БАБАЛАР ДӘУІРІНІҢ ДҮБІРІ

Қазақ елі – тарихы тереңнен бастау алатын көне халықтардың мекен еткен ордасы. Ұлттық тарих – бабалардың бізге қалдырған шежіресі және қазіргі жастарды ұлтжандылық пен отансүйгіштікке тәрбиелейтін, өз ұлты үшін мақтанышын арттыратын мықты құрал. Дәстүрлер сабақтастығында тәрбиеленген, тарихын біліп өскен, кешегінің ұлы істері мен бүгінгінің жетістіктеріне бірінен-бірі ажырамас біртұтас үдеріс ретінде қараған ұрпақ қана халқының болашағын, елінің келешегін жарқын етер ерлік істерге бастау бола алады.

Тағдырдың талай соққысына төтеп беріп, өмірдің сындарлы соқпақтарынан сүрінбей өткен халқымыз сонау ХV ғасырда Қазақ хандығын құру арқылы өзін дербес ел ретінде танытты. Бүгінде еліміз сол дәстүрлерін, мемлекеттік шекарасын, мәдениеті мен құрылымдық жүйесін дамыта отырып, бүкіл әлем мойындаған егеменді, өркениетті ел ретінде көріне білді. Тіпті, жан-жақтан қысқан жауларға да мойымай, өзінің кіршіксіз таза қаны мен тәуелсіздікке ұмтылған рухын сақтап қалды. Сақтап қана қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа ең негізгі рухани мұра етіп қалдырды.

Қазақ хандығының құрылуы бір мезгілде жүзеге асқан акті емес, ұзақ уақытқа созылған процесс екендігі белгілі. Сондықтан да мемлекеттілігіміздің бастауында тұрған Қазақ хандығының құрылуы туралы мәселе қоғамда сан түрлі пікірлер тудырып, үнемі ерекше көңіл бөлуді қажет етіп келеді. Алайда, Елбасының мына бір сөзіне назар аударсақ, қазақ халқының саяси-құрылымдық жүйе ретінде бекінген кезі де, «қазақ» деген терминнің қолданысқа енгізілген тұсы да сол Қазақ хандығы құрылған мерзімге сай келетінін көреміз: «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз». Осы пікірді бір біз ғана емес, көптеген ғалымдар да, тарих зерттеушілері де қолдайды.

Жалпы, қазақ халқының мемлекет, ұлттық жүйе ретіндегі тарихы, жоғарыда айтылғандай, аяқ астынан бола салған дүние емес. Оған көптеген оқиғалар негіз болғаны бәрімізге белгілі. Одан кейін де талай тарихи маңызды оқиғалар орын алды. Белгілі кезеңдерде халқымыздың жартысынан айырылдық. Қазақ хандығы құрылғаннан 1991 жылы тәуелсіздік алғанға дейінгі ғасырлар ішкі-сыртқы жаулармен соғыса жүріп, егемендігімізді сақтап қалу жолындағы ерлікке толы күрестермен, қанды қырғын кездер тарих беттерінде қалды. Алайда, соның бірі де ұлтымыздың тұла бойына аталар қанымен дарыған күш-қайратын кемітіп, асқақ рухын түсіре алмады. Керісінше жігерлендіре түсті. Биік армандар мен ұлы мақсаттарға жетеледі.

Сол арман-мақсаттар жетегімен халқымыз 1991 жылы шынайы мағынасындағы тәуелсіздікке қол жеткізді. Бабалар аманатына адал болып, ұлттылығымыз бен мемлекеттілігімізді сақтап қалдық. Қаншама бодандық бұғауында болған жылдардан кейін тәуелсіздіктің ақ таңы атып, Қазақ елі үшін бейбітшілік заман орнады.

 Қазіргі күні атаулы датаны тойлауға байланысты қабылданған тұжырымдамаға сәйкес қызу дайындық жұмыстары басталып та кетті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мерейтойды атап өтуге арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. Осы жоспар бойынша патриоттық видеороликтер, ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық бағдарламалар және деректі фильмдер түсірілмек. Сонымен қатар, Қазақ хандығының тарихы бойынша ғылыми-тәжірибелік конференциялар, патриоттық акциялар, зияткерлік ойындар мен олимпиадалар, фестивальдар, көрмелер өткізу жоспарланды. Мысалы, 2015 жылдың басынан-ақ Қазақ хандығының тарихын зерттеу бойынша жобалар іске қосылды, соның ішінде мемлекеттік мұрағаттар мен мұражайларда, қазақтардың мемлекеттілігі туралы ақпарат дереккөздерін анықтау мақсатында Батыс Еуропа, Ресей, Түркия, Қытай, Иран, Египет, Өзбекстан елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтарында жұмыстар жүргізілуде.

Бұл ауқымды жұмыстар легінен Атырау мұнай және газ институты да тыс қалмады. Еліміз үшін елеулі датаны атап өтуге студент жастар мен институт ұжымы бір кісідей атсалысуда. «Мәңгілік Ел – Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» фестивалі, «Қазақ хандығының құрылымы – Тәуелсіз еліміздің іргетасы» ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «ЭКСПО-ға қосар жастар үлесі» студенттік конференциясы, «Тағдырларды біріктірген Қазақстан» шығармашылық байқауы, «Қазақстанның Конституциялық және мемлекеттік даму жолы» тақырыбында және «Этносаралық толеранттылықтың қазақстандық үлгісі» атты «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылып, Қазақстанның кешегі және бүгінгі тарихына, елдік және мемлекеттік дамуына қатысты түрлі іс-шаралар жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Бұл аталған шаралар еліміздің ертеңі, білім кеңістігінде қанат жайған халық үмітінің қарлығаштары – жас ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық, толеранттылық, бауырмалдылық пен ерлік сезімдерін арттыруға, «Мәңгілік Ел» идеясының мәнін түсіндіріп, ұғындыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Бұл дата бүкіл ел үшін аса маңызды. Бұл мереке, әсіресе, жастар үшін аса қажет  екендігін атап айтқан жөн. Яғни, Қазақ хандығының 550 жылдығы – бүгінгі ұрпақ үшін дәстүр сабақтастығының қайталанбас үлгісіндей болып отыр.

 

Дүйсембек ҚҰЛЖАНОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы,

профессор, облыстық мәслихат депутаты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз