ӘРІ ТӘРБИЕШІ, ӘРІ АНАМЫЗ

Уақыт, шіркін, неткен ұшқыр десеңізші?! Жүйріктей желпіген жылдардың жетегінде жастық шағым, жарасымды тірлігім өте шыққанын сезбей де қалыппын. «Бала – балқыған қорғасын» деген Абай даналығын көкірегіме түйіп, санама сәуле енгізген ұстаз мамандығын таңдағанда дәл осы балалар үйінде жұмыс жасаймын деп ойлаппын ба?! Телегей теңіз толқынында аласұрып, жағалауға ұмтылған таудай таласа-тармасқан, көздері жәудіреп, жанарлары мұңға толған, жүректерінде сағыныш оты маздаған бейкүнә сәбилер ортасына келгелі де біраз жылдың жүзі болды.

 

Бүгін таңда бұл мекеме менің өз отбасыма айналып кеткендей. Ол – Атырау қаласы Геолог кентінде орналасқан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың тәрбиеленетін үйі – отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылы. Мен жан сарайымды жібіткен тәрбиенің үлгісін, ащы ақиқаттың нақты көрінісін осында жүріп үйрендім.Тәрбиеленіп  жатқан қырық баланың жетеуі менің отбасыма топтастырылған. Әрқайсысының өзіндік арманы, өмірге деген құлшынысы бар.  Олардың әрбір басқан қадамы мені алға жетелейді. Сөйтіп, мен жанымдағы балауса балғындарға рухани құндылықтарды дарытқым келеді. Жаны таза, ақ парақтай көңілдегі балақандарды тек жақсылыққа ғана үндесем, ізгілікке қана үйретсем деймін. Әр жүректің лүпілін тыңдап, олардың шын мәніндегі досы, жолдасы бола білсем, қиналғанда қастарынан табылар жанашыр аналары болсам екен деп армандаймын. 

Сіз жылт-жылт еткен шырақтың маздап жанғанын байқадыңыз ба? Міне, дәл осыны мен шәкірттерімнің бойынан көрдім. Асылбек деген шәкіртім суретші, әрі көркемсөз шебері болса, Айсағалиым – спортшы, Анель ән айтса, Айгерім бірінші кезекке еңбекті қояды. Олардың бәрі де өз қалауларымен іс тігеді, қолөнер бұйымдарын жасайды. Ұйымдастырылып тұратын түрліше жобаларға қатысушы балаларды жеңіс тұғырынан көргенде, мен кәдімгідей марқайып қаламын. Сондай сәтте: «Апырмай, осыны олардың өз аналары мен әкелері көрер ме еді!» – дейтінім де жасырын емес. Басыма түрлі ой келіп, оларды құшағыма алып қысамын. Көңілдерін аулап, кішкене балғындарым мынау үлкен өмірден өз орындарын тапса екен деп тілеймін. 

Жәудірей қарап отырған балалардың жігеріне жалын беріп, көкірек көкжиектерін кемелдендіруге үлес қоссам, ұстаздық мақсатымның орындалғаны емей немене?! Осы орайда мен барша баланың шынайы қамқоршысына айналған «Шаңырақ» ауылының басшысы Гүлсара Аманғалиқызына алғысымды білдіремін.  Өзім секілді ана-тәрбиешілерге: «Жаны жабырқау ұл-қызды тәрбиелеу міндетіне ие болған біз қандай бақыттымыз, тек сол сенімнен шыға білейік, әріптестер!» дегім келеді.

Жаңылсын ҚУАНЫШКЕРЕЕВА,
облыстық отбасы үлгісіндегі «Шаңырақ» балалар ауылының
№5 «Жастық шақ» 
отбасының ана-тәрбиешісі.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз