ҒАСЫРЛАР ҚОЙНАУЫНАН ЖЕТКЕН СЫР

Жуырда Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ауылдық, қоғамдық және аудандық негізгі мұражайлардың қызметін жетілдіру мақсатында «Мұражайларда мәдени шараларды ұйымдастыру және жәдігерлер негізінде баспа өнімдерін дайындау жолдары» атты семинар-тренинг өтті. Мұражай қорындағы сәндік әшекей бұйымдардан «Айшықты асыл мұралар» деген тақырыпта уақытша көрме ұйымдастырылды.  Семинар өз жұмысын көрменің ашылуынан бастады. Шараны Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Рашида Харипова кіріспе сөз сөйлеп ашты.

 

Мұражай басшысының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Күміс Аймұқанова «Мұражайлық коллекцияларды баспаға  дайындау жолдары» атты баяндамасында мұражайға тапсырылатын коллекциялық бұйымдардың дайындалу жолдарынан қызықты ақпарат берді. Ал, археология ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Айбек Тұрарұлы «Қола айналар материалдық мәдениет және салт-дәстүр субъектісі ретінде көрме экспозициясында» деген еңбегінде қола айналардың қай дәуір, қандай мәдениетке жататындығы жөнінде айтты.

Этнография және өлке табиғатын ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Самал Молдашева «Мұражайда салт-дәстүрдің насихатталуы» туралы зерттеуінде экспозицияға қойылған тұрмыс-салт бұйымдары, олардың тарихы жөнінде көпшілікті хабардар етті. «Ауған соғысы ардагерлері туралы мұражай қорын толықтыру және мәдени шараларды ұйымдастыру тәсілдері» тақырыбына жасаған ғылыми жұмысында жалпы және қазіргі кезең тарихын ғылыми-зерттеу бөлімінің маманы Жанат Жетпісбаева мұражайдың жаңа жоспары, ауған соғысына қатысқан ардагерлерден жәдігерлер жинау туралы мәлімет берді.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз