БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫ

Жүрегі «елім, жерім» деп соғатын жас жеткіншекті тәрбиелеу алдымен отбасы, қоршаған ортасы және қоғамға байланысты. Бүгінгі жас ұрпақ болашағының іргесін қалау үшін балабақшаның алатын орны бөлек. Осы ретте мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді тәрбиелеуде Х.Ерғалиев ауылындағы Алма Ғизатуллина басшылық ететін «Аққу» балабақшасының алар орны ерекше екенін айта кеткеніміз жөн болар.

Ертеңгі ел болашағы, бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарау – баршаға жүктелер міндет. Осы ұжымды ширек ғасыр бойы басқарып, аталмыш салада ұзақ жылдар бойы табысты еңбек етіп келе жатқан Алма Жұмабайқызының ісі – көпке үлгі. Бала жанының бағбаны ретінде ауыл сыйлаған өз ісінің кәсіби маманы – балабақшаның әр бөбегі үшін өз анасындай аяулы, ұжымдастарына сыйлы.

Таяуда Алма апай Ресей, Белорусь, Қазақстан елдерінің бірлесуімен жарық көрген «Білім саласының үздіктері» деп аталатын халықаралық энциклопедияға енгізіліп, жинаққа енгендерге арнайы табысталатын құрмет белгісі мен «Үздіктер» төсбелгісінің иегері атанды.

Үлкен ұжымның басшысы болып отырған Алма Жұмабайқызы – үлкен отбасының ұйытқысы, қыз ұзатып, келін түсірген, немере-жиендерінің сүйікті әжесі.

Қашан да жаңашылдықтың бастамашысы болып, кәсіби біліктілігімен көпке үлгі болған жанның ұрпақ тәрбиесіндегі еңбегі жемісті болғай дейміз.

Жеңісгүл Әліпова,

Х.Ерғалиев ауылы,

Исатай ауданы.   

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз