БЕКЕТТІҢ ЕЛБАСЫНА АРНАҒАН ӘҢГІМЕСІ

«Президент пен перзент» кітабына енгізілді

Желтоқсанның бірінші жұлдызы – Қазақ елінің Тұңғыш Президенті күні мерекесі жақындап келеді. Осынау мерейлі мейрам қарсаңында Қызылқоға ауданы, Жанкелдин селосындағы Миялы орта мектебінде телефон қоңырауы сыңғырлап қоя берді...

Мұғалімдер бөлмесіне енді ғана келіп, оқу құралдарын жинастыра бастаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжәмила Қаржаубай телефон тұтқасын көтергенде арғы жақтағы дауыс: «Осы оқу ордасының 10-сынып оқушысы Бекет Аманжолұлы өз жетекшісімен бірге Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповпен кездесуі керек. «Ел тірегі – Елбасы» тақырыбында шығарма жазып, байқауға қатынасқан екен. Шығарма республика бойынша үздіктер қатарынан орын алып отыр. Астанаға тезірек жетіңіздер!»- деді.

Алғашында шәкіртінің осынау жетістігіне шаттанған жетекші ұстаз қуаныштан абдырап қалды. «Білім ордасына оқушыларды байқауға қатысуға шақырған қатынас қағаздары өте көп келеді ғой. Тіпті, аталған байқаудың қай жылы өткенін де есіме түсіре алмай, жинақталған құжаттарды ақтара бастадым. Көзіме оттай басылған ақ парақта бұдан екі жыл бұрын, яғни Бекет 8-сыныпта оқып жүрген кезінде жазған Елбасы туралы «Жұдырықтай жүрегіммен сенемін» деген шығармасын таптым», – дейді ол бізбен әңгімесінде.

Сөйтіп, Бекет Аманжолұлы жетекшісі, Миялы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжәмила Қаржаубаймен бірге Астанаға жетіп, одан соң Қарағанды облысының Теміртау қаласына келді. Өйткені, кітаптың тұсаукесері осында өтеді екен. Елбасы өзінің алғашқы өмірге қадамын – еңбек жолын осы қаладан бастап, Қазақ елінің Көшбасшысына айналды емес пе?!

Теміртауда Қазақстанның әр түкпірінен жиналған мектеп оқушылары мен жетекшілерін Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени мұражайына алып барды. Елбасының балалық шағынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі өмір жолдарымен таныстырды. Мұражайда үздіктер жаңа кітаптың тұсаукесеріне қатынасып, ерекше көңіл-күйге бөленді.

«Салтанатты жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Президент әкімшілігі баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров, Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков қатынасты. Тұсаукесерде сөз алған Президент әкімшілігі баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров: «Ел тірегі – Елбасы» шығармашылық байқауына республикамыздың түкпір-түкпірінен жас өрендеріміз жазған мыңдаған  шығарма келіп түсті. Олардың барлығын бірдей кітапқа басып шығару мүмкін емес. Арнайы құрылған комиссия мүшелері кеңесе отырып,  ең үздік 32 жұмысты таңдап алды. Әрине, мұндай сараптама жасау оңай болмады. Себебі, әр шығармада байқауға қатынасқан баланың жүрегінен жарып шыққан сыршыл ойлары, перзенттік тілегі өрнектелген. Осынау «Президент пен перзент» кітабына таңдаумен енгізілген 32 шығарманың иелері,  яғни авторлары мен жетекшілері бүгін ортамызда отыр»,- деді.

Салтанатта Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов оқушыларға «Президент пен перзент» кітабын табыс етіп, жетекшілерін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапаттады.

Сондай-ақ, біз Президент әкімшілігі баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Жұмаханұлының есте сақтау қабілетінің мықтылығына таңғалдық. Ол шара аяқталған сәтте «Бекет – сен Атыраудың  Қызылқоғасынан, Мұрат, Халел, Ғабдолдың жерлесісің. Болайын деп тұрған баласың. Мен «Президент пен перзент» кітабына енгізілген 32 шығарманың авторларының аты-жөндерін жатқа білемін»,- деп Бекеттің маңдайынан сипады. Біз таң-тамаша қалдық», – дейді Гүлжәмила Қаржаубай бізбен әңгімесінде.

Айта кетелік, Бекет өз шығармасын 2012 жылы желтоқсанның бірінші жұлдызында, яғни Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні мерекесі тойланатын алғашқы жылы жазып, «Ел тірегі – Елбасы» тақырыбында өткен байқауға жолдаған екен. «Жұдырықтай жүрегіммен сенемін» атты еңбегінің үздіктер қатарына енгізілгенін өзінің келешегіне салынған  Ақ жол – Елбасының берген Ақ батасы» деп жақсылыққа жорып отыр.

Осынау кітапқа Атырау облысынан екі жас таланттың еңбегі еніп отырғанын атап көрсетуге тиіспіз. Екінші үздік шығарманың иесі кезінде Атырау қаласындағы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының Х сыныбында білім алып жүргенде байқауға «Аманатқа адалдық» тақырыбында шығарма жолдаған Дархан Құрманбай еді. Ол қазіргі таңда Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің бірінші курсында білім алып жүр. 

Мағрупа ҚАЗИХАН,

Қызылқоға ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз