БАЛАНЫҢ КҮЛКІСІ БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні бүкіл әлемде тойланып келеді. Біздің елімізде де бұл мерекеге ерекше көңіл бөлінуде. Балалардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа жан-жақты білім мен тәрбие беру, бір сөзбен айтқанда, балаларға барлық жағдай жасау — Елбасы ұстанған мемлекеттік саясаттың сара бағыты.

Мереке қарсаңында біз Атырау қаласындағы С.Қазыбаев атындағы балалар үйінде болып, директоры Сәния МУСЕЕВАМЕН әңгімелескен едік.

– Сәния Төлегенқызы, 37 жыл тарихы бар жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мектеп-интернаты осыдан бірер жыл бұрын С.Қазыбаев атындағы балалар үйі болып қайта құрылды. Бұл шешімі қандай өзгерістер алып келді?

– Иә, қазір балаларымыз жақын маңдағы №3, Қ.Сәтбаев атындағы №19, Ж.Қаражігітов атындағы №16 орта мектептер мен №30 мектеп-гимназиясынан білім алуда. Әр мектепке 20-25 баладан бөлдік. Мұндағы мақсат балаларды қоғамдық ортаға бейімдеу. Бұған дейін балалар осы жерден білім алып, осы жерде мекен еткен болса, қазір оларға өз қатарластарымен араласуға, басқа балалармен достық қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік туып отыр. Яғни, балалар өздерін қоршаған ортадан оқшауланып қалғандай сезінбеуі тиіс.

1978 жылы Гурьев облыстық халық депутаттары кеңесінің шешімімен құрылған аталған мектеп-интернаты 1989 жылы Авангард мөлтекауданына көшіріліп, содан бері мыңдаған ұл-қыз тәрбиеленіп шықты. 2010 жылдан бастап тәрбиеленуші балалар саны азая бастады. Бүгінгі күні 72 бала тәрбиеленіп жатыр. Соның ішінде, мектепке дейінгі топтағы 11 бүлдіршіннің төртеуінің тілінің кемістігіне байланысты №20 логопедтік балабақшаға жолдама алдық. Ал, жеті бала жаңа оқу жылынан бастап мектепке барады.

Айта кетсек, Лиза Сафронова мен Света Обносова биыл №30 мектеп-гимназиясынан 10 сыныпты тәмамдады. Лиза қызымыз жуырда Атырауда өткен республикалық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында ІІІ орын иегері атанып, бәрімізді бір қуантып тастады. Мақтан тұтар балаларымыз көп.

– Әңгіменің орайы келгенде бір сауал туындап отыр. Әр баланың құқығы — білім алу. Балаларға мектеп қабырғасынан басқа жан-жақты білім алуы қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Ең басты назар аударған мәселеміз – балаларды қосымша біліммен қамту. Сол себепті, балалардың білімін шыңдай түсу, өз ойын ашық жеткізуге үйрету мақсатында қосымша репетиторларды қызметке алдық. Олар балалардың үй тапсырмаларын орындауын қадағалап, әрқайсысымен жеке жұмыс жасайды.

Бұған қоса, балалар үйі жанынан компьютер, ән, би, қолөнер үйірмелері мен спорттық секция ашылды. Құрманғазы атындағы саз мектебінің филиалы да мұнда жұмыс жасап, 23 тәрбиеленушіміз аталған секцияда жаттығады. Және кітапханада да отырып кітап оқып, білім тереңдетуге барлық жағдай қарастырылған. Балаларымыз спорт саласында үлкен жетістіктерге жетіп, түрлі республикалық деңгейдегі додаларға қатысып жүр. Мәселен, бала кезінен грек-рим күресіне жаттығып жүрген Игорь Филюшин есімді тәрбиеленушіміз биыл 9 сыныпты аяқтап, Алматыдағы олимпиада резервтерін дайындайтын колледжге оқуға түсті.

– Өзіңіздің сөзіңізде, балалар саны азая бастағаны жөнінде айтып өттіңіз. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

– Үкімет тарапынан көптеген көмектер көрсетілуде. Қаржылық деңгейде патронаттық тәрбиеге, қорғаншылық-қамқоршылыққа алынатын балаларға 2013 жылдан бастап жәрдемақы төлене бастады. Сондықтан, балалардың туыстары мен басқа да адамдар келіп, балаларды өз қамқорлықтарына алып жатыр.

– Туған ата-аналары келіп, балаларын алып кетіп жататын жайлар кездесті ме?

– Біздің ең басты мақсатымыз да — осы. Соттың «ата-ана құқығынан айырылды» деген шешімін көптеген ата-аналар «өмірімнің соңына дейін баламнан айырылдым» деп түсінеді. Алайда, ата-ана құқығынан айырылғандарға «бауыр еті – баласымен» хабарласып тұруы заңда міндеттелген. Сондай-ақ, алты ай мерзім ішінде өзінің тұрмысын түзесе, жұмысқа орналасса, баланы қайтып алуға құқылы.

Баланы қанша алтынмен аптап, күміспен қаптап қойса да олар ата-ананың «айналайын» деп маңдайынан иіскеп, құшағына алғанын аңсайды. Сол себепті, әр бала отбасында тәрбиеленуі керек. Өткен жылы 11 бала қамқорлық пен қорғаншылыққа, ал, екі бала патронаттық тәрбиеге алынса, 15 бала туған ата-анасына тапсырылды. Биылғы жылы екі тәрбиеленушіміз патронаттық тәрбие негізінде отбасына бейімделсе, үш баланы қамқорлық пен қорғаншылық тәрбиеге беру үшін құжаттарын дайындап жатырмыз.

– Ата-ана құқығынан айырылған ата-аналардан алимент өндіру мәселесі қалай шешілуде?

– Бұл бүгінгі күнгі өзекті мәселеміз болып саналуда. Ата-аналардың көбінің құжаттары жоқ, жұмыссыз және тұрақты мекен-жайларының болмауына байланысты олардың көбін таба алмай отырмыз. Қазіргі таңда 40 ата-ананың бесеуі ғана заңдық негізде баласына тиесілі алиментті төлеп отыр. Осы орайда, балаларға үнемі қамқорлық танытып, көмек қолын созып жүрген «Аджип», «Теңізшевройл», «Билайн» және тағы басқа компаниялар мен Сағындық Мұратов бастаған мақаттық жастарға, жеке кәсіпкерлерге балалар атынан алғыс білдіремін.

– Оқу жылы аяқталып, жазғы демалыс мезгілі басталды. Балдәурен балалық шақтың ең қызықты сәті де осы болар. Жазғы каникулда балалар қай лагерьлерде демалады?

– Кеше 46 тәрбиеленушіміз Атырау-Астрахан бағытындағы пойызға отырып, Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» емдеу пансионатына облыстық білім беру басқармасының жолдамасымен тегін демалуға аттанды. Ал, 9 сыныпты аяқтағандар мектептерде мемлекеттік емтихандарын тапсырады. Білім сынақтары аяқталған соң, олар балалар үйінің лагерінде болады. Сонымен қатар, үш баламыз Италияға екі аптаға барып демалмақшы.

Былтыр «Ембімұнайгаз» мекемесі «Қазақстан геологы» емдеу пансионатына қосымша қаржы бөліп, балалардың жайлы демалуына жағдай жасаған еді. Биыл да осындай қамқор қолдарын созатын ұжымдардың болғанын қалаймыз.

Әр мейрам сайын концерттік бағдарлама ұйымдастырып, әрбір күнімізді мерекеге айналдыруға балалар үйі ұжымы бірауыздан жұмыстанып келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет! Мереке құтты болсын!

 Сұхбаттасқан

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суреттер балалар үйі

мұрағатынан алынды.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз