжан бұл күнде қайтыс болған. Одан туған Нұрия өз ауылындағы Саламат атты жігітке тұрмысқа шыққан. Қазір араларында Гүлдана, Руслана атты екі қыз өсіп келеді. Үлкені облыс орталығындағы гуманитарлық колледжде білім алса, екіншісі Д.Нұрпейісова темір жол бекетіндегі Қиғаш орта мектебінің 10 сыныбында оқиды.  

Соңғы екі жылда осы Руслана бойында өзгеше қылық байқалады. Тоғызыншы сыныпқа баратын жылы алғашқы қоңырау жиынында ол құрметті мінберде отырған ақ сақалды қария мен жаулықты әжені көреді. Бірақ, оның өзінен басқа ешкімге көрінбейтінін сезбейді. Келесі жылы тағы да сондай жиында әлгі қарияларды тағы да көреді. Екеуінде де Руслана тұла бойы әлсізденіп құлап қалады. Жиі-жиі ауыратын болды. Атырау, Астана, Астрахан қалаларына барып қаралды, бірақ нақты нәтиже болмады. Кейінгі уақытта түс көріп, онда қария «Қызым, мен сенің Салау деген атаң боламын. Бойыңда еркіңнен тыс ерекше қасиеттер бар. Оны орнымен пайдалану керек, кісі қарағаның дұрыс» дейді. 

Бірақ, Руслана алғашында ештеңе түсінбей, тіпті қария ескертуіне мән бермей қояды. Арада 26 күн өткенде 1 қыркүйектегі жағдай тағы да қайталанып, атасы «Балам, сен менің айтқан тапсырмаларымды орындамадың ғой, ондай болмайды. Тез қимылға көш» деп қарайтын адамдарын атайды. Анасымен ақылдасқан Руслана ақырында кісі қарауға көшеді. Алғашқы бір-екеуінен сәтті өтеді. 

Мұндағы ерекшелік, Руслана қандай тұйыққа тірелсе де әлдебір көзге көрінбейтін қария мұның құлағына қажетті жауаптарды не амалдарды айтып отырады. Бұл соларды қайталайды, болмаса орындайды. Ақырында, оның бәрі расқа шығады. Ал, Мәскеу сапары туралы әңгімені өрбітсек, өткен жылдың қараша айының аяғында Русланаға атасы тағы да аян беріп, «Қызым, мен Мәскеудің батысында далада жатырмын ғой. Ең болмаса бір уыс топырағымды алып, анау Сегізауылда мәңгілік дамылдаған Ағиба әжеңнің қасына апарып қоймайсың ба?!» деген тілек айтады. Бұл оны анасы Нұрияға жеткізеді. Нұрия ағаларымен ақылдасады. Сол кезде бұлар аталары туралы дерек іздейді. Көз көрген, жұмыстас болған жандардың бірі де жоқ. Жалғыз ғана дерек, бұрынғы Дыңғызыл ауылдық кеңесінде еңбек еткен Жақып Сатыбалиев атты қарияның (қазірде жоқ) Салау туралы аздаған мәліметі ғана. Онда С.Омаровтың 1934 жылы Қаракөбен селолық тұтынушылар қоғамының төрағасы болғандығы көрсетілген. Басқа нақты ештеңе кездеспейді. Ақыры, аудандық мұрағатқа барады. Онда да өнжеңді дерек таба алмайды. Белгілісі – 1939 жылдың ортасына дейін Дыңғызыл селолық кеңесіне қарасты Чапаев атындағы ұжымшарда еңбек еткен, СОКП мүшесі. Ал, ол соғыс басталғанға дейін қайда болды? Волоколамск тас жолы бойына қалай келді? Бұл жайлы еш дерек жоқ.    

Айдың аяғына таман беймәлім қария тағы да хабар салып, «Сендер 30 қарашада Мәскеуде болуларың керек, жолға шығыңдар» деп аян береді. Осы бойынша анасы Нұрия, нағашы ағасы Төрегелді және Руслана үшеуі пойызға отырып, Мәскеу асады. Желтоқсанның бірінде аталған қалада болады. Енді қайда баруы керек, амалсыздан Волоколамск тас жолы бойындағы селоларды қағазға тізіп, сұқ саусағымен әлгілердің үстін сызып отырса, «Сычевка» дегеннің тұсына келгенде бойына ток ұрғандай әсер етеді. Мәскеуде тұратын жездесі Қамалиденнің көлігімен аталған бағытта жолға шығады. Сычевка шамамен 250-260 шақырымдай. Бірақ, жол бойы елді мекен көп, қайсысы Сычевка, ол да қиындау. Осы кезде Руслананың құлағына атаның «оңға бұрыл, алдыңнан орыстың кресі белгіленген фирмалық тақта көрінеді. Сонда барғанда тағы да айтамын. Бәрін де бақылап отыр» деген ескертуі естіледі.   

Айтқандай, тақтайшада «Село Сычевка» деген үлкен жазу тұр екен. Әлгіден сәл әріректе тағы да құлағына «оңға», «солға» деген нұсқаулар келіп, село шетіндегі айналасы қоршалған әдемі бақтың ішіне енеді. Одан ұққаны бұл жерде әуелде жойқын соғыс болған, адамдар көп өлген. Кейін ол жерге тал егіп, баққа айналдырған. Алдында мерт болған боздақтарға арналып, ескерткіш қойылған. Мәрмәр қара тақтаға шаһиттердің тізімі жазылыпты. Бірақ, онда Руслана іздеп келе жатқан Салау Омаровтың аты-жөні жоқ. 

Енді не істеуі керек? 

Осы кезде қыздың құлағына «Тоқтама, алға қарай жүре бер!» деген дыбыс келеді. Ілгері басса, тағы да «оңға», «солға», «алға» деген сияқты нұсқаулар. Бір кезде «Тоқта!» деген ескерту жасалады. Тұра қалып еді, «Енді жаныңдағы жандардың бәрін қалдыр да, тек өзің жүр!» деген сөзді естиді. Сәл-пәл жүрген соң «Мына жердің қарын қолыңмен тазала!» деген пәрмен беріледі. Руслананың есіне осы кезде өздері мініп келген жеңіл автокөліктің жүк қорабында жатқан күрек түседі. Әлгі беймәлім қария тап осыны сезіп қалғандай, «Жоқ, ол күрек туралы ойлама, бәрін де өз қолыңмен аршы, бұл сен үшін сауап!» деп ескертеді.

Бірақ, ата аталған жерден топырақты қазір емес, үш күннен соң ғана, онда да бұл емес, ағасының алғанын қалайды. Өйткені, бейіт басынан топырақ алу әйел адамның құзырына жатпайды, тек еркектердің ісі көрінеді. 

Арада үш күн өтті. Әлгі жерден бір уыс топырақ алынды, Мәскеуге де жетті. Бірақ, жұмбақ жан атыраулық жоқшылардың бұдан әрі жат жерде қалуының жөні жоқ екенін ескертіп, «Тезірек ауылдарыңа қайтыңдар. Онда мені өз шаңырағында екі күн түнетіп, сүйек жөнелтудің барлық жөн-жосығымен қара жер қойнына бересіңдер» дегенді айтты.

Ауылға келген соң ата өсиетіне сай Мәскеуден әкелінген топырақты қайда қою керектігі жөнінде барша ағайын бас қатырды. Жерленетін жері – басы ашық, ауыл сыртындағы Сегізауыл қауымы. Ендеше, оның қай жері? Біреулер «Өз ағайыны ғой, жақында ғана жер қойнына берілген Мүзаптың жанына орналастырайық» десе, екінші біреулері «Кемпірі Ағибаның іргесінен орын іздейік» деп отырғанда атаның өзі көмекке келіп, «Ағибадан оңға қарай үш қадам, сосын қауымның аяқ тұсына бағыттап алты қадам аттасаңдар, бір адамдық алаңқай бар. Аяқ жағында кішкене қыз баланың бейіті тұр. Оған зияндарың тимейді. Сол жерге мені орналастырыңдар. Бірақ басыма сайғақ қоюды ұмытпаңдар!» деп ескертеді.

Аталған шара Руслананың құлағына жеткен ескертпеге сай жүзеге асты. Расында да қауымдағы иін тірескен қалың бейіттің ортасында әдейі Салау қарт үшін алып қалғандай бір кісілік орын туған ауылынан 74 жыл бұрын «аттанған» нәубет құрбанына бұйырды. Қарасына ауылдың үлкендері, алыс-жақындағы ағайындары жиналды. Тап сол Мәскеу түбінде өлгендігі жөнінде нақты дәлел болмаса да немере жиенінің құлағына жеткен хабар бойынша өз ауылына әкелінген Салау қарттың бақилығына, «өлген» жерден әкелінген топырағына барша жұрт иланды. Біз де соған сендік…  

Аталған хабарды естіген соң біз Ресей кинематографтары жасаған белгілі телепат Вольф Мессинг жөніндегі 16 сериялы шым-шытырық оқиғалы фильмді қайта-қайта қарадық. Болгарияның атақты көріпкелі Ванга жайлы да таспаларды шолып өттік. Содан соң «өзге жұртта болатын көріпкелдік қасиет бізде неге болмайды? Әлде ол бір замандардағы аңызға бергісіз оқиғалар осы күні неге жоқ?» деген сұрақтарға тірелдік. Расы керек, көп ойландық, ақыры әңгіме арқауына айналған Руслана Саламатқызы Амангелдиева және оның анасы Нұрия Ғабдыжанқызының өздерімен кездестік, кең отырып, ұзақ-ұзақ әңгімелестік. Әрине, оның бәрін қағазға түсірсе, ақиқатынан аңызы басым үлкен дүние шығар еді. Бірақ, біз соның нақты бір бөлшегін ғана хатқа түсіріп, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Мұндағы жайларға құй сеніңіз, құй сенбеңіз, бірақ, болған оқиға екеніне еш күмән жоқ. Осыған сайып, әзірше Руслананың біздің ауылдың бүгінгі Мессингі болып отырғаны рас. Біз солай деп түйдік.  

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Құрманғазы ауданы.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз