Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ: «Ақындар азса қоғамда, Күтеді ел кімнен қасиет?»

A yindar azsa o amda Қоғам

«Ақындар азса қоғамда,

Ер мінез жастан жеке едім,

Еншіме бітпес екі өлім

Ер тағдыр нәсіп екенін

Еріксіз ұқтым,не етермін,

Ей,менің ұлық мекенім!

Бұл – күллі қазаққа білікті теолог ретінде жақсы таныс Айнұр Әбдірәсілқызының өзге әлемнен жасырып жазған өлеңдерінің бірінен алынған үзінді. Дін, отбасы, әйел тақырыбына арналған қорғасындай терең ойға құрылған мақала-сұхбаттарын талай қазақ газеттері, мейлі портал, сайт болсын, кеңінен жариялап жүр. Бұл сұхбатымыздың ерекшелігі – қалың оқырманға кейіпкерімізді ақындық қырынан таныстыруға ұмтылуымызда. Ақын Айнұрдың ішкі жан дүниесінде қандай сыр жатыр? Мұңлы ойға құрылған мұңлы өлеңнің түкпірінен нені көруге болады? Ендеше, бас кейіпкеріміз Айнұр Әбдірәсілқызының өзіне сөз берелік…

– Әңгімені талай мықты жырға қос-қан Сарайшықтан, осынау аңыз қалаға арналған өлеңіңіздің шығу тарихынан бастасақ…

– 2013 жылы Атырауға алғаш жолым түскен кез еді. Осы сапар аясында Сарайшыққа барудың сәті түсті. Түсінген адам-ға Сарайшық біздің аңызға айналған ортақ тарихымыз ғой. Шыны керек, Сарайшыққа жеткенге дейін мен ол қаланы біздің Отырарымыз, Түркістанымыз, Баласағұнымыз сынды ашық аспан астындағы мұражайдай жайнап жатыр деп ойлап келген едім. Бірақ, нағыз көшкен елдің жұрты деген осы екен. Сол кездегі көңіл-күйімді, жүректі өртеген өкінішті сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Әйтеуір, бір қаңыраған, құлазыған жұртқа келгендей болдым. Сарайшыққа аяқ басқанымда алдымда үй орнында үйінді жатады, аяғымның астында қу бас шашылып жатады деп ойламаған екенмін. Сарайшықтың соңғы белгісі сумен ағып, сол бір кезеңде Сарайшықты балталап бұзғызған Иван Грозныйдың ұрпақтары қаланы соңғы тамтығына дейін саудалап, сатып, бүгінге дейін күнін көріп жатыр деп те ойламадым.  Сарайшық осыншама табан астында тапталып, ешкімге керексіз болып қалды деген ой мүлде болған емес.

Сол сәтте бізді жұбатқан жалғыз ғана штрих – Сарайшық бойындағы абыз ақсақалдың көне қаланың тарихын жырлап отырғаны еді. Өздеріңіз білесіздер, бір кездері Сарайшық дүниедегі ең әдемі, ең көркем, ең озық өркениетті қалалардың бірі болған еді. Ертегідегідей қала сол еді. Аңызға айналған Сарайшық сол еді. Асылында, адам осындай жағдайда, яғни, ішіндегісін қара сөзбен жеткізе алмағанда өлең шығарады. Сол кезде туындаған ойдан үзінді келтіре кетейін.

Ен жалғанның естелігі мұнша тар:

«Жағасына жайнай біткен тұмса тал,

Албыраған ару Жайық бойында

Болған екен ертегідей бір шаһар.

Бір өзіне бұйырған соң бар айшық,

Көзіктірген көп қадалған талай сұқ».

…Үнсіз жатыр үй орнындай үйінді,

Бізге жеткен бұл – бүгінгі Сарайшық…

Қалқымайды бұрынғыдай қаз-қу да,

Жар құлайды жайрай түсіп тасқынға.

…Өткенімнің орнын сипап мен тұрмын,

Қу бас жатыр аяғымның астында…

Тарихымнан тамтық қалмай таланды,

Сазбен бірге су шаюда санамды.

…Құлазыған сені көріп, Сарайшық,

Мың дертіме тағы бір дерт жамалды…

   Осы сапардан арада біраз уақыт өткеннен кейін Сарайшық мәселесін Азат Перуашевтың көтергеніне куә болдым. Одан кейін де Сарайшық қаласы орнын сақтау туралы өңірдің журналистері мәселе етіп көтергенін оқыдым. Бір тамшы зарымыз ел басшыларының құлағына жеткен болса, өмірдің мәні де осы ғой. Шүкір, бүгінде Сарайшықты сақтап қалу бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатқанына куә болып отырмыз.

– «Менің бір білетін шындығым – бұл дүниеде таласы көп нәрсе жоқ». Байқауымша, осы сөзді жиі айтасыз… Оқырман үшін ойыңызды тарқатып берсеңіз…

–   Бұл дүниеде барлық нәрсенің шешімі бар. Дүниенің ең көңілсіздігі де бәлкім осында болса керек-ті. Жауабы табылмайтын жұмбақ жоқ. Қасірет те сол шығар. Бұл өмірге қалай сыйып жүрміз? Әлбетте, күнәсі көп пенденің бірі болғандықтан да сыйып жүрміз. Осы жерде мына бір жағдайды мысал ретінде айтып өткім келеді. Атақты Ибраһим сопы  қағбаның жанында жүріп «шіркін, осы Қағбаның оңаша қалатын күні болса ғой, зар еңіреп Аллаға бір тілеуімді айтатын» деп қатты егіледі екен.  Алла Тағала тілеуін қабыл етіп, бірде сұмдық нөсер жауып, «балапан басқа, тұрымтай тұсқа» дегендей халық жапа-тармағай үйді-үйге тығылған кезде, Алланың құдіретімен Қағба оңаша қалады. Сол кезде сопы қағбаны кұшақтап жылап: «О, Алла мені күнә жасамайтын ете гөр» деп тілепті. Сонда Алладан келген аянда: «Егер, адам күнә жасамайтын болса, осынша мағрифат, кешірім, рахмет дариясы не үшін?» делінген екен…

Десек те, мыңжылдық дерттің зарымен жер басып жүру – қарапайым пенде үшін өте ауыр нәрсе.

– Қалың оқырманға теологиялық жағынан емес, ақын ретінде ашыла бастаған Айнұр қыздың өлеңдері неге мұңға толы?

– Біздің буынның тағдыры өте ауыр. Біз тұтастай құрбандыққа шалынған буынбыз. Біздің алдымызда жетпіс жыл дінсіздікті көрген, небір қиянатты бастан өткерген буындар бар. Рас, әр заманның өз зауалы болады. Бірақ, біздің буын-ға жасалған қиянат өте ауыр. Біз тәуелсіз елде айдың күні аманында рухани тәуелділікке ұшырап, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп бара жатқан тағдыры телім-телім, рухы жырым-жырым болған ұлттың рухын бүтіндеу жолында тырмысып жүрген буынбыз. Біз ізін басып келе жатқан алдымыздағы аға буын мен кіші буын да бар. Бұл мәселенің оларға да қатысы бары түсінікті. Менің сорым осының барлығын жүрекпен сезінетіндігімде деп ойлаймын. Бірақ, осы сордан біреулер сабақ алса, өлмейтін рух қайталанып жатса, демек, бұл мақсаттың орындалғаны.

…Ақындар азса қоғамда,

Күтеді ел кімнен  қасиет?

Аңсар ма абзал адамға,

Құмарлық, қылжақ, кекесін.

Онсыз да ойсыз ғаламға,

Арсыздық үстем етесің…

Осы өлеңіңіздің шығу тарихына тоқталып отырып, «ақындармен араласпаймын» деп қалдыңыз…

– Иә, оныңыз рас. Өз басым «ақын» деген сөздің өзін оңды-солды пайдалана беруден қашамын. Себебі, шайырлар – өзгенің көрмегенін, білмегенін сезінуші. Ақындармен араласуға бәлкім, мен өзімнен артылмадым. Күйігімнен артылмадым. Сорыма қарай дүниеге келмей жатып кітапханада өскен адаммын. Анам қырық жыл кітапханашы болды. Аяғым шыққан кезден бастап анам жетелеп кітапханаға апарған. Және сол кітапхананың алдында анам су алатын бұлақ бар-тұғын. Әлі күнге дейін сол кітапхананы қайталана беретін түсімде көремін. Анам су алатын бұлақ түсімде Қазақстанға ғана емес, әлемге тасып жатады. Одан кейін көретін түсім аспан, көл.

Қалай десек те, бізді абыздар мен аңыздардың рухы тәрбиеледі. Ертегілер елінде өстік. Рас, менің өлеңдерім де ауыр. Өмірім де ауыр. Керемет көңілді нәрсе айта алмаймын. Сол қорғасындай ойлардан оқырманым жеңілдетіп өзіне керегін алса, мақсаттың орындалғаны.

 

Сұхбаттасқан: Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Ғасырдың ұлы, қайдасың?!

Құндылықтарың құнсыздап,

Құрдымның жайлап жиегін,

Құмыққан кегі құр сыздап,

Есіл де елге ие кім?!

Үлгіме тұтар үрдіс жат,

Тұғырсыз туған тұл емен.

Тектіден қалған туды ұстап,

Бұрар ма көшті бір ерен?!

…Тағдырдың таңы бозармай,

Таптырмай түнек жоғымды,

Көкжиек жақтан көз алмай,

Күтумен келем жолыңды…

Парасатты ерім, пір тұлғам!

Ер салсаң атқа елтінжал,

Ұл ермес болса ұлтымнан,

Сабыңда тұрар сертім бар!

Белгіңді білдір, бекем ер,

Жарағын жұртың сайласын.

Ғаламның рухын көтерер

Ғасырдың ұлы, қайдасың?!

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз