ҒАСЫРЛАРДЫ ЖАЛҒАҒАН АЛТЫН КӨПІР

Астанадағы  Ұлттық  мұражайды  осылай  атауға  әбден  болады

Астана қаласында өткен жылы бой көтерген ұлттық мұражайдың рөлі ерекше. Қазақ елінің өткені мен бүгінгі жетістігін паш ететін нысанның ашылуы барлық қазақстандықтар үшін айтулы оқиға болды. Астанаға іссапарлардың бірі барысында біздің тілшіміз аталған мәдени нысанда арнайы  тапсырмамен болып қайтты.

Эрмитаждан кем емес

Көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық мұражай   қазірдің өзінде Ресейдің Эрмитажымен, Францияның Луврымен, Американың Метрополитен музейімен бірге әлемнің ірі экспозициялары ондығының қатарына кіреді. Тоғыз қабаттан тұратын нысанда Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінге дейінгі археологиялық, этнографикалық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Мұражайдың алдында ат үстінде қаруланған қазақ батырлары бейнесінің орнатылуының өзі көп нәрсені аңғартады.

Ұлттық мұражайдың экспозициялық кешендерінде Астана, Тәуелсіз Қазақстан, алтын, ежелгі және орта ғасыр тарихы, этнография, тарих, заманауи өнер залдары бар. Мұның бәрі халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Мәселен, заманауи көрме технологиялары көзге ерекше ілікті. Соның ішінде бірегей иілгіш экран, медиа-едендегі бүгінгі Астананың серпінді макеті асқан шеберлікпен жасалған.

Мұнда ең алдымен Астана қаласындағы төрт мезгілдің көрінісі көрсетіледі, одан әрі назар орталыққа ауады. Еден деп тұрғанымыз, ортасынан ашылып, Астананың ең маңызды объектілерінің макеттері шыға бастайды. Ол шаһар бой көтермес бұрын Сарыарқада тек жазық дала болғанын, одан кейін кішігірім елді мекендер, сонан соң қалашық, соңында бас қаланың құрылысы салына бастағанын, ал, бүгін Қазақстанның астанасына – бас қалаға айналғанын көрсетеді.

Мұражай құрылысының дизайны да ерекше. Әсіресе, көне экспонаттарды мультимедиялық технологиялар арқылы көрсетудің жаңа тәсілдерін қолдану – заманауи жетістік.

Бір айта кетерлігі, мұражайға келушілер үшін «Ұлы Жібек жолымен саяхат» атты мерекелік серуен ұйымдастырылады. Онда Түркістан, Сауран, Испиджаб, Тараз, Сығанақ, Ақмешіт, Отырар, Суяб сияқты Жібек жолы өткен Қазақстандағы орта ғасыр қалаларына саяхат жасағандай боласыз.

Мұражайдың бірінші қабатында жарық шамдары ретінде алып алтын құс ілінген. Бір қызығы, ол Елбасының дауысымен басталатын тұсаукесер кезінде құс қанатын жоғары-төмен баяу қағады. Ал, жұмыс уақыты аяқталып, мұражай жабылар алдында, кең фойеде әуен қосылып, шамдар сөндіріледі, шұғылалы шоу –  алтын құстың самғауы басталады. Оның үстінде алтын шар ілініп тұр. Алыстан қарағанда бұл екі экспонат Қазақстан туындағы фрагменттерді еске түсіреді. Бұл әдемі де, әсерлі көріністі қызыға тамашаламайтын адам жоқ шығар?!

Мұнда Қазақ елінің өткені мен бүгінін саралайтын жәдігерлер өте көп. Алтындар, көне дәуір және орта ғасырлар тарихы, этнография залдарын тұстастай аралап шыққанда Қазақ елінің жүріп өткен тарихымен толық танысып шығасыз. Бұл, әсіресе, шетелдік меймандар үшін Қазақ елінің мәртебесін арттыратын ең маңызды нысан.

Алтындар залында бұдан 45 жыл бұрын Алматыға таяу Есік қорғаны қазбаларынан табылған атақты Алтын адамның бұйымдары қойылған. Екінші алтындар залынан Қазақстан аумағында табылған алтын жауынгерлердің киімдері мен уақ-түйек әшекейлері орын алған.

 Айта кету керек, мұнда экспонаттар елдің әр өңірінен әкелінген. Мұражайда заманауи технологияларға ие арнайы зертханалар мен ғылыми орталықтар ашылған. Олар тарихи жәдігерлерді сақтау, оны зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, жеке коллекционерлер өзіндегі құнды дүниелерін мұражай қорына тапсыра алады. 

Мұражай және Елбасы

Әлбетте, экспозиция алаңы 14 мың шаршы метрді құрайтын ұлттық мұражайда көне заттардан өзге, қазіргі заманның  экспонаттары да орын алған. Олар қазіргі өнер залына ғана емес, Астана және Тәуелсіз Қазақстан залдарына қойылған. Бұл жерде жоғарыда айтқан шаһар құрылысының үлкен макеті орналасқан зал келесі залға ұласып, оларды Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі біріктіріп тұрғандай әсер аласыз.

Тәуелсіз Қазақстан залында  елдің  тәуелсіздік тарихы тек қана Елбасының жеке тұлғасы арқылы бейнеленген: кездесулер мен марапаттар, оқиғалар – барлығы да Мемлекет басшысының қатыстырылуымен көрсетілген. Экспозицияларды Көшбасшымыздың түрлі фотосуреттерімен толықтырған.

Таңдай қақтырарлық бұл нысанның салтанатты ашылуына Елбасы өзі қатысқан. Орта Азияда теңдесі жоқ мәдени нысанның алғашқы қонағы ретінде Президент өз қолтаңбасын қалдырып, қыш тақтаға «Рухы биік халықтың іргесі биік» деп ойып жазған. 

«Мұражай түні»

Ерекше мазмұнға ие болған мұражай бүгінде ілкімді істерге қадам басты. Айта кету керек,  мұнда биыл алғаш рет «Мұражай түнінің» ұйымдастырылуының да үлкен мәні бар.

Интернет желілеріндегі мәліметтерге сүйенсек, алты сағатқа созылған бұл мерекелік шараға 23 мың адам қатысқан. Орталық Азиядағы аса ірі шара саналған «Мұражай түні» халықты өткенін саралап, бүгінін бағалауға бағыттайды. Сондай-ақ, елдің бірлігі мен құндылықтарын насихаттауға, сол арқылы Елбасының «бір мақсат, бір мүдде, бір ел»  идеясына  топтасуына үндейді.

«Мұражайдағы түн» маған ерекше ұнады. Онда экспонаттарды бүтiн қалпында бүлдiрмей сақтауға және келушiлердiң жәдiгерлердi еркiн тамашалауына барлық жағдай жасалған. Ең алдымен, мұражай ішінде алғашқы адам, сақ патшайымы, қазақ батырлары, сәукелелi қалыңдық сынды арнайы киім киген кейiпкерлер жүрiп өтті. Жиналған жұрт, сонымен бірге, Ұлттық мұражайдың аспанында алып қыран құстың қалықтағанына куә болып, Қазақстан картасы үлгісіндегі үлкен медиа-экраннан еліміздің жазиралы жазығы мен сайын даласына виртуалды саяхат жасады. Одан әрі мұражай қорындағы барлық жәдігерлермен танысып шығуға мүмкіндік туды» дейді біз тілдескен мерекелік шараға қатысып, мұражай түнін тамашалаушы аймақтағы Қарабау орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі Ізғали Қаби.

Тағы бір айта кетерлігі, биылғы атаулы даталар мұражайдың басты тақырыптарына айналды. Бүгінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және Ата заңымыздың 20 жылдығына айрықша назар аударылып, ол интерактивті жобалар арқылы кеңінен насихатталуда. Бұдан басқа, мәдени-ағарту, ғылыми-әдістемелік, танымдық-ұйымдастыру шаралары, ғылыми конференциялар, «дөңгелек үстел», баспасөз конференциялары, рухани, мәдени жиындар ұдайы өткізіледі. Сондай-ақ, жәдігерлер қатарын толықтыру мақсатында жыл аяғына дейін «Ұлттық мұражайға сый тарту» атты акция қолға алынған. Қорыта айтқанда, бұл ғажайып орын – ғасырларды жалғаған алтын көпір.

Алтыншаш  ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз