БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН АЙДАР КЕРЕК

Медицина саласының ардагері Ахмет Махметкереев – «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің байырғы авторы, бүгінде тұрақты оқырманы. Газетіміздің мерейлі санына орай, онымен тілдесіп, жылы лебізін тыңдаудың сәті түсті.

 

– Аға, газетке алғаш қашан мақала жаза бастадыңыз?

– Менің жазу дәуренім сонау «Коммунизм туы» (қазіргі «Қызылқоға» аудандық газеті) басылымынан басталған еді. Сол ауданда 1963 жылдан бастап, «Атырау» газетіне де мақала жазып тұрдым. Ол уақытта аудандық редакцияда Нұрлан Қабылов, Жолдығали Бақытов секілді шебер журналистер жұмыс жасады. Жазған дүниелерім әртүрлі тақырыпты қамтыды. Соның ішінде, денсаулық саласындағы жетіп те, жетпей де жатқан тұстары көп айтылды. Аудандық ауруханада отыз жыл қызмет етіп, Атырау қаласына қоныс аудардым. Сол уақытта «Социалистік құрылыс» газетіне тіршіліктен түйгенімді баяндап отыруды дағдыға айналдырдым. Бір жағынан, өзім кешкен оқиғаларды оқи отырып, халыққа да бір септігі тиер деген ой ғой менікі.

– Баспасөз және денсаулық сақтау салаларын байланыстыра отырып, тыңғылықты іс тындырдыңыз. «Атырау» газетінің бүгінгі тыныс-тіршілігін қалай бағалар едіңіз?

– Қазыналы өңірдің айнымас айнасына айналған «Атыраудың» бүгінгі қарқыны жаман емес. Заманның ағымына қарай, бет-айдары өзгеріп, жылдан-жылға жаңару үстінде. Бүгінде ресми тұрғыда жазылатын мақалалар жиі жарияланады. Әңгіме, очерк жазатындар азайып кеткен сияқты. Сондықтан, жергілікті авторлардың жазған мақалалары көбірек жарық көрсе екен деген тілегім бар. Бұл бүгінгі оқырманның сұранысы деп ойлаймын.

Ұлттық тәрбие беру мақсатында айтар ойы жұп-жұмыр қаламгерлердің мақалалары да ауадай қажет. Сонымен бірге, арнайы «Балалар» айдары ашылса, қандай жақсы болар еді. Бұл да өз кезегінде, оқырман санын көбейтуге әсерін тигізері сөзсіз. Тоқсан үш жылдан бері халық көкейіндегісін толғап келе жатқан жаңалық жаршысы «Атырауымыздың» оқырманымен жиырма мыңыншы жүздесуі құтты болсын!

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА, студент.

Атырау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз